Экономика • 25 Желтоқсан, 2025

2026 жылдан бастап көлікті тіркеу ақысы қалай өзгереді?

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болып белгіленуіне байланысты, автомобильдер мен коммерциялық техниканы алғашқы тіркеу алымының құны өседі. Төлем мөлшері көліктің қозғалтқыш түріне және зауыттан шыққан жылына тікелей байланысты болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

2026 жылдан бастап көлікті тіркеу ақысы қалай өзгереді?

Фото: istockphoto.com

Жаңа ережелерге сәйкес, электромобиль иелері үшін ең төменгі тарифтер сақталады. Шыққанына 2 жыл толмаған электромобильді тіркеу небәрі 1 081 теңге болса, 3 жылдан асқандары үшін 1 081 250 теңге төлеу қажет.

Дәстүрлі қозғалтқышы бар жеңіл көліктер (М1) үшін алым мөлшері төмендегідей:

  • 2 жылға дейінгі жаңа көліктер: 1 081 теңге (0.25 АЕК);
  • 2-3 жыл болғандар: 216 250 теңге (50 АЕК);
  • 3 жылдан асқандар: 2 162 500 теңге (500 АЕК).

Автобустар мен жүк көліктері үшін (ершікті тартқыштарды қоспағанда) ескіру мерзіміне қарай төлем 1 081 теңгеден басталып, 5 жылдан асқан техникалар үшін 10,8 млн теңгеге дейін жетеді.

1 қаңтардан бастап салық реформасы күшіне енеді

Айта кетерлігі, жаңа Салық кодексіне сәйкес, халықаралық тасымалмен айналысатын компаниялар үшін жеңілдік қарастырылған: 2028 жылға дейін шыққанына 7 жыл болған N3 категориясындағы ершікті тартқыштар үшін алғашқы тіркеу алымы алынбайды.

Сонымен қатар көлік иелері алғашқы тіркеу ақысынан бөлек техпаспорт (1.25 АЕК) пен мемлекеттік нөмір (2.8 АЕК) үшін жалпы сомасы 17 516 теңге төлейтінін есте сақтауы тиіс. Көліктің жасы зауыттық тақтайшада көрсетілген шыққан жылы бойынша есептеледі.

Соңғы жаңалықтар