Комитеттің мәліметінше, 2025 жылдың ақпан айында әйел Ақтөбе қаласындағы автосалондардың бірінен 2025 жылы шығарылған автокөлікті 16 490 000 теңгеге сатып алған. Оның 8 310 000 теңгесін бірден төлеп, қалған бөлігін 7 жыл мерзімге несиеге рәсімдеген.
Алайда 2025 жылдың сәуір айының ортасынан бастап көлікте бірқатар ақаулар анықталған. Атап айтқанда, қозғалтқыштың клапан қақпағы тығыздағышы маңында булану, клапан қақпағы астынан май ағуы және клапан қақпағын бекітетін болттың бұрандалы бөлігінен май ағуы тіркелген.
Сатып алушы аталған мәселелер бойынша ресми дилерге төрт рет жүгінгенімен, ақаулар толық жойылмаған.
Комитеттің хабарлауынша, көлікті қайтару туралы ауызша талаптарға автосалон бас тартып, автомобиль техникалық күрделі тауар санатына жатады және қайтарылмайды деп жауап берген.
Комитет түсіндіргендей, Азаматтық кодекстің 403-бабының 5-тармағына сәйкес, шарттың елеулі түрде бұзылуы жағдайында зардап шеккен тарап келтірілген шығынды өтеуді талап етуге құқылы. Сонымен қатар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 15-бабы 1-тармағының 4) және 6) тармақтарына сай, тұтынушы тауарды ауыстыруды немесе шартты бұзып, төленген ақшаны қайтаруды талап ете алады.
Комитет өкілдерінің айтуынша, көлік құралдары техникалық күрделі тауарларға жатады. Алайда елеулі кемшілік анықталған жағдайда, мұндай талаптар заңды болып есептеледі. Елеулі кемшілік деп жойылмайтын, жою үшін шамадан тыс уақыт пен қаржы талап ететін немесе тұтынушының өміріне, денсаулығына және мүлкіне қауіп төндіретін ақаулар танылады.
Сондай-ақ заңнамаға сәйкес, сатушы тұтынушының талаптарын белгіленген мерзімде орындауға, сараптама жүргізу шығындарын өтеуге және тауардағы кемшіліктер үшін, олар туралы білген-білмегеніне қарамастан, жауап беруге міндетті. Сатушыны жауапкершіліктен босататын кез келген келісім заңсыз деп танылады.
Комитеттің мәліметінше, автосалонның тұтынушының заңды талабын орындаудан бас тартуы оның құқықтарының тікелей бұзылуы болып саналады.
2025 жылдың мамыр айында әйел тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Жазбаша талап-арыз жолданғаннан кейін автосалон көлікті кері қабылдап, сатып алушыға толық соманы қайтарған. Атап айтқанда, 8 310 000 теңге қолма-қол төленіп, 8 190 000 теңге банк алдындағы несиелік міндеттемелерді жою арқылы қайтарылған.