Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 08:38

Еңбек адамы – ел дамуының негізі

30 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Он екі айдың өзегінде еңбек адамдарының ерен істері, өнегелі өмірі мен толағай еңбегі сараланды, бағаланды. Ауыр жұмысты арқалап жүрген азаматтар әрдайым төрден орын бұйырып, құрметке бөленуге тиіс.

Еңбек адамы –  ел дамуының негізі

Астанада өткен Жұмысшы маман­дықтары жылының қорытынды іс-шарасында бірқатар азамат еңбегінің өтеуі­не бұйырған құрмет пен қошеметке кенеліп, мемлекеттік награданы кеуде­сі­не тақты. Іс-шараға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, «Аmanat» партиясының, жергілікті атқарушы органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жұмысшы мамандықтары жылын қорытындылау шеңберінде еңбек ұжымдарының үздік өкілдері мен  белсенді жұмысшы жастарға құрмет көрсетілді. 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин еңбек адамдарына құрмет әрдайым жалғасын табатынын, еліміздің әлеуетін нығайтуға әр салада тер төгіп жүрген жандар зор үлесін қосқанын атап өтті. 

– Біз жұмысшы мамандықтары жылы­ның қорытындысына арналған форумға жиналып отырмыз. Бұл жай ғана күн­тізбелік жылдың аяқталуын білдірмейді, адал еңбекті әлі де дәріптейтін, еңбек адамын одан әрі құрметтеуге шақыратын бірегей іс-шара. Бүгінгі айтылатын әңгіме де, құрмет те ел дамуының негізгі қозғаушы күші – сіздерге арналады. Биылғы жыл еліміз үшін табысты болды. 11 айдың қорытындысында экономикамыз 6,4% өсім көрсетті. Отандық зауыттарда 147 мың автокөлік құрастырылды. 17 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Денсаулық сақтау саласында 219 жаңа нысан бой көтерді. 130 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан 173 өндіріс іске қосылып, 22 мың жұмыс орны құрылды. Диқандарымыз екінші жыл қатарынан рекордтық көлемде – 27 млн тонна астық жинады. 13 мың шақырым жол реконструкцияланып, жөндеуден өтті. Ұзындығы 836 шақырым «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Мұның барлығы құр ақпарат, жай статистика емес. Артында мыңдаған адамның орасан еңбегі тұр. Олар – қарапайым жұмысшылар, инженерлер, механизаторлар, құрылысшылар, энергетиктер, технологтер, диқандар, басқа да салада еселеп еңбек еткен азаматтар. Барша жетістік ел азаматтарының көзге көрінбейтін күнделікті ортақ жұмыстарының жемісі. Мыңдаған студент сұранысқа ие мамандықтарды игеруде тегін білім алып жатыр. Колледждердің материалдық техникалық базасы жаңар­тылды, бүгінде техникалық, кәсіптік білім беру жүйесіндегі түлектердің басым көпші­лігі жұмысшы мамандықтардың өкіл­деріне айналды. Кейінгі жылдары мемлекеттік наградалар жүйесі жаңартылды, жаңадан 9 салалық құрметті атақ енгізілді. Мемлекет басшысы биыл кәсіби мерекелер аясында энер­гетиктерді, құтқарушыларды, мұғалімдерді, мұнайшыларды, дәрігер­лерді, су шаруашылығы саласының қызметкерлерін, ауыл шаруашылығы, мамандарын Ақордада арнайы қабылдап құттықтады. 24 кәсіби мереке мен еңбек күнін кең көлемде атап өту игі дәстүрге айналды. Биыл Президент Жарлығымен 130-ға жуық жұмысшы мамандық өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Мұның барлығы еселі еңбекті қадірлеуге бағытталған маңызды қадамдар. Еңбек адамы мемлекеттік саясаттың басты назарында, – деген Мемлекеттік кеңесші қоғам әрқашанда еңбекті ерекше қадірлейтінін жеткізді. – Кәсіби мамандарды дәріптеу алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса бермек. Жұмысшы мамандықтары жылы аяқталып жатқан жоқ, бұл елімізде еңбек адамдарына құрмет көрсететін жаңа кезең басталғанын айғақтайды. Баршаңызға – зауыттар мен шеберханаларда, құрылыс алаңдары мен егіс даласында, шахталар мен энергетика нысандарында, көлік, коммуналдық салаларда еңбек етіп жүрген азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздердің адал еңбектеріңіз реформаларды нәтижелі етеді, елдің тұрақты дамуына әділетті қоғам құруға жол ашады, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Мемлекеттік кеңесші содан соң Президенттің Жарлығымен мемлекеттік награда алған еңбек озаттарын көпшілік алдында марапаттады.

