Адалдың мүлкіне көз салып, оны иелену мақсатында сан түрлі қитұрқылықтарға баратын қара ниеттілердің қатары азаймай тұр. Тіпті, жетім мен жесірді де «жемтік» көретін алаяқтар адамдық сезімінен мүлде ада ма деп қаласың. Міне, соған нақты бір мысал. Алматы қаласының тұрғындары Бексұлтановтардың алдауға түсіп, құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырғалы бірталай уақыт өтіпті. Жәбірленуші ретінде тиісті орындарға жазған арыз-шағымдарының саны да, бүгінгі таңда, жүзге жуықтаған.
Мәселе түсінікті болу үшін әңгімені Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының сот залынан бастасақ. Жәбірленуші тарап – ағайынды Айбек, Әділет Бексұлтановтар. Ал сот залындағы айыпталушының орнында Серік Көкенов деген жас жігіт жалғыз отырды. Айбек пен Әділеттің әкесі Айдын Бексұлтановтың сот залында айтқан сөзінен ұққанымыз, адал еңбегімен тапқан қаражатына қос ұлына сатып алған Лексус GS-300 және КамАЗ 65115 жүк көлігін алдын ала сөз байласқан екі жігіт айлаларын асырып, олардан алып қойған. Айыпталушы С.Көкенов алдымен балаларының сеніміне кіріп, кейіннен көліктерді нотариус Р.Тауасарова арқылы тараздық кәсіпкер Асқар Көшербаевтан 10 млн. теңге аламын дегенді желеу етіп, «Сендер маған кепіл болыңдаршы», деп кепілге қоюға үгіттейді. Бүгінде Көкеновтің дегеніне көнген Бексұлтановтар уәде етілген ақшаны да, кепілге қойған өз көліктерін де қайтара алмай жүр. Дегенмен, бұл дауды, алдымен, бүгінде «алаяқтарға алданып қалдық» деп шырылдап жүрген Бексұлтановтар емес, Асқар Көшербаев бастапты. Өзін жәбірленуші ретінде көрсеткен Көшербаев «Ағайынды Бексұлтановтар менен 10 млн. теңге қарыз алып, қайтармай жүр», деп шағымданған. Бірақ, еш негізсіз жазылған арыз жайлы естіген Бексұлтановтар мәселенің мән-жайы мүлде басқаша екендігін айтып, жоғарыдағы А.Көшербаев пен айыпталушы С.Көкеновтің үстінен қарсы арыз жазады. Осылайша, Бексұлтановтар ақиқатында айыпталушы емес, керісінше, жәбірленуші екені анықталады. Бірақ Бексұлтановтар өздерінің адал екендіктерін дәлелдесе де, тегеуріні мықты тергеушінің алдында дәрменсіз күйге түскен. Олар енді өздерін тақырға отырғызған алаяқтық топтың толық құрамын құрықталғанын көрсек деген үмітпен Алматы қаласы Алмалы ауданы тергеу бөліміне жиі-жиі бас сұғатын болған.
Бұл туралы Айдын Бексұлтанов: «Шын мәнінде Асқар Көшербаев пен Серік Көкенов балаларымды алдап, көліктерімізді кепілге қойғызған. Бұл жалғыз Көкеновтің қолынан келетін іс емес. Сол себепті, біз Алмалы аудандық ІІБ-не Көшербаев пен Көкеновті жауапқа тарту туралы мемлекеттік тілде қарсы арыз жаздық. Біздің арыз бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ, бір емес, екі рет қазақша жазылған арызымызды Алмалы аудандық ІІБ-нің тергеушісі Мақсат Құрманбаев орыс тілінде қайта жазуға мәжбүр етті. Мұнысы аздай, ең басты күдікті Асқар Көшербаевты арыздан мүлде алып тастауға үгіттеп, тіпті, осыны талап етті. Біз көнбедік. Тергеушінің бұған дейін бірнеше рет сотты болған және шартты жазасын өтеу мерзімі әлі аяқталмаған Асқарды қызғыштай қорғауы біздің мәселеміздің күні бүгінге дейін заңды шешілуіне кедергі келтіруде. Ал сотқа тартылған Серік Көкенов тым жас, бұрын істі болмаған. Ал А.Көшербаев – мешіт тонап, аты шыққан алаяқ. Ол балам Айбекті осы Асқар мен оның сыбайласы Мақсат Молдашев деген жігіт қорқытып, «Лексус GS-300 көлігіңді тіркеуден дереу шығарып бермесең, өзіңді бауыздап, отбасыңды қырып саламыз» деп айтқандарын істеуге көндіріпті. Енді, осындай қылмыскердің бостандықта жүруі қоғамымызға қаншалықты қауіпті екенін ойлап көріңіздерші!», – дейді. Жәбірленушіге «Асқар Көшербаевты арыздан алып таста деп» әмір берген тергеуші өзінің бұл әрекетін А.Көшербаевтың Бексұлтановтардың үстінен жазған арызын кері қайтарып алуымен түсіндіріпті.
