12 Тамыз, 2015

Ел дамуының негізі

574 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
День КонституцииЕлбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» атты Жолдауында «Мәңгілік Ел» болудың маңыздылығына тоқталды. 2015 жылы елімізде ресми түрде төрт мерекенің өткізілетінін атап өтті. Әр мерекенің ел тарихында алатын орны ерекше. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы. Конституция еліміздің ұлттық саяси-құқықтық жүйесінің мәйегі, оның мемлекеттілігі мен егемендігінің заңдық негізі. Республиканың сөзсіз жетістіктері мен Елбасы көрсетіп берген өршіл мақсат – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолында одан әрі үдемелі даму үдерісі арқа тірейтін іргетас болып табылады. Бүгінгі біздің Ата Заң – «Қа­сым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысының» заңды жал­ғасы. Ата Заң – тәуелсіз ел екен­дігін танытатын, азаттығыңды білдіретін, құқығыңды сақтайтын құжат. Ұлы даланың Төбе билері болып танылған үш би: ұлы жүз­де – Төле би, орта жүзде – Қазы­бек би, кіші жүзде – Әйтеке би халықтың сот билігі мен дана­лы­ғының, тұрақтылығы мен табан­ды­лығының, тұтастығы мен тең­дігінің нақты нышаны бола білді. Конституция – Қазақстанның тұрақ­ты дамуы мен гүлденуінің берік негізі. Сондықтан, бүгінде қолданыстағы Конституцияның әлеуетін барынша пайдалану қажеттігіне ерекше назар аударылып отыр. Осы арқылы Елбасының дұрыс демократиялық мемлекет құрудағы рөлі айқындала түсуде. Өйткені, Қазақстанның жетістіктері – Елбасының еңбегі. Конституция – бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бірлестіріп, үйлестірген, жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың теңдігін тегіне қарамастан бекіткен ұлы құжат болды. Президент Н.Назарбаев өзінің «Қазақ­стан жолы» атты кітабында: «Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Көптеген конституциялар, әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылдағандары мұқият сараптаудан өткізілді. 1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақ­талған тәжірибелер, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелер барынша толық пайдаланылған еді», – деп көрсетті. Ректор фото ЗКГУҚазіргі күрделі де қайшылыққа толы жаһанданған әлемде түбі­рінен жаңа тәуелсіз және күшті кәсіби мемлекет бұл бүкіл халық­тың және оның Тұңғыш Прези­денті Н.Назарбаевтың көпқырлы жемісті еңбегінің нәтижесі. Сөй­тіп, күшті президенттік басқару формасы тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің шынайы өзегі болып табылады. «Біздің Конс­титуциямыз, – деді Президент Н.Назарбаев, – бұл Қазақстан халқының өз қалауы. Бағалауға және құрметтеуге тұрарлық таңдау. Конституция бойынша өмір сүру – бұл барлығымыз игеруге міндетті демократияның жоғары мектебі, ал бұл мектепті игеруге біз міндеттіміз». Конс­титуцияның 1-бабында ең қым­бат қазына – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бос­тандықтары деп белгіленген. Сонымен қатар, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, халық бірлігі және ортақ тарихы тағдырлас барлық ұлт өкілдерін қазақ жерінде біріктіру болып танылған. Конституцияның «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақ­стан халқы…» деп басталуы тегін емес. Бүгінгі таңда қоғамдық келісім мен халық­тың бірлігі – еліміздің бас байлығы және өзге­лерге үлгі боларлық ең қымбат қазынасы. Ата Заңда барлық қазақ­стан­дықтарға ортақ құндылықтар бекітілген. Бұл – жүздеген этнос, әртүрлі діни қауым өкілдері тату-тәтті, достық пен келісімде өмір сүріп жатқан қазақ жерінің қасиеттілігі мен біртұтастығы. Сонымен қатар, азаматтарды ұлты, тiлi, дiні немесе кез келген өзге жағдайлар бойынша кемсiтуге қатаң тыйым салынған. Осы құндылықтардың негізінде басты конституциялық қағидаттар – бейбітшілік пен тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму қамтамасыз етіледі. Ұлттық құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін қамта­масыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар әлемдік құқықтық кеңістікте болып жатқан заманауи құбылыстар мен үдерістерге сай келетін ұлттық заңнаманың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі Қазақстан «демократия», «нарық», «құқықтық мемлекет» деген ұғымдар дәстүріне айналған мемлекет болып табылады. Соның нәтижесінде жаңа саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық құрылым, мемлекеттік саясат және егеменді мемлекеттің қызметі мен дамуының стратегиялық бағыттары қалыптасты. Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы күнде­рінен-ақ Мемлекет басшысы – Елбасы Н.