24 Ақпан, 2015

«Жеңіс!» деген жақсы сөз

441 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Головкин GGG Геннадий Головкин қиын кездесуді нокаутпен аяқтап, тағы бір рекордты қайталады Өткен сенбіден жексенбіге қараған таң алдында қазақстандық Геннадий Головкин британдық Мартин Мюрреймен WBA және IBO версиялары бойынша орта салмақтағы әлем чемпиондығы үшін күш сынасып, 11-раундта жекпе-жекті тағы да нокаутпен аяқтады. Осылайша, қатарынан 19 ұрысты мерзімінен бұрын бітірген ол атақты Майк Тайсонның бұдан көп жыл бұрын жасаған рекордын қайталады. Еуропаның бір мүйісіндегі Монте-Карлоның Salle des Etoiles аренасында өткен «Үлкен бокс кеші» сол сәттерде тікелей эфир арқылы «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілді. Кеш Астана уақыты бойынша 01:25 сағатта басталды. Ал Головкин мен Мюррей 04:45 сағатта ринг төріне көтерілді. Еске сала кететін жайт,  бұл күні бір-бірімен түйдей құрдас екі боксшы да 32-ші мәрте шаршы алаңға шықты. Головкин осыған дейінгі 31 ұрысының бәрінде жеңіске жетіп, олардың 28-ін нокаутпен аяқтаған болса, солардың да 18-інде рингтен мерзімінен бұрын кеткен еді. Ал Мюррей 29 жекпе-жегінде жеңіске жетіп, 1 рет тең түскен және 1 рет ұтылған болатын. Сөйтіп, Геннадий осы шайқаста өзінің екі бірдей болжам бойынша чемпиондық атағын қорғап қана қойған жоқ, ол сонымен қатар, атақты Майк Тайсонның бір кездері белгілеп кеткен ең биік көрсеткіші – қарсыласын қатарынан 19 рет нокаутқа жіберу рекордын да қайталап шықты. Енді келесі жекпе-жегінде дәл осылай жеңіске жетер болса, нағыз биік деңгей біздің Головкиннің еншісіне жазылғалы тұр. Бізді қуантып отырғаны бокс әлемінде GGG деген нышанды белгіге ие болған Генаның кезекті керемет жеңісі ғана емес. Жеңіс өз алдына, біздің бағланның содан кейінгі өзін тағы да шынайы қырынан таныта білуі де сүйсіндірмей қоймас еді. Қазір әлеуметтік желілерде өріп жүр, оған басқа елдердегі менеджерлер мен журналистер тарапынан бұл жолы да көптеген ұсыныстар түсіп жатты. Солардың бірі – Ресейдің өкілдері оны тағы да өз мемлекеттері атынан сайысқа шығуға көндірмекке әрекет етті. Бірақ Геннадий өзінің баяғы айтқан: «Әкем – орыс жігіті, анам – корей қызы, ал мен – қазақпын» деген сөзінен танған жоқ. 54e933359e69dЕнді жекпе-жектің өзіне келейік. Головкин оның басынан Мюррейге батыл шабуыл жасауға көшті. Алғашқы секундтардан оның шалт шабуылы мен толассыз тегеурініне тап келген қарсыласы екінші нөмірмен ойнауға мәжбүр болды. Кездесудің бірінші раунды біздің атлеттің аздаған басымдылығымен өтті. Келесі кезеңде де осы көрініс сақталып қалды. Бірақ, ұдайы алға ұмтылып, бәсекелесінің осал жерлерін мүштің күшімен мүйіздеп тауып алуға бейіл қойған қазақстандықтың қарқыны мен қуаты біртіндеп артып келе жатқаны анық байқалып тұрды. Мұның қарымын Мюррей уақыт ұзаған сайын айқын сезіне бастады. Сондықтан оның ұрыс үстінде клинчке баруы жиіледі. Осылайша Генаның тура да ауыр соққыларынан бой тасаламақшы болған британиялық боксшының қауқары мен қулығының қадамы төртінші раундқа дейін ғана жетті. Кезең аяқталуға жақын қалған сәтте қарқынға қарқын қосқан Головкин кенет қарсыласын шыркөбелек айналдырып түсірді. Арада көп өткен жоқ, құйындай қауырт соққы Мюррейді тағы да жалпасынан түсірді. Оны ақырына дейін жеткізіп, діңкелетіп тастаудан гонг қана аман алып қалды. Бесінші раунд та Генаның осындай басымдылығымен өтті. Дегенмен, Мартин бұл жолы кезекті мәрте құлап қалмаудың амалын жасай білді. Британия боксшысы осыдан кейін ептеп есін жинап алғандай болды. Ол жетінші раундта тіпті өзі де белсенді шабуылға шығуға тәуекел жасады. Бұл, әлбетте, Генаға ұнаған жоқ. Сондықтан ұрыстың сегізінші бөлігінде ол қарқынды күрт арттырып жіберді. Келесі екі раундта да осы көрініс қайталанды. Соның бәрінде қарсыласын ұрып түсіретін бір ғана соққы жетпей жатқандай болып көрініп тұрды. Ақыры оныншы раундтың түгесілер тұсында Мюррей ұшып түсті. Нокдаун! Бірақ шайқас жалғасар-жалғаспастан гонг үні естілді. Ал 11-раундта Головкиннің қарша боратқан соққыларынан кейін есінен ауып қалған адамның кейпін танытқан британиялықтың әлемтапырық түрін көрген төреші жекпе-жекті кілт тоқтатты. Жеңіс! Осылайша Геннадий биылғы мау­сым­дағы бірінші ұрысын да жеңіспен бастады. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».