Шетелдіктерді ауыл тіршілігі қызықтырады
Әлем бойынша 1,5 млн-нан астам жазылушысы бар америкалық Крис Джундеф пен неміс блогері Йоханнес Хулш осы жылы қыркүйек айында Катонқарағайға келді. Жаһанның жерұйық жерлерін аралап жүрген жиһанкездердің бағытында таңдау еркіндігі шексіз еді, алайда олар Алтайдың етегінде, ауасы ошақ түтінімен араласқан еліміздің шығысына бет алды.
Олар ауылдың күнбе-күнгі тыныс-тіршілігін көруді мақсат етіп келген. Түскі астың қамымен дастарқан жайып жатқан әйел, есік алдында мүлгіп жатқан ит, өрістегі жылқылар блогерлердің таңданысын тудырып, фотоға түсіріп Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларына жариялаған.
«Сары түске оранған аңғарлар, иен жатқан жолдармен мына әлемнен бейхабарсыз ерекше тыныштық. Міне, бұл Катонқарағайдағы күздің ерекше әсері болмақ», деп жазды саяхатшы-блогер Йоханнес Хулш.
Ал Крис Джундеф елімізге он жылдан кейін қайта келгенін айтады.
«Қазақстанға алғаш рет 2014 жылы ат басын бұрдым. Қазір мұнда бәрі жаңа қалыпқа енген. Бағзы заманда бұл жерге тәуекелшіл саяхатшылар ғана келетін. Ал бүгінде бұл елді тиімді әрі тез аралап шығуға болады. Арнайы қосымшалар мен банк карталары бәрін жеңілдеткенін де айта кеткен жөн. Қызмет сапасы да жоғары деңгейде екен. Қазақстанның қаншалықты дамып, алға жылжығаны шынында таңғаларлық», деп жазба қалдырған.
Шетел саяхатшыларының бұл сапарынан өмірдің бар салмағы қарапайым сәттерден құралатынын ұғуға болады.
Санға басымдық берген
Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының директоры Фатима Герфанованың айтуынша, елімізде туристік әлеуетті зор 74 аудан бар. Солардың ішінде Катонқарағайдың орны ерекше. Жергілікті халық келген қонақты өмір ырғағына бейімдейді, ал табиғаты үндестікке үйретеді. Мұнда турист сырттан келген бақылаушыдан гөрі, тіршіліктің бір бөлшегі іспеттес. Шетелдік блогерлер сапарының мәні осында. Олар Катон қарағайдың шынайы тынысын көрсете отырып, жергілікті өмірді әлемге әйгілейді.
«Катонқарағай жұрты жалпы ешкімге ұнауға тырыспайды. Қарапайым тіршілігі өзінде. Мүмкін туризмнің болашағы да осында шығар. Мұнда келушілердің саны емес, көңілі қымбат», дейді Ф.Герфанова.

Алайда маман елімізде туризм саласындағы жұмыс мақсатты жүзеге асырылмаса, қазіргі күйімізді жоғалтып аламыз ба деп алаңдаушылық білдіреді. Ф.Герфанованың айтуынша, еліміздің 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары (Үкіметтің 2022 жылғы № 50 қаулысы) туризмді ел экономикасының негізгі драйвері деп белгілейді. Жоспарға сәйкес, 2029 жылға қарай шетелдік туристер санын 0,9 млн-нан 4 млн-ға дейін ұлғайту көзделген, ішкі туризм де айтарлықтай өседі.
«Туризмнің ІЖӨ-дегі үлесін 3,4%-дан әлемдік орташа деңгейге 8%-ға жеткізу көзделген. Инфрақұрылымды дамыту, әуе қатынасын кеңейту, инвестиция тарту, жұмыс орындарын көбейту секілді басым бағыттар қамтылған. Астана, Алматы (тау кластерін қоса), Түркістан, Маңғыстау, Бурабай негізгі туристік аймақтар деп белгіленген. Қарап отырсақ жоспарда тек сандық мақсаттар енгізілген, ал өсімнің сапасын көрсететін өлшемдер жоқ. Табиғатқа түсетін салмақ, мәдени ортаны сақтау, ауылдық жерлерге пайда мен жергілікті қауымның орнықтылығы есепке алынбаған. Жалпы санға сүйенген сайын мән кетеді. Сол кезде ең қымбат дүниеміз – тыныштық пен тазалық, адам мен табиғат арасындағы үйлесім көзден ғайып болуы мүмкін», дейді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы.