Салтанатты жиында Премьер-ми­нистрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еңбек озаттарын құттықтады.

ебек

– Еңбек адамы – ел дамуының негізі, қоғамның қозғаушы күші. Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп аталып, еңбек адамының қоғамдағы рөлі айшықталды. Отанымыздың өсіп-өр­кендеуіне зор еңбек сіңіріп жүр­ген жұмысшы қауымға құрмет көрсе­тіліп келеді. Бүгін біз осы бағыттағы жұмыс­тардың нәтижесін саралап, қорытын­дылауға жиналып отырмыз. Іске асқан әрбір жобаның, салынған әрбір нысанның, шығарылған әрбір өнім­нің артында еңбегі еселі, қызметі қалып­ты жандардың тұрғаны анық. Сон­дық­тан жыл бойы жұмысшы маман­дардың беделін арт­тыруға, кадрлар даярлау жүйесін дамыту­­ға, білім беру мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығай­туға ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында адал әрі білікті еңбеккерлердің беделін арттыру қажет­тілігін атап өтті. Жұмысшы маман­­­дықтары жылы бір жолғы бастама емес, ұзақмерзімді стратегиялық маңы­зы зор игілік. Бүгінде ел экономика­сында жұ­мыспен қамтылған 3,3 млн адам жұмыс­шы мамандықтары бойынша еңбек етіп жатыр, – деген А.Балаева жұмыс­шы ма­ман­дық иелері екі мыңға жуық түрлі тех­ни­ка­лық кәсіптерді қамтып отырға­нына тоқ­талды. Бүгінде елімізде колледждерде, жоғары оқу орындарында цифрлық плат­формалар мен әлеуметтік саланы бірік­тіретін кәсіптік кадрларды даярлайтын тұтас экожүйе қалыптасқанын тілге тиек етті.

Биыл маңызды әрі негізгі басым­дықтардың бірі есебінде жастарға ерекше назар аударылып отыр. Жұмысшы маман ретінде еңбекпен қамтылған жастардың саны 1 млн 200 мыңға жетті. Жұмысшы кәсіптердің ішінде кең танымал мамандықтар бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын фермерлер – 57 мың, дәнекерлеуші – 25 мың, автокөлік құралдарын жөндеушілер мен слесарьлар – 16 мың адам. Бұл бір бөлігі ғана, 4 мыңға жуық кәсіпорын болашақ ұрпаққа арналған ашық есік күндерін өткізді. Бұған 113 мыңнан астам оқушы мен студент қатысты. Жұмысшы мамандарды қолдау алдағы уақытта да жалғаса береді. Еңбек беделін арттыру, кәсіптік білім беру мен тәлімгерлікті дамыту бастамалары әрдайым күн тәртібінде. Кадрлық әлеуетті тұрақты дамытып, еңбек етуге лайықты жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Техникалық, кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту қарқынды түрде жалғасады. Жасанды интеллект енгізіліп жатқан жоғары технологиялық өндірістерге мамандар даярлау бас­ты назарда болады. Колледждерге қабыл­дауды одан әрі ұлғайту, сондай-ақ кәсіп­орындардың өнімдеріне қарай кадрларды мақсатты даярлау мемлекет тарапынан тұрақты әрі үздіксіз қолдау табады. Жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттыру мақсатында мектептен бастап ауқымды кәсіптік бағ­дар­лау жұмысы жалғасады. Дуалды оқы­ту деңгейін дамытып, әлеуетін арттыру бизнеспен әріптестікті нығайтудың ма­ңыз­ды бағыттарының бірі. Алдағы уақыт­та бұл игі бастама да жалғасын табады.

