Алпауыт инвестор мұнайға сенбейді
Әлемді әрі-сәрі күйге душар еткен мұнай бағасы жақын арада тұрақтанып, бұрынғы деңгейіне жетуі мүмкін емес сияқты. Басқасын былай қойғанда, оған мұнай саласындағы планетамыздағы ең бай инвестор Уоррен Баффет сенбейтін көрінеді.
Өткен жылы күрт құлаған мұнай бағасы соңғы күндері әрбір баррелі 60 доллардан асып, көтеріле бастағандай болған. Бірақ мұнай бағасының бұрынғыдай шарықтап көтерілуіне инвесторлардың сенімі жоғалған сияқты. Алпауыт инвестор Уоррен Баффет «қара алтынға» деген сенімін жоғалтып, оның иелігіндегі Berkshire компаниясы Exxon компаниясындағы 3,7 миллиард доллар көлеміндегі акциясын сатты. Осы жерде айта кететін бір мәселе, Уоррен Баффет өзінің бас айналдырар байлығын әртүрлі компаниялардың, оның ішінде, энергетикалық саладағы компаниялардың акцияларын сату және сатып алу шараларының арқасында жинаған болатын. Қара алтын бағасы көтерілген кезде ол орасан зор байлыққа кенелді. Мәселен, 2007 жылы PetroChina Со акцияларын сату арқылы ол 3,5 миллиард доллар пайда тапқан болатын.
Berkshire компаниясы америкалық мұнай алыбы Exxon компаниясының 41,1 миллион доллар акциясынан құралған пакетке ие болған еді. 2010 жылы орта есеппен бұл акциялардың әрқайсысы 90,86 доллар тұратын. Өткен жылдың 4-ші тоқсанында Баффет компаниясы осы акциялардың әрқайсысын орта есеппен 93,27 доллардан сатты. Сарапшылардың айтуынша, Уоррен Баффет өзінің қаржысын сенімді салаларға сала бастаған көрінеді. Оның ең ірі активі International Business Machines Corp компаниясының акцияларында болатын. Баффет осы компаниядағы өзінің онсыз да ірі құнды қағаз портфелін өткен жылдың аяғында тағы да 6,5 миллион доллар акциямен толықтырды. Қазір Berkshire компаниясының IBM компаниясының акциясындағы үлесі 12,4 миллиард доллардан асты. Сонымен бірге, Berkshire компаниясының ауыл шаруашылығы саласындағы акциялары да өсе бастады. Мәселен, ол соңғы кезде ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарын шығаратын Deere & Co өндіріс орталығындағы өзінің акциясын еселей арттырды. Berkshire компаниясының теміржол, электр және қайта өңдеу салаларындағы серіктес фирмалардағы акциялары да өсіп барады.
Қарызға белшесінен батқан Америка
Дүниенің төрт бұрышын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын Американың өзі қарызға өмір сүреді дегенге сену қиын. Алайда, бұлтартпайтын ақиқат біреу, дәл қазір бұл жаһанда АҚШ-тай қарызға белшесінен батқан бірде-бір мемлекет жоқ. Бүгінде Американың сыртқы қарызы 18 триллион доллардан асты.
Әлемдік экономикаға ықпалын жүргізетін алып экономика қарызсыз күнін көре алмайды. Қазір АҚШ-тың қай саласын алсаңыз да қарыздан көз ашпаған көріністі көресіз. Бұл елдің ең үлкен бес банкінің ғана қарызы бірнеше триллион доллардан асса, зейнетақы қорының қарызы 2 триллион долларға жетті. АҚШ-тағы студенттердің оқу ақысына төлейтін қарызы 1 триллион доллардан асып, орта есеппен студенттік несиелер бойынша қарыз 32 264 долларды құрады. «Естімеген елде көп» дегендей, тіпті, зейнет жасындағы адамдар да оқу ақысы бойынша қарызын төлейді екен. Әрбір қатардағы отбасы бүгінде банктерге тұрғын үй үшін 155 мың доллар қарыз болса, 2015 жылдың алғашқы айларында әрбір америкалық отбасының несие карточкасы бойынша қарызы 15,611 мың долларға жетіп, 1989 жылдан бері 81 пайызға артты. Ал тұтыну несиесі бойынша қарыз 1971 жылдың деңгейінен 1700 пайызға көтерілген.
Жалпы, қарыз деген ұғым ұяты бар адамға тыныштық таптырмайтын құбылыс болса керек еді. Ал Америка Құрама Штаттары үшін қарызға өмір сүру қалыпты жағдайға айналған. Ең өкініштісі сол, АҚШ-тың сыртқа беретін қарызы тек соңғы жылдарда ғана еселеп артып отыр. 1981 жылдың 22 қазанына дейін АҚШ үкіметінің қарызы 1 триллион доллардан аспайтын. Бұл Америка тарих сахнасына шыққан 205 жыл ішінде қордаланған қарыз еді. Ал 1985 жылы бұл елдің қарызы 2 триллионға жетті. 2014 жылдың соңында 18 триллиондық көлемнен асты. Ең қызығы, соңғы 1 триллион доллар қарыз бар болғаны 403 күннің ішінде жинақталды.
Амалсыз ойландыратын тағы бір мәселе, АҚШ-тың соңғы екі президенті өздерінен бұрынғы 42 президент жинақтаған қарыздан да артық қарыз алып, ел экономикасын тығырыққа тіреді. Мәселен, кіші Буш президент болған кезеңде мемлекет қарызы 77 пайызға артса, Барак Обама президент болған кезеңде мемлекеттің қарызы 57 пайызға өсті. Осы цифрлардан көрініп тұрғанындай, АҚШ-тың қаржы-несие саласы құмнан жасаған мүсіндей сәт сайын ыдырап кетуге дайын.