Осы жерде түсініксіз бір жағдай қылаң береді. Жарайды, Бексұлтановтар жоғарыда аталған көліктерін кепілге қойып, А.Көшербаевтан 10 млн. теңге алды делік, алайда, Бексұлтановтардың кепіл затының құны қарыз сомасына татымайды ғой. Оның үстіне ешқандай таныс-білісі жоқ адамдардың арасында осындай келісім болуы мүмкін бе? Тіпті, мұндай келісім болған күннің өзінде екі көліктің құнын қосқанда сол кезде 45 мың доллар болады екен. Ал 10 миллион теңгеміз бұрынғы валюта бағамымен есептегенде 70 мың долларды шамалайды. Заң тәртібі бойынша қарыз алу мақсатында кепілге қойылған мүліктің нарықтағы бағасы алынған қарыз көлемінің кемі 50 пайызын жабатындай болуы тиіс.
Шыны керек, алаяқтыққа қатысты қылмыстардың қай-қайсы адамның ақылына қонымсыз осындай сұрақтарға толы келеді. Қитұрқы әркеттердің астарында не жатқанын ұғу қиынның қиыны. Мысалы, жоғарыда сөз болған сот отырысында айыпталушы С.Көкеновтің үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты бүгінде Алмалы аудандық сотының үкімі шығып, Көкенов алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бір емес, бірнеше адамды алдап соққан С.Көкенов өз кінәсін мойындап, алаяқтық жолмен (Бексұлтановтардан басқаларына) жәбірленушілерден алған ақшаларын қайтарды. Ал Бексұлтановтардың кепілдегі көліктеріне қатысты дау ақыры шешілмеді. Себебі, Көкенов қылмыстық әрекеттің бұл эпизодын мойындамады. Сот залында 10 млн. теңгені алмағанын айтып, азар да безер болды. Алайда, дау басында бірнеше күн із-түзсіз жоғалып кеткен Көкенов Бексұлтановтардың Алмалы аудандық ІІБ-не жазған арызынан кейін ұсталыпты. Біраз уақыт қамауда отырып, кепілдікпен бостандыққа шығысымен дереу анасы Жанар екеуі Бексұлтановтардың отбасына барып, болған жайтқа байланысты кешірім сұрап, бүкіл қылмыстарын мойындаған. Бексұлтановтар бұл оқиғаны түгелдей үнтаспаға жазып алады. Яғни, Көкенов Бексұлтановтардың үйіне өз аяғымен барып, Айбек пен Әділеттің ақшаны көрмегенін, оларды алдап келісімшартқа қол қойдырғанын, А.Көшербаевты өзі тауып келіскенін, 10 млн. теңгені де өзі алғанын мойындаған. Сол мезетте сыбайласы Асқар Көшербаев екеуінің телефон арқылы тілдескені де үнтаспаға жазылған. Көрген, естіген куәгерлері де бар көрінеді. Соған қарамастан, таспаға жазылған жазбаларға да, көрген, естіген куәгерлердің сөздеріне де құқық қорғау органдары құлақ түрмепті. Бексұлтановтар: «Егер тиісті орындар таспамызды айғақ ретінде қабылдаса, осы қылмыстық топ ашылар еді. Алмалы аудандық сотында судьяның Көкеновтің сыбайласы «Көшербаев сот залында отырсын», дегені де жауапсыз қалды. Көшербаев сотқа Тараз қаласының ауруханасында ота жасалғаны туралы дәрігердің анықтамасын жіберіпті. Не мөрі, не сырқаты туралы дәрігер қорытындысы жазылмаған түсініксіз бір бет қағаз. Осының бәрін ескере келе, сот біздің ісімізді Алмалы аудандық прокурорына қосымша тергеуге жіберіп, 10.09.2014 жылы қаулы шығарды», дейді Бексұлтанов Алмалы аудандық сотының Көкеновке қатысты шыққан сот үкімін көрсетіп.
