Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей саласы елдің мәдени-рухани дамуы мен тарихи мұрасын сақтау үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде жаһандану мен цифрландыру үдерісі мәдениет саласына да жаңа талаптар жүктеп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы мәдени мұраны цифрландыруға ерекше көңіл бөлетіні де сөз етілді.
«Ұлттық мұрамызды сақтау, ғылыми айналымға енгізу және кең аудиторияға қолжетімді ету – мемлекетіміздің мәдени саясатының басым бағыттарының бірі. Музей саласын цифрландыру оның халықаралық деңгейде танылуына және насихатталуына ерекше әсер етері сөзсіз», деді А.Балаева.
Бүгінде елімізде 280-нен астам республикалық, өңірлік музей және музей-қорық жұмыс істейді. Музей қорларында 4,5 миллионнан астам экспонат сақталған. Музейлерге жыл сайын 6 миллионнан астам адам келеді.
Айта кетейік, E-museum порталы еліміздегі музей қорларын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді. Аталған жоба мәдени құндылықтарды ғылыми тұрғыда сипаттап, халықаралық мәдени кеңістікте таныстыруды мақсат етеді. Сондай-ақ шетелдік музейлермен, ғылыми орталықтармен, мәдени ұйымдармен ақпараттық, ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты нәтиже көрсетті. Мәселен, 2023 жылы жүйеге 33 музей қосылды. 15 мыңнан астам музей экспонаты цифрлық форматқа көшіріліп, 50 үшөлшемді модель жасалды.
Ал 2024 және 2025 жылдар қорытындысы бойынша жүйеге еліміздің мемлекеттік музейлері толық енді. Жүйеге еліміздің барлық өңірінен 252 музей қосылды. Цифрлық каталогке 66 мыңнан астам музей қорының бірлігі енді. 750 үшөлшемді модель әзірленді. Бұдан бөлек көрерменге арналған музей экспозицияларынан тұратын 15 виртуалды тур бар.
Жаңа жоба өңірлік музейлердің әлеуетін арттырып, қашықтыққа қарамастан, мәдени мұраны қолжетімді етуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. E-museum жобасының дамуы еліміздің халықаралық мәдени имиджін нығайтуға сеп болады.