Еңбекке қабілетті 88 миллион америкалық жұмыс істемейді және жұмыс істеуге құштар да емес. Себебі, олар үшін мардымсыз жалақы алып жұмыс істегеннен гөрі әлеуметтік көмек алып күн көрген әлдеқайда пайдалы. Осыдан біраз уақыт бұрын президент Обама айдай әлемге жар салып жария еткен әрбір сегіз жаңа жұмыс орнының жетеуі толық емес жұмыс күніне құрылған. Қазір АҚШ жұмысшыларының 53 пайызы жыл бойы 30 мың доллардан немесе күнкөріс деңгейі қаржысынан төмен жалақы алатын көрінеді. Соңғы экономикалық рецессия кезінде қысқартылған жұмыс орындарының салдарынан жұмыстан айырылған америкалықтардың 95 пайызы орташа деңгейлі тұрмысы барларға жатады. Осыған байланысты 2008 жылы америкалықтардың 53 пайызы өздерін орта тапқа жатқызса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 44 пайызға дейін төмендеді. Қазір 18-29 жас аралығындағы америкалықтардың 49 пайызы өздерін кедейлер қатарына жатқызады. Қазір ақиқатында да америкалықтардың арасында кедейлер саны күрт артып барады. 100 миллионнан астам адам федералдық үкімет жүзеге асырып жатқан әлеуметтік бағдарламаларға қатысады. Барак Обама президент болған кезеңде азық-түлік талоны арқылы күн көретіндердің саны 32 миллионнан 46,5 миллион адамға артты. Кедейленген америкалықтардың 22 пайызы шіркеулер жанынан ашылған азық-түлік беретін орталықтарға тіркелген. Мемлекеттің азық-түлік көмегі үшін бөлетін қаржысы 2007 жылғы 38 миллиард доллардан 80 миллиард долларға дейін артқан. Соңғы жылдары АҚШ-тағы баспанасыз балалардың жалпы саны 2,5 миллионға жетті. Мемлекеттік орта білім беретін мектептерде оқитын оқушылардың 51 пайыздан астамы аз қамтамасыз етілген отбасыларынан шыққан және олар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
АҚШ президенті атап көрсеткендей, соңғы жылдары 10 миллион америкалық медициналық сақтандыру құжатына ие болған. Іс жүзінде америкалықтардың 35 миллионға жуығы әлі күнге дейін сақтандыру медицинасымен қамтылмаған. Жыл сайын бұл елде 45 мың адам медициналық шығындарды төлей алмай о дүниелік болады. Дүниежүзінде АҚШ-та медициналық қызмет көрсету ақысы ең жоғары болып табылады. Мәселен, Британ тәжінің мұрагері дүниеге келгенде медициналық қызмет үшін 15 мың доллар төленсе, АҚШ перзентханаларында туған әрбір нәресте үшін 30 мың доллар төленеді екен. Халыққа медициналық қызмет көрсету ақысының өте қымбат екенін АҚШ денсаулық сақтау министрлігінің өзі мойындап отыр.
Принстон университетінің профессоры Э.Блайндердің болжамынша, таяу арадағы 20 жыл ішінде Америка тағы да 40 миллион жұмыс орнынан айырылады. Институт зерттеушісі Дж.Клифтонның айтуынша, соңғы 35 жыл ішінде алғаш рет жабылып жатқан фирмалардың саны ашылып жатқан фирмалардың санынан асып түскен. Сарапшылардың айтуынша, сыртқа қарызы 18 триллионнан асып отырған АҚШ экономикасының енді қарыз алып күн көруі күннен-күнге қиындай бермек.
Инженер мамандар қысқартылады
Норвегияның мұнай-газ саласына қарасты компаниялары алдағы уақытта инженер кадрларды қысқарту жөнінде арнайы бағдарлама қабылдаған көрінеді.
Осы бағдарлама шеңберінде норвегиялық ең ірі «Statoil» атты мұнай компаниясы мыңдаған инженерлерді жұмыстан қысқартуға әзірленуде. «Stavanger Aftenblad» газетінің мәлімдеуінше, алдағы уақытта осы компанияның 12 мың инженерлері қысқартылады екен. Осы ретте аталмыш компанияда еңбек ететін инженерлермен қатар, оның серіктес кәсіпорындарында жұмыс істейтін инженерлер де қысқартуға ұшырайды. Газет көтерген мәселе бойынша, бұл компанияда қысқартуға ұшырайтын тек инженер мамандар ғана екен.
«Statoil» концернінің басшысы Эльдара Сятренің баяндамасында атап көрсетілгендей, өткен жылы концернде еңбек ететін 1900 маман жұмысшы қысқартылған. Сятре өзінің баяндамасында алдағы уақытта да қысқарту науқаны жалғасатындығын атап көрсетті. Сөйтіп, қызметкерлерді қысқартудың нәтижесінде концерн 1,7 миллиард доллар немесе 13 миллиард Норвегия кроны мөлшерінде қаржы үнемдемек. Газет мақаласында атап көрсетілгеніндей, қазір концерннің барлық еншілес кәсіпорындарында инженер лауазымындағы мамандарды қысқарту науқаны басталды.
Норвегияның «Aker Solutions» инженерлік-құрылыс компаниясында мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты жүздеген мамандар қысқартылмақ. Қазірдің өзінде компанияның 300-ден астам маманына жұмыстан қысқаратындығы жөнінде хабарлама таратылған. Соңғы жылы бұл компанияның 500-ден астам маманы қысқартылыпты.
Дайындаған
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».