Жоғарыда Алмалы аудандық ІІБ-нің тергеушісі Құрманбаевтың мемлекеттік тілде жазылған арызды ресми тілде қайта жазғыздырғаны, Көшербаевты қалай қорғаштап жүргені туралы айтылды. Енді, дәл осы тергеушінің көмегімен Бексұлтановтарға тиесілі екі көліктің бірі Лексустың қалай сатылып кеткендігі туралы Айдын мырза: «Тергеуші Құрманбаев Алматы қаласы ІІД-нің подполковнигі Г.Дүйсемалиеваның атына Алмалы аудандық ІІБ тергеу бөлімінің басшысы подполковник Д.Нұрмұхановтың атынан тергеу қажеттілігіне байланысты тоқтамда тұрған, криминалды көліктерді арестен шығару жөнінде жалған рапорт жазып, өзі қол қойып, даулы көліктерге қатысты тергеу ісінің әлі аяқталмағанына қарамастан, Реймова деген ханымға Лексусты шығарып берген. Осылайша, тоқтамда тұрған көлігіміз қолдан-қолға сатылып кетті», – деді.
Айтпақшы, «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» демекші, Асқар Көшербаев өткен жылдың сәуір айында Алмалы аудандық ІІБ-не Бексұлтановтардың үстінен жазған арызын қайтарып алғанына қарамастан, дәл сол арызда көрсетілген уәждермен артынша Алматы облысы Іле аудандық сотына да талап арыз түсіріпті. Осылайша, Іле аудандық соты азаматтық іс қозғап, талапкер Көшербаевтың пайдасына 18 шілдеде шешім де шығарып үлгеріпті. Осы сот шешіміне сай, Бексұлтановтар кепілдегі көліктерінен айырылғандары аздай, Көшербаевқа 10 млн. теңге берешек болып қалған. Сөйтіп, азаматтық сотта жеңіліс тапқан Бексұлтановтар соттың бұл шешімімен келіспей, тамыз айының басында Алматы облыстық сотына апелляциялық шағым жазады. Бірақ, апелляциялық шағым бір жарым айға жуық тиісті сот алқасына жетпеген. Өйткені, бұл уақытта Алмалы аудандық ІІБ-де дәл осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқан. Яғни, қылмыстық істің салмағы азаматтық даулардан басым болғандықтан, қандайда бір шешім шығуы тиіс емес немесе азаматтық іс тоқтауы керек еді. Осы жерде тағы бір айта кетерлік жайт, Іле аудандық сотында қаралған азаматтық дауда Асқар Көшербаев пен Серік Көкенов бірін-бірі танымайтынын айтқан. Ал Алмалы аудандық сотында қаралған қылмыстық істе олардың жақсы таныс екені белгілі болды.
Бүгінде осы аталған бір іске қатысты бір сот үкімі және екі бірдей соттың шешімі шыққан. Алмалы аудандық соты бұл істі қайта тергеуге жіберсе, Іле аудандық және Алматы облыстық аппеляциялық сот алқасының шешімімен Бексұлтановтар Көшербаевқа 10 млн. теңге берешек болып қалған. Ал тергеу барысында Бексұлтановтардың жәбірленуші екені анықталса да, әккі алаяқтар әлі бостандықта жүрген көрінеді. Бір ғана алаяқтық бабы бойынша қаралған осы іске қарап біз қулығына құрық бойламайтын қылмыскерлерді темір торға тоғытудың қаншалықты қиын екендігіне тағы да көз жеткіздік. Қарапайым жәбірленуші түгіл, құқық қорғау органдарының өзін шарасыз жағдайға түсіретін алаяқтық қылмыстардың кемімеуінің бір сыры осыдан шығар, бәлкім?
Жақында жәбірленуші А.Бексұлтанов редакцияға келді. Қолында Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті бастығының орынбасары Р.Досановтың хаты бар. Онда былай делінген: «...Арызыңызда көрсеткен уәждеріңіз толықтай тексеріліп, Алматы қаласы, Алмалы ауданы ІІД қызметкерлері кейбір кемшіліктерге жол бергендері анықталды. Алмалы ауданы ІІБ тергеушісі Құрманбаевтың заңсыз іс-әрекеттері туралы жазған уәждеріңіз толық тексеріліп, заңды шешім қабылдау үшін Алматы қаласы ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданды. Сонымен қатар, Алматы қаласы ІІД-ге тергеу барысында заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп, қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту тапсырылды».
Сондай-ақ, Айдын Бексұлтанов Алмалы аудандық сотының судьясы Р.Әшкеева қол қойған қаулы мен жеке қаулысын да редакцияға алып келген екен. Аталған қаулыларда Бексұлтановтардың адвокаты Ахметованың арызы қанағаттандырылғаны айтылған. Тергеушілер Құрманбаев пен Нүсіпбаевтың өз міндеттеріне немқұрайды қарағаны, тергеу жұмысына Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімі басшыларының ведомстволық бақылауының болмағаны және Алмалы аудандық прокуратурасынан да тиісті қадағалау болмағаны соттың шығарған жеке қаулысында ап-анық көрсетілген. Бұл нені білдіреді?
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.