Өндіріс • 30 Желтоқсан, 2025

Қызылорда айнасына қызығушылар көп

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сыр бойында айна өндіріле бастады. Жаңа өндіріспен серіктестік байланыс орнатқандар еліміздегі алғашқы зауыт өнімі сапа жағынан шетелден келіп жатқан айналардан кем түспейтінін айтады.

Қызылорда айнасына қызығушылар көп

Мамандар есебінше, елімізге кейінгі 7 жылда сырттан құны 55 млн доллар бола­тын 81,9 мың тонна айна жеткізіліпті. Одан бөлек жыл сайын жақтаулы айналар үшін 6 миллион доллар жұмсаймыз. Автокөліктегі артқы көрініс айналарын 9 миллионға сатып алатынымыз тағы бар. Сондықтан да олар «еліміз бойынша Қызыл­ордада ашылған алғашқы зауыт импортқа тәуелділікті азайтып, осы бағыттағы отандық өндірісті дамытуға жасалған маңызды қадам болды» деседі. «AynaGlass» ЖШС жылға да жетпейтін уақыт ішінде жүзеге асырылған жоба болып отыр.

Кәсіпорын жылына 720 мың шаршы метр айна шығара ала­ды. Бұл сұранысты 60 па­йызға дейін жауып, ішінара экспортқа шығуға мүмкіндік береді. Ұзындығы 186 метрлік автоматтандырылған желі осы саладағы көшбасшы ел са­налатын Қытай елінен жет­кізіліп отыр. Қазір зауытта 25 жергілікті маман жұмыс істейді, өндіріс толық қуатына жеткенде олардың қатары 60 адамға жетеді.

Серіктестік шикізатты «Orda Glass» шыны зауытынан алып отыр. Өндіріс орнын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» қаржыландырып облыс әкімдігі өндірістік аймақтан дайын инфракұрылыммен 3,6 гектар жер бөліпті. Жергілікті билік пен даму институтының осындай қолдауының арқасында Қазақстанда айна өндірісі бас­талды. Зауыт басшысы Айжан Өмір­зақованың айтуынша, инвесторлар құрамы жергілікті кәсіпкерлерден тұрады.

Өндіріс орнындағы желі бойымен әйнектер сырғып келеді. Жуылып, тазаланып, кептірілгеннен кейін олар вакуум­дық камераларға беріледі. Осы жерде алғашқы қабаты бүркіліп, әйнек айнаға айнала бастайды. Пеш камераларында тағы екі қабат бояу жағылады. Ең соңында мүлтіксіз жұмыс істейтін роботтар қажетті мәліметтерді таспалап, белгілер басады.

«Бастапқыда Еуропа және басқа да жетекші елдер өн­дірісін зерттеп көрдік. Ақыры роботты құрылғыларды өнді­ру­де әлемдік көшбасшы сана­ла­тын Қытай зауытына тоқ­тадық. Бұл танымал бренд өз жабдықтарын АҚШ, Еуропа мен ТМД елдеріне жеткізіп отыр. Өнімді өткізу нарығы күн санап кеңейіп келеді, Қазір біздің тұтынушыларымыз қатарында Алматы, Түркістан облыстары мен Шымкент қала­ларынан дистрибьюторлар бар. Өніміміз сапасы туралы жағымды пікірлерді көп естиміз. Ендігі міндет – еліміздің сұранысын толық өтеп, экспортқа шығу. Өңір өндірісіне қолдау танытып келе жатқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа алғыс білдіргіміз келеді», дейді зауыт басшысы.

Сыр бойы – шыны кластерін құруға қолайлы аймақ. Негіз­гі шикізат – жоғары сапалы кварц құмының қоры бойын­ша Қызылорда елімізде алдың­ғы қатарда тұр. Жаңадан іске қосылатын жылу электр ор­талығы энергияны көп қажет ететін инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал кәсіпорындарды тұрақты газбен жабдықтауды облыс аумағы арқылы өтетін Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбыры қам­тамасыз етеді. Өңірдің көлік­тік логистикалық әлеуеті де ай­мақтағы инвест жобалардың келешегіне сенімді үстей түсіп отыр.

«Kazakh invest» ҰК» АҚ өңір­лік директоры Мұрат Бала­баевтың пікірінше, осы уақытқа дейін аграрлық аймақ саналып келген Сырда жаңа өнеркәсіптік дәуір бас­талды деп батыл айтуы­мызға болады.

«Шыны және шыны бұйым­дарын өндіру – еліміздегі импортты алмастыратын, болашағы зор салалардың бірі. Өңірде іске қосылатын «Арал сода» зауыты шыны кластеріне серпін беретін жобаға айналмақ. Өйткені сода күлі шыны өндірісіне қажетті бірден-бір шикізат. Осылайша, өндіріс шығындары айтарлықтай төмендеп, бәсекеге қабілеті арта түспек.

«Кейінгі жылдары аймаққа отандық және шетелдік инвес­торларды тарту бас­тамасы айтар­лықтай нәтиже беріп отыр. Жаңадан ашылған өндіріс орны аймақта заманауи өнеркәсіп орта қалыптасып жатқандығын көрсетеді. Бұл тек бастамасы ғана. Бұл салада еліміз ішкі сұра­ныстан бөлек бәсекеге қабілетті экспортшыға да айнала алады. Мысалы, біз ұзақ жылдар бойы импорттық айнаға қарап келдік, бүгін соны өзіміз жасап отырмыз. Бұл шын мәнінде өндірістегі үлкен өзгерістердің бас­тауы», дейді М.Балабаев.

 

ҚЫЗЫЛОРДА 

Соңғы жаңалықтар

Зейнетақыны алу тәртібі өзгеруі мүмкін

Экономика • 31 Желтоқсан, 2025