Аймақтар • Бүгін, 16:12

Алматыда 60 мыңдай адам бюджет есебінен сақтандырылады

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдағы 2026 жылдан бастап табысы төменгі күнкөріс шегіне жетпейтін тұрғындар мен ресми тіркелген жұмыссыздар үшін сақтандыру жарнасын жергілікті әкімдіктер төлейтін болды. Бұл туралы Алматыда өткен брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қалалық филиал директоры Ілияс Мұхамеджан мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz

Алматыда 60 мыңдай адам бюджет есебінен сақтандырылады

Фото: ашық дереккөз

Сақтандырылмағандар арасында «Отбасылық цифрлық картаның» шұғыл санаттарына енген (Д және Е) азаматтар да бар. Яғни, табысы төменгі күнкөріс шегіне жетпейтін, 95 мың мұқтаж тұрғын үшін медициналық көмек қолжетімсіз болғандықтан, келер жылдан бастап олар автоматты түрде МӘМС жүйесіне қосылады.

«Сараптама жасалып, соның ішінде медициналық көмекке көбірек жүгінген тұрғындар іріктеп алынды. Болжам бойынша, 2026 жылы Д, Е санатындағы 34 мыңға жуық адам мен ресми жұмыссыз ретінде тіркелген 28 мың азамат үшін жергілікті бюджет есебінен жарна төленуі тиіс», дейді Ілияс Мұхамеджан.

Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап 11 түрлі әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққан азаматтар дәрігерге тегін қаралып, сақтандыру статусына қарамастан толық емделе алады. Олардың қатарында туберкулез, АИТВ, қатерлі ісік түрлері, созылмалы вирустық гепатит пен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық жүйесіндегі ауытқулар, орфанды, яғни, сирек кездесетін аурулар, жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары, орталық жүйке жүйесі кеселдері, эпилепсия, жедел инфаркт миокарда (бастапқы 6 ай), инсульт (бір жыл ішінде) бар.

«Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан науқастар қажетті тексерулерден ақысыз өтіп, анализдерді де тегін тапсыра алады. Ол үшін сақтандыру статусы қажет емес. Мысалы қазір, толық диагностикадан осы аурулардың ішінде тек АИТВ мен туберкулезге шалдыққандар ғана өте алады. 2026 жылдан бастап МӘМС пакеті 24 түрлі созылмалы аурулармен толығады. Жалпы, бұл өзгерістер әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алуға, диагностика жасауға және емдеуге бағытталған. Ал, медициналық сақтандыру жүйесінде бағасы қымбат қызметтер мен жоспарлы медициналық көмекке басымдық беріледі», деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйла Иманғалиева.

Сондай-ақ заңда сақтандырылған тұрғындарды қолдау шаралары да қарастырылған. Бұдан былай, сақтандыру жарнасын кемінде 5 жыл қатарынан үзбей төлеп келе жатқан, бірақ белгілі себептермен төлем жасай алмай қалған тұрғындардың сақтандыру статусы 6 айға дейін сақталады. Бұл әсіресе, жұмыстан шығып қалған немесе жұмыс орнын ауыстырған жалдамалы жұмыскерлерде жиі кездесетін жағдай.

Соңғы жаңалықтар

Бішкекте бес жүлде бұйырды

Спорт • Бүгін, 19:18