Саясат • Кеше

«Қамқорлық» орталығының қызметімен танысты

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ депутатпен бірге Астанадағы әлеуметтік нысандар – «Қамқорлық» ерте араласу және психоәлеуметтік оңалту орталықтарының қызметімен танысты. Мекеме ұжымдарымен кездесуде мүгедектігі бар балаларды оңалту, оларға қызмет көрсету және ортаға бейімдеу шараларын жетілдіру ісіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

«Қамқорлық» орталығының қызметімен танысты

Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев азаматтардың денсаулығын сақтау мемлекеттің басым бағыт­тары­ның бірі саналатынын және осы салада жүйелі жұмыс жүргізіліп жат­қанын атап өтті. Ол аталған саланың аса маңызды екенін айтып, бұл бағыт­тың адам капиталына, әлеуметтік тұрақтылыққа, өмір сапасына және елдің жалпы экономикалық дамуына тигізетін әсеріне назар аударды.

Кездесуде мемлекет қабылдаған кешенді шараларға қарамастан, барлық мүдделі тараптың бірлескен күш-жігерін қажет ететін проблемалар бар екені сөз болды. Олардың қатарында созылмалы күйзеліс пен тәуелділіктің салдары, суицид, әсіресе ауылдық жерлердегі маман тапшылығы, емдеу мен көмек көрсетудің ескірген хаттамалары сияқты мәселелер өте өзекті. Мұндай жағдай кейде стигматизацияны күшейтіп, пациенттердің денсаулығына қауіп төндіруі де мүмкін.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы елдің басты байлығы екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және дәрігерлерді қолдауға қатысты кешенді реформалар жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен қазір кадр тапшылығына байланысты денсаулық сақтау жүйесі психологиялық және психиатриялық көмек саласында айтарлықтай мәселелер бар. Кейінгі 20 жылда қабылданған шараларға және өлім-жітім деңгейінің біртіндеп төмендеуіне қарамастан, өкінішке қарай, елдегі суицид көрсеткіші азаймай отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, Қазақстанда суицидтен болатын өлім-жітім саны әлемдік орташа көрсеткіштерден асып түседі. Әсіресе жастар арасында жиі кездеседі. Өз-өзіне қол жұмсау көбіне құмар ойын­дар мен есірткіге тәуелділіктен зар­дап шегетін адамдарда болады. Жасыратыны жоқ, лудомания үлкен әлеуметтік мәселе­ге айналды. Осы орайда халықтың қолжетімді психо­логиялық оңалту шаралары туралы хабардар болуын қамтамасыз ету және қолданыстағы психологиялық қолдау шараларының тиімділігін арттыру ісінде мемлекеттік органдарға ерекше жауапкершілік жүктеледі», деді Сенат төрағасы.

М.Әшімбаев атап өткендей, қажетті көмек пен емдеуді дұрыс ұйымдастыру үшін дәрігерлік және консультациялық тәсілдерді ажырату аса маңызды. Сондай-ақ диагностиканың нақты жүйесі болуға тиіс. Қолдауға жүгіну жауапсыз қалмай, дер кезінде қажетті шаралар қолға алынуы керек.

Сонымен қатар палата спикері Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия­ның денсаулық сақтау бағытында жүр­гізіп жатқан жұмысына тоқталып, Орталықтың қыз­меткерлері мен емделушілерін алдағы мерекелермен құттықтады.

Айта кетейік, «Қамқорлық» ерте араласу орталығы 2022 жылы ашылды. Содан бері аталған нысан 3 айдан 3 жас­қа дейінгі психоневрологиялық және ақыл-ой кемістігі бар балаларға амбу­ла­ториялық-емханалық оңалту көмегін көрсетіп келеді. Осы уақыт ішін­­де реабилитолог, невропатолог, лого­пед, дефектолог, психолог, емдік дене­шы­нықтыру және кәсіптік терапия ма­ман­дары 514 балаға кешенді оңалту ша­ралары бойынша қызмет көрсетті.

Психоәлеуметтік оңалту орта­лығында психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар адамдар үшін 7 емдеу-еңбек шеберханасы ұйымдастырылған. Атап айтқанда, тігін, қолөнер, ағаш ұстасы шеберханалары және шағын баспахана мен өнер студиясы бар. Орталықта психикалық ауытқулары бар, соның ішінде аутизм спектрінің бұзылуы, психо-сөйлеу дамуының кешігуі, гипербелсенділік және зейін жетіспеушілік белгісі бар балалар үшін күндізгі стационар жұмыс істейді. 

Соңғы жаңалықтар