Қалада жұмысқа орналастыруға арналған «Jobfair365» және оқытуға бағытталған «SkillBridge» сервистерімен жабдықталған «Jasalmaty.kz» ақпараттық порталына 25 мыңнан астам бірегей қолданушы кірген. Қазақстанның 20 өңірінен 3 мыңнан астам жұмыс беруші тіркеліп, 5 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Жыл басынан бері бұл сервистер арқылы 1,8 мың жас маман жұмысқа орналасқан. Қалада Жастар мансап орталығы жұмыс істейді. Ол жұмыс берушілерді, Еңбек мобильділігі орталығын және оқу орындарын бір алаңға біріктіріп, олардың өзара әрекетін жедел үйлестіруге мүмкіндік береді. Орталық ашылғалы бері 5 мыңнан астам жас маман жүгінген, олардың 4 мыңы жұмысқа орналасуға көмек алған. Алматының ірі жұмыс берушілері мен жоғары оқу орындары бірігіп 8 Мансап күні өткізіліп, 1,9 мың жас жұмысқа тұрған.
«Жыл басынан бері жастарға тең мүмкіндік жасап, дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруына жүйелі түрде жағдай жасалып келеді. «Жасыл ел» ұлттық жобасы аясында жаз кезінде 2,1 мың жас уақытша жұмыспен қамтылды. Биыл қаңтар айынан бері Еңбек мобильділігі орталығы арқылы 9,7 мың жас жұмысқа орналасты. Жалпы жыл басынан бері 19,5 мыңнан астам жас маман еңбекке тартылды. Біз жастарға білім мен дағды ғана емес, нақты жұмысқа орналасу және мансаптық өсудің жолын ұсынатын жүйе құрып жатырмыз. Оқыту мен жұмысқа орналасу қатар жүретін үдеріс. Бұл жастар әлеуетін нақты мүмкіндіктерге айналдырады», деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.