Қоғам • Кеше

Жылқы туралы елеулі кітап

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шәкәрім университетінде «Жылқы түлігі» атты ғылыми-танымдық кітап таныстырылды.

Жылқы туралы елеулі кітап

Жиынға Шәріпбек Әмір­беков, Манарбек Мұха­меджанов, Тыныштықбек Әбдікә­кім­ұлы, Мұхтарбек Қарпықұлы, Құсмілия Жырғалыұлы, Ержан Жаубай және жергі­лікті зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жинақта қазақ жылқысының түп-тегі, табиғаты, анатомиясы мен физиологиясы, экстерьері мен конституциясы ғылыми тұрғыдан баяндалған. Еңбекте сонымен қатар көшпелілер өркениеті, көнетүркі мәдениеті мен әдебиетіндегі жылқы бейнесі, қазақ тарихындағы жылқының маңызы, түрлері толық берілген. Бұған қоса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тілге тиек етіп, арнайы тапсырма берген елдегі жылқы шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы, оны жақсарту тұр­ғысындағы ой-пікірлер оқырман назарына ұсынылған.

Кітап мазмұны қазақ халқының жылқы түлігіне қатысты танымын терең­дете түсері сөзсіз. «Жылқы – асыл түлік», «Көшпелілер өркениеті және көне түркі мәдениеті мен әдебиетіндегі жылқы бейнесі», «Қазақ тарихындағы жылқының маңызы», «Жылқы ша­руашылығы саласы», «Ат спорты», «Ат үстіндегі өнер», «Саят­шылық және саяхат», «Жылқы шаруашылығы саласының болашағы» секілді бөлім­дерінде зоотехния мен иппология ғылымдарының негіздерімен қатар, қазақ дүниетанымындағы жылқытану туралы түсініктері қамтылған. Со­нымен бірге жылқы тұқымын асыл­дандырудың нақты ғылыми ұсы­ныстары берілген. Мәселен, Семей қаласында Биоинженерия орталығын ашып, жылқы өнімдеріне қатысты әлемдік деңгейдегі соңғы ғылыми жетістіктерді зерттеу, отандық және шет­елдік ғалымдарды тарту мәселесі көтерілген. Сондай-ақ «Жылқы му­зейін» ашу, тұқымдық генетиканы терең зерттеу, саумал, қымыз, жылқы жалы мен бие шуының биохимиялық құрамын анықтау, олардан алынатын биологиялық белсенді қоспаларын фармацевтика және косметология салаларында қолдану мүмкіндігін зерделеу жөнінде құнды пікірлер айтылған. Білім беру саласында зоотехния және иппология мамандарын даярлау, асылдандыру жұмыстарын жандандыру да басты назарда.

Кітап авторлары – қоғам қай­раткері Айбек Кәрімов пен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ғалым Қайрат Исхан. Тұсаукесер барысында Айбек Мүталапханұлы еңбектің әр тарауына жеке-жеке тоқталып, негізгі идеясы мен ғылыми-танымдық маңызына тоқталды. Ал Қайрат Исхан өз сөзінде бұл еңбек көпжылғы ғылыми ізденістерінің жемісі екенін жеткізді.

– Бұл кітапта жылқының селекциясы, зоотехниясы, физиологиясы, анатомиясы ғана емес, қазақтың батырлар жыры, күйі мен әні, тасқа қашалған жылқы бейнелері секілді рухани мұралар да бір арнаға то­ғыстырылды. Кітаптың жарық көруіне Шәкәрім университетінің ғалымдары мен басшылығы зор қолдау көрсетті, – деді ол.

Бұған қоса ол Семей өңіріндегі жылқы шаруашылығының жетіс­тіктерін де жіпке тізгендей айтты. 2022 жылы «Бесқарағай» зауыттық типі, ал 2024 жылы Мұғалжар жылқы тұқымының «Ертіс» зауыттық типі апробациядан өткенін мәлімдеді. «Қазір елімізде 4 миллионнан аса жылқы болса, соның басым бөлігі Семей өңірінде өсіріледі», дейді Қ.Ихсан.

Оның айтуынша, кітаптың тұсаукесері Шәкәрім университетінде өтуінің де символикалық мәні бар. Себебі елімізде алғаш жылқы шаруашылығы жөнінде ғылыми диссертация жазған ғалым Бай­долла Садықов осы оқу орнында ұзақ жыл еңбек еткен.

Сонымен бірге жиында Байдолла Хамзаұлы атында цех ашу жөнінде ұсыныс айтылып, бұл бастама алдағы уақытта Шәкәрім университетінде жүзеге асатын болды. Осы орайда кәсіпкерлер – Асқар Данабаев пен Хабидулла Мукинов аталған цехты қажетті құрылғылармен жабдықтауға демеушілік жасайтынын айтып, ғылым мен өндірісті ұштастыратын игі істі қолдайтындарын жеткізді.

– Алдағы 2026 жыл – жылқы жылы. Бұл – қолына құрық ұстап, көкірегіне жылқы киесі сіңген, рухын арғымақтар дүбірі оятқан халқымыз үшін ерекше жыл. Қолымызға тигелі отырған «Жылқы түлігі» жинағы осы жылдың символы ретінде ең жақын, ет жақын адамдарға сыйға берілуге де таптырмас сыйлық болары анық. Кітаптың тағы бір ерекшелігі, жылқытануға қатысты барлық саланы қамтығандықтан, сіз жылқы анатомиясын сырттай танып қана қоймай, халық ауыз әдебиеті нұсқасындағы жылқы анатомиясын қатар оқи ала аласыз, – дейді журналист Ержан Жаубай.

Ұлт руханияты мен ғылымды ұштас­тырған «Жылқы түлігі» кітабы – қазақтың жылқыға қатысты танымын жаңа деңгейге көтеретін, болашақ ғылыми ізденістерге жол ашатын құнды еңбек болмақ.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Кеше