Назарбаев жүргізіп отырған консти­туциялық саясат арқасында Қазақстан бүгінгідей жетістіктерге жеткені баршаға аян. Осы жылдар ішінде Қазақстанда жасалған игі істердің бәрі де Конституция қағидалары сақтала отырып жасалды. Мемлекеттік саясаттың бір түрі ре­тінде құқықтық сая­сат мем­­лекеттік органдар мен аза­­маттық қоғамның елдің конс­ти­туциялық дамуын консти­туциялық-құқықтық реттеу­дің, оңтайландырудың тиімді тетігін құру жөніндегі ғылыми негіз­делген, дәйекті және жүйе­лі түрдегі қызметі болып табы­­лады. Ол стратегиялық жоспар­дың заңдық идеялары мен прин­циптерін әзірлеу мен іске асырудан, Конституция мен конституциялық заңнаманы қабылдаудан, жетілдіруден және жүзеге асырудан тұрады. Мем­лекеттің Ата Заңы мемлекеттің Конституциялық сая­сатын жүзеге асыру құралы болып табылады. Өз кезегінде, конституциялық реттеу мен оның әдістерінің ерекшелігіне қарай Конституция нормалары тікелей және жанамалай қолданылады. Егер конс­титуциялық реттеудің жоғары дең­гейінде, әдетте, конституциялық нормалар жеткілікті болып жатса, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы конституциялық құқықтық қатынастарда олардың құқықтары мен міндеттері көбірек айқындалып, белгіленуі қажет. Конституциялық нормалар конституцияда көзделген заңнамалық актілерді шығару түрінде де қолданылуы мүмкін. Ата Заң құндылықтар жүйесін бекітіп, оларды құқықтық реттеу­ді, іске асыру және қорғау кепіл­діктерін белгілеуді заң шығару­шының айрықша құзыретіне жатқызады. Бұл конституциялық жаңа­шылдық жоспарлы түрде іске асырылуда, Қазақстанның тарихында алғаш рет аудандық маңызы бар қалалар мен ауыл­дардың әкімдерін сайлау өтті. Елдегі әкімдердің 91 пайызы баламалы түрде сайланады. Жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты заң олардың өз функцияларын тиімді атқаруы үшін оларға қосымша өкілеттік пен қажетті қаржылық және өзге де ресурстар береді, сондай-ақ халықтың жергілікті мемлекет басқару органдарының қызметіне бақылау жасауын көздейді. Мемлекет пен қоғамның қызметі сыбайластықпен күре­суге жұмылдырылған, бұл бағыт­та сыбайластыққа қарсы заң­нама үнемі жетілдіріліп, мемлекеттік қызметті қайта іске қосу жүргізілуде. Дәйектілікпен жүргізіліп отырған және алдын ала болжауға келетін сыртқы саясат –ұлттық мүддені ілгерілету, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту – Стратегияның маңызды басымдылығы болып табылады. Қазір қолданылып жүрген, 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық сая­сат тұжырымдамасында құқықтық құндылықтарды, Конституцияның идея­лары мен қағидаттарын, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары мен оның лауазымды адамдарының қызметінде толыққанды іске асыру, бұл ретте Конституцияны тікелей қолданумен қатар, оның әлеуетін қамтамасыз ету құқықтық негізгі міндет ретінде айқындалған. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоға­мы идеясының түп негізінде Конституцияда әркімнің еңбек ету бостандығы, қызмет түрі мен мамандығын еркін таңдау құқығы, кәсіпкерлік бостандық пен өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін пайдалану құқығы және тағы басқалар жатады. Конституция адамдардың әл-ауқатының қайнар көзі жасампаз еңбектен басталады деп есептейді. Ұлттық құқықтық жүйені одан әрі жаңғыртудың стратегия­лық мақсаты Конституциямен үндес және олардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру, Конституцияның құқық қорғаушы­лық әлеуетін одан әрі жүзеге асыруға бағыт­талған шаралар кешені жүзеге асуда. Ата Заңымыздың айбынын асқақтатып, қоғамдағы рө­лін айқындауда осы саладағы мамандарға көп жүк артылары сөзсіз. Заң саласының мамандарын дайындауда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мем­лекеттік университеті де өзіндік үлес қосып келеді. Оқу орнында «Құқықтану» мамандығы бо­йынша мамандар даярланады. Кафедра жанында «Криминалист» ғылыми үйірмесі мен «Заң клиникасы» жұмыс жасайды. Заң клиникасы негізінде студенттер халыққа құқықтық сұрақтар бо­йынша тегін көмек көрсетеді. Кафедра жанында «Криминалистика» оқу кабинеті, сот мәжілісінің оқу залы және сот процестері ойындарын өткізуге арналған қажетті атрибуттар да бар. Айта кетсек, университеттің ұйымдастыруымен Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясы­ның 20 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасы Консти­туциясының қалыптасу кезеңдері мен құқық­тық мәрте­бесі» атты аймақтық ғылыми-тәжі­рибелік конференция өткізілді. Оған Атырау, Ақтөбе және Ресей Федерация­сының Орынбор қалаларынан ғалымдар мен барлық құқық қорғау орган­дары­ның өкілдері келіп қатысып, ұтымды ойларымен бөлісті. Орынбор мемлекет­тік универ­ситетінің ғалымы, педагогика ғылым­дарының кандидаты Елена Максеменко: «Екі ел арасындағы экономикалық-саяси байланыстардың негізі Конституция негіздерінен бастау алады. Қазіргі таңдағы Еуразиялық Одақ шеңберінде жасалынып жатқан бірқатар шаралардың жүзеге асуы бұл ҚР Ата Заңының беделдігі. Еркін экономикалық аймақта тұрақты жұмыс жасап жатқан шет­ел компанияларының барлық құқықтық жағынан қорғалуына да негіз болған осы Конституция. Бүгінде бұрынғы КСРО-дан бөлініп шыққан мемлекеттер арасында Қазақстанның саяси аренада беделі зор», – деп атап өткен болатын. Конституция күніне орай осындай шаралар өткізу университетімізде дәстүрге айналып отыр. Мемлекетіміздің Конституциясы – біздің бірлігіміз бен татулығымыздың кепілдігі. Асхат ИМАНҒАЛИЕВ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры.