Спектакль әлем әдебиетінің жауһары Лев Толстойдың «Анна Каренина» романының негізінде қойылады. Сахналық нұсқасының авторы әрі қоюшы режиссері – Рача Махатаев, қазақ тіліне аударған – Қымбат Елубаева.
Қойылымда автордың адам болмысы, моральдық таңдау, қоғам мен жеке тұлға арасындағы қайшылықтар туралы терең философиялық ойлары заманауи сахналық тілде ұсынылады. Спектакль адамның ішкі жан әлеміндегі қақтығыстарды, сезім мен жауапкершілік арасындағы күрделі таңдауды көрсетеді.
Спектакльдің жанры – хореодрама. Бұл жанр драмалық әрекетті қимыл-қозғалыс, пластика және музыкалық шешімдер арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Қойылымда сөз бен қозғалыс біртұтас көркемдік жүйе құрап, кейіпкерлердің ішкі психологиялық күйін жеткізеді.
Сахналық кеңістіктің көркем шешімін жасаған – қоюшы суретші Қанат Мақсұтов. Қойылымның хореографиялық тілін қалыптастырған – Анастасия Чистюхина. Ал кейіпкерлердің мінезін, дәуірдің рухын ашатын костюмдер киім суретшісі Шынар Елембаеваның қолтаңбасын танытады.
Басты рөлдер екі құрамда орындалады. Сахнада Инабат Әбенова, Қазақстан Жастар Одағының «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанат Оспанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айнұр Бермұхамбетова, Қайыржан Садықов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ақмарал Танабаева, Ерғұлан Жанпейісов, Біржан Жүнісов бастаған театрдың талантты әртістері көрерменмен сырласады.