Алматыда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде толық автоматтандырылған қызмет көрсету кітапханасы ашылды. Өзіне-өзі қызмет көрсететін Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орнындағы заманауи форматта жұмыс істейтін кітапхана алғашқы оқырмандардың тапсырын қабылдады.
Бүгінде Алматы қаласы автономды кітапхана стансаларын енгізу бойынша көш бастап тұр. Мегаполисте осындай 26 жүйе жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, бұл тәжірибені университеттік ортаға енгізу жоғары білім беру тарихын жаңғыртты деуге болады.

Автоматтандырылған станция білім алу процесін қолайлы әрі жылдам орындауға бағытталған. Егер классикалық абонемент жұмыс кестесіне тәуелді болса, жаңа жүйе кітапты санаулы секундтар ішінде алуға немесе қайтаруға мүмкіндік береді. Ол үшін пайдаланушыға жеке оқырман билетін қолдану жеткілікті. Жүйе әдебиетті бірден анықтап, деректерді оқырманның цифрлық профилінде жаңартады.
Кітапхананың ашылуында Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ ректоры, академик Сәлима Құнанбаева: «Бүгін университет Мемлекет басшысы алға қойған білім беруді цифрландыру міндеттерін іске асыру жолында маңызды қадам жасады. Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғаш рет автоматтандырылған кітапхананың ашылуы жай ғана инфрақұрылымды жаңарту емес, білім тұтыну мәдениетінің түбегейлі өзгеруі. Біз студенттер үшін заманауи технологиялар академиялық еркіндік пен әлемдік ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ететін интеллектуалды экожүйе құруға ұмтыламыз. Өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханасы университетіміздің ашықтығы, сенім мен инновациялық даму бағытының символы», деп жаңа жүйенің стратегиялық маңызын атап өтті.
Жоба кітап қорын пайдалану үрдісін оңтайландырып қоймастан, заманауи және интуитивті форматтар арқылы жастардың оқуға деген қызығушылығын арттырады. Кітапты тегін пайдаланумен технологиялық мүмкіндіктер стансасы университеттегі ең тартымды орталыққа айналары сөзсіз. Өзіне-өзі қызмет көрсету кітапханасы оқу процесі мен ғылыми-зерттеу қызметін қолдаудың маңызды құралына айналып, жоғары оқу орнының инновациялық білім беру орталығы ретіндегі беделін нығайта түседі.