Ф.Герфанованың айтуынша, Ұлттық даму жоспарында туризм тек экономикалық сала ретінде қарастырылған, ал оның мәдени, жергілікті әлеуетті сақтау функциясы ескерілмеген. Сондай-ақ жоспарда экологиялық тұрақтылыққа көңіл бөлінгенімен, нақты көрсеткіштер мен бақылау құралдары жоқ. Экологиялық тұрақтылық стандарттары арнайы нормативтік актілерде (жасыл туризм, экотуризм ережелері) көрсетілгенімен, стратегиялық құжатта бұл мақсаттар мен іске асыру құралдарының байланысы ескерілмеген.
«Халықаралық тәжірибе (UNWTO, 2017) бойынша, туризмді басқару кезінде аймақтың шекті жүктемесі (carrying capacity) есепке алынуға тиіс. Шектен тыс туристік ағын табиғат пен әлеуметтік жүйелерді деградацияға ұшыратады. Еліміздегі жоспарда бұл көрсеткіш қарастырылмаған. Туризм жұмыспен қамтуды арттырушы ретінде қарастырылған, бірақ жергілікті қауымдастықтың қатысуы, шағын бизнестің үлесі, туристік қызмет сапасы, туристердің көңілінен шығуы сияқты әлеуметтік өлшемдер есепке алынбаған. Яғни туризмнің табысы туристер саны арқылы бағаланып, тұрақтылық пен әділдік ескерілмеген», дейді Ф.Герфанова.
Әлемдік тәжірибені ескерген абзал
«World Tourism Organization» (UNWTO) дерегіне сүйенсек, Y және Z буынының 86%-ы әдеттегі қызметі жоғары қымбат қонақүйлер аясындағы демалысты емес нағыз тыныштық сыйлайтын, тарихи әсіресе көшпелілер өмірінің тыныс-тіршілігін көрсететін орындарға сапарлағанды қалайды. Ал осы тұста еліміздің ұтары көп. Сондықтан туристер санына емес, қаймағы бұзылмаған, Катонқарағай секілді елді мекендердің қалпын сақтауға назар салған жөн.
Мәселен, «Францияда Petites Cités de Caractère» бағдарламасы арқылы шағын қалалар қайта жанданып жатыр. Италияда «Borghi più belli d’Italia» жоспарымен елді мекендері қорғалады. Жапонияның «One Village», «One Product» қозғалысы ауылды өзін-өзі таныстыру мектебіне айналдырды. Кореяда да фермерлік пен цифрлық технология тоғысып, «ақылды ауылдар» бой көтерді. Ал Исландия мен Норвегияда ескі қожалықтар шағын қонақүйлерге айналып, әр бөлме бір-бір әулеттің тынысын жеткізеді.
Бұл елдердің тәжірибесі орнықты туризм – мәдениет, табиғат пен экономиканың арасындағы теңдік қағидатын дәлелдейді. Осы орайда Ф.Герфанова «Мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» заң стратегиялық құжаттарды өлшенетін нәтижелерге бағдарлайды. Бұл сандық көрсеткіштерді бақылауды жеңілдетеді, бірақ мәдени бірегейлік, қауымдастық қатысуы, экожүйелердің тұрақтылығы сияқты аспектілер назардан тыс қалатынын айтады.
«Германияның тұрақты даму стратегиясы (German Sustainable Development Strategy, GSDS) барлық саясат саласын, оның ішінде туризмді қамтиды. Әр нормативтік акт тұрақтылық қағидаттары бойынша тексеріліп, нәтижелер ашық жарияланады. Елімізде де осындай механизмді енгізу макроэкономикалық көрсеткіштер мен аймақтардың тұрақтылығын біріктіруге мүмкіндік береді. Негізі экологиялық маршруттар мен сертификатталған нысандардың үлесін, рекреациялық жүктеменің теңгерімін (carrying capacity) анықтап алу қажет», дейді ол.
Туризм – тек туристер мен табыс емес, мәдени диалог, елді жергілікті тұрғындары, дәстүрлері мен табиғаты арқылы тану жолы. Оны табиғатты бүлдірмей, жергілікті қауымдастық пен мәдениетті сақтай отырып жүргізу маңызды. Ал егер мақсат тек цифрларға бағдарланса, қоғам мен табиғаттың шынайы жағдайы ескерілмейді. Құндылықтар басты назарда болса, туризм ұлттық тұрақты даму стратегиясының бөлігі бола алады дейді мамандар.