Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстандағы шаруа қожалықтары, түрлі шаруашылықтар қарапайым ғана тракторға аса мұқтаж болды деп бүгінде кім ойлайды? Егіс алқабында жұмыс істеуге қажетті бір ғана тракторды шетелден сатып әкелу үшін қомақты қаражат керек болғандығы рас.
Тоғыз жыл бұрын осы проблема шешімін тапты. Семейде «Беларус» маркалы тракторларды шығаратын Қазақ-Беларусь өндіріс орны іске қосылды. Алғашқы күннен бастап, темір тұлпарларды жасауға зауыттағы шебер Нұржан Есбаев та тартылды. Жақында ол және оның әріптестері 7 мыңыншы тракторды жасап шығарды.
Он саусағынан өнер тамған Нұржан Есбаев Семей қаласында туып-өскен. №37 мектеп-гимназияның түлегі. Ол жас кезінен ата-ана үмітін ақтап, жақсы оқыды. Білікті маман иесі атанды. Қазақстандағы «ҚазАгро» жүйесінің қолдауымен «СемАЗ» машина жасау зауытында «Беларус» тракторын жасаудың шебері атанды. Нұржанның әкесі балаларын автомобильдің ішкі құрылымы, машина жасау саласымен таныстыратын. Екі ұлын ертіп гараждағы көлігінің ана жері, мына жерін шұқылап, қалай жөндеуді үйрететін. Сөйтіп жүріп олар кілттердің түрін, тетіктерді, тіпті көлікті айнадай ғып жалтыратып қойып, тазалап шығуды да үйренді.
Сондықтан болар, Нұржан мектеп бітіргенде басқа қатарластары сияқты жоғары оқу орнына түсуге ұмтылмай, көлік колледжіне қарай бет бұрды. Оның үстіне ол техника саласын біршама меңгеріп те үлгерген еді. Аккумуляторсыз, қозғалтқышсыз өмірінің бір күнін де елестете алмайтын болды. Көлік колледжін тәмамдағанына жыл өткенде Семейде жаңадан автобус құрайтын зауыт ашылды. Жас маман бірден жұмысқа қабылданды. Бірақ, бас кезінде қаражат жетімсіз болып, жұмысшылар біраз бос жүріп қалды. Уақытты текке өткізбеу үшін Нұржан Семейдегі университетке машина құрылысы факультетіне оқуға түседі. Сөйтіп жүргенде ол зауытта трактор жасайтын цех ашылғандығынан хабардар болды.
Сөйтіп, міне, тоғыз жыл ішінде ол трактордың қыр-сырын толық меңгерді. 2011 жылы дипломын алған соң, оны зауытта жоғары білімді маман ретінде трактор жасайтын жүйенің шебері жұмысына ауыстырды. Бүгінде оның қарамағында 40 құрастырушы 15 пост бойынша жұмыс істейді. Нұржан осында жасалып жатқан әр тракторды бүге-шігесіне дейін тексереді. Күн сайын олар 7 трактор жасайды. Айына 150-160 трактор шығарылады. Ал жылына 1500 трактор Қазақстандағы алқаптарға аттанады. Бұларға еліміз ғана емес, Ресей де тапсырыс береді.
– Жұмысымды сапалы түрде атқарғанды жақсы көремін, – дейді Нұржан шебер, – еліміздің гүлденуіне, экономикамыздың өркендеуіне үлес қосуды зор мәртебе санаймын. Және жастарды осы мамандықты меңгеруге шақырамын.
Раушан Нұғманбекова,
журналист.
Семей.