– Кадр даярлаудың халықаралық стандартын енгізу, студенттер мен педагог­тердің академиялық мобильділігін арттыру, колледждер базасында халықаралық кәсіптік білім беру ұйымдарының жаңа филиалдарын ашу жалғасады. Біздің стратегиямыздың бір бағыты – техника­лық, кәсіптік білім беру жүйесі педагог­тері­нің кадрлық әлеуетін дамыту. Прези­дент Қ.Тоқаев экономиканың тұрақты дамуы өнеркәсіптің, құрылыстың, көліктің, энергетиканың, сондай-ақ аграрлық сектордың өркендеуі білікті жұмысшы кадрларға тікелей байланыс­ты екенін атап өтті. Алдағы бес жылда жұмысшы мамандықтар биыл басталған барлық институционалдық жаңалықты жалғастырудың қуатты күшіне айналады. Жұмысшы кадрларды дамытуға қатысты жүргізілген жұмыстар мемлекеттің, бизнестің, білім берудің, сонымен қатар қоғамның ортақ жауапкершілігін айқындады. Осы міндеттерді дәйекті іске асыру экономиканы жаңа буынның білікті кадрларымен қамтамасыз етуге, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақты дамуын нығайтуға мүмкіндік береді, – деді А.Балаева.

Құттықтау сөзінен кейін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі бірқатар еңбек адамына мемлекеттік марапаттарды салтанатты түрде табыс етті.

«Еңбек жолы» республикалық бай­қауы жыл сайын екі кезеңде – өңірлік, рес­пуб­ликалық деңгейде, үш аталым аясында ұйымдастырылады. «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас қыз­мет­кері» аталымдарына биыл 546 өтінім түскен.

Байқаудың өңірлік кезеңінің жеңім­паздарын облыстар мен республи­калық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары төрағалық еткен комиссия анықтады. Республикалық кезеңінің жеңімпаздарын Парламент депутаттары, «Атамекен» ҰКП, «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері мен Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігі жанын­дағы комиссия саралады.

«Үздік еңбек әулеті» аталымында Шығыс Қазақстан облысынан Деминдер әулеті («Казцинк» ЖШС, Риддер тау-кен металлургия кешені) жеңімпаз деп танылды. Жүлделі ІІ орынды Қарағанды облысынан Волокитиндер әулеті («Qarmet» АҚ), ІІІ орынды Түркістан облысынан келген Дербісовтер әулеті («Қазақстан темір жолы» АҚ) олжалады.

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында Қостанай жылу энергетикалық компаниясының электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электрмонтері Ришат Фасхутдинов жеңімпаз атанды. ІІ орынды Ұлытау облысының «Қазақтелеком» АҚ электрмонтері Дулат Құрманбеков, ІІІ орынды Солтүстік Қазақстан облысынан Металл конструкцияларын құрастыру жөніндегі зауыттың 3-разрядты слесарі Асылтас Кабошева иеленді.

«Өндірістің үздік жас қызметкері» аталымында Алматы облысындағы «Фирма «Бент» ЖШС краншысы Дильфуза Бақытжанова (19 жаста) үздік деп танылды. ІІ орынды Абай облысынан «Востокцветмет» ЖШС тау-кен шебері Айбар Айдарұлы (26 жаста), ІІІ орынды – Ақмола облысындағы «Семізбай» ЖШС 5-разрядты химиялық талдау зертханашысы Аяжан Жамкенова (22 жаста) алды.

«Өндірістің үздік жас қызметкері» аталымында жүлделі ІІ орынға ие болған Абай облысынан келген Айбар Айдарұлы кенші. «Мұндай сый-құрметке кенелемін деп ойлағаным жоқ», дейді толқынысын жасыра алмай.

–Үйдегі жалғыз ұлмын. Алдымда әпкем, ізімнен ерген қарындасым бар. Әкем де кенші болып еңбек етті. Өкінішке қарай, менің жетістігімді көре алмады, бірер жыл бұрын ауыр науқастан дүние салды. Әкемнің ізін жалғап, «Востокцвет» ЖШС-нде тау-кен шебері болып еңбек етіп келемін. Жұмыстың оңайы жоқ. Күнделікті мың метрге дейін тереңге бойлап жер астындағы шахтаға түсеміз. Ауысыммен жұмыс істейміз, түнгі ауысым ауырлау. Себебі ұйқы қысады, көзің талады, күш-қуатың да екі есе сарқылады. Дегенмен де өз жұмысымды ерекше құрметтеймін, – дейді 26 жастағы кенші.

Сонымен қатар биылғы Жұмысшы мамандықтары жылын дәріптеуге орай ұйымдастырылған «Ерлік пен еңбек дас­таны» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай қомақты сыйақы табысталды. Салтанатты іс-шара аясында «Аmanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Жұмысшы жастар аманаты» жобасының қатысушыларына Құрмет грамоталарын табыс етті. 

Соңғы жаңалықтар

Абай және жас ұрпақ

Абай • Бүгін, 19:55

Жаңа жылдың тарихы қандай?

Қоғам • Бүгін, 18:30