Фото: ашық дереккөз
«Отбасы банк» 24 мамырдан бастап кезекте тұрғандарды есепке алып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға баспана бөлумен айналысып келеді.
Банк ұзақ жылдан бері кезекте тұрған және мемлекеттік қолдауды күтіп жүрген адамдардың наразылығын түсінетінін айтты.
«Тұрғын үйді бөлу кезінде «Отбасы банк» заңнама талаптарын қатаң сақтайды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында меншігінде тұрғын үйі болмаған азаматтарға ғана жалдамалы және несиелі тұрғын үй беріледі. Тексеру барысында кезекте тұрған адамның немесе оның отбасы мүшелерінің пәтерде не үйде үлесі бар екені жиі анықталады. Айта кету керек, «Отбасы банк» азаматты кезектен шығармайды. Ол тек тұрғын үйді бөлуге қатысуын уақытша тоқтатады. Бұл – уақытша шара», деп түсіндірді банк.
Үлеске қатысты мәселені шешу үшін «Отбасы банк» Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жүгінді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдармен бірлесіп шешім іздестіріліп жатыр.
Банкте шын мәнінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтар үшін әділ шешім табуды көздеп отырғандарын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін елімізде тұрғын үй кезегін жеделдету мақсатында жаңа ереже енгізілгенін жазған едік.