25 Маусым, 2015

Мемлекеттік тіл жанашырларына құрмет

425 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_8089 Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында  Мәдениет және спорт министрлігі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздары мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімін өткізді. Онда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы журналистерді мерекелерімен құттықтап, министрліктің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады. Мерекелік шараны Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту мен қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы бірлесе ұйымдастырып, байқау мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау белсенділігін арттыру мақсатында өткізілген болатын. Оған қазақ және орыс тілдерінде мерзімді басылымдарда, интернет-ресурстарда жарық көрген жарияланымдар, эфирге шыққан хабар, бағдарламалар бойынша келіп түскен материалдар қабылданды. Бәйгеге жекелеген тілшілердің ел аумағындағы БАҚ-та жариялаған мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту және қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалы туралы 200-ден аса өткір де өзекті материалдар келіп түсіпті. Байқау материалдарын сенатор, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің төрағалығымен елімізге белгілі жазушылар мен тәжірибелі журналист мамандарынан құралған арнайы қазылар алқасы қарастырып, жүлдегерлерді анықтады. Қазылар алқасы қатысушыларды «Үздік мақала», «Үздік телеарна бағдарламасы», «Үздік радио бағдарламасы», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша баға­ла­ды. Қазылар алқасының шешімімен ­ «Үздік мақала» номинациясы бойынша «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің шолушысы Сүлеймен Мәмет бірінші орынды жеңіп алса, «Арқа ақшамы» қоғамдық-саяси апталық газетінің жауапты хатшысы Құлынтай Монай екінші, Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің жауапты хатшысы Дария Жұмаділова үшінші орынды иеленді. Ал «Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша бірінші орын «Мемлекеттік тілді дамыту институты» сайтының тілшісі Қымбат Сіләмбековке бұйырса, «Жас қазақ үні» газетінің редакторы Дастан Елдесов екінші, Батыс Қазақстан облысы «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі» ЖШС «Каз­ақпа­рат.кз» сайтының меншікті тіл­шісі Ғайсағали Сейтақ үшінші орынды иеленді. «Үздік телеарна бағдарламасы» номинациясы бойынша «Бірінші Қарағанды» телеарнасының тілшісі Алмас Мұсабеков бірінші орынды жеңіп алса, екінші, үшінші орындар «Жетісу» телеарнасының редакторы Айман Асылбекова мен Қостанай облысы «Акцент» Лисаковск телеарнасының бас редакторы Диана Лизуноваға табыс етілді. «Үздік радио бағдарламасы» номинациясы бойынша бірінші орынды Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Есенбек Санатұлы иеленіп, екінші, үшінші орындар «Рудный дауысы» радиосының тілшісі Жанарыс Астанаев пен «Халық радиосы» орыс редакциясының меңгерушісі Әсемгүл Аманжоловаға бұйырды. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның мәдениет, спорт салалары мен конфессияаралық келісімді дамытуды насихаттауда қол жеткізген табыстары мен жемісті шығармашылық қызметі үшін «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Қарашаш Тоқсанбай министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталды. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».