Заң мен Тәртіп • 30 Желтоқсан, 2025

Суық қаруды заңсыз саудалауға тосқауыл қойылды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде суық қаруды заңсыз алып жүру бойынша қылмыстық оқиғалардың саны азайып келеді. Мәселен, былтыр әуежай мен теміржол вокзалдарында тыйым салынған заттарды тасымалдағаны үшін 100-ден аса азамат, ал биыл тек 40-қа тарта адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Суық қаруды заңсыз саудалауға тосқауыл қойылды

Сурет: yk-news.kz

Мұндай оң динамикаға Бас көлік прокуратурасы, Мәде­ниет және ақпарат министр­лігі және Көліктегі полиция департаментінің халықара­лық маркетплейстермен меморан­думға қол қоюы ықпал еткен. Яғни танымал сауда алаңдарында тыйым салынған тауарлардың заңсыз жарнамасы мен сатылымын дер кезінде анықтау, бұғаттау бойынша бірлескен шаралар көлік нысандарындағы қылмыс деңгейінің төмендеуіне сеп болып отыр. Дегенмен маркетплейстерде суық қаруды жарнамалау деректері әлі де кездесіп жүр. Осы бағытта жұмысты үдету үшін «Атамекен» астаналық кәсіпкерлер палатасы алаңында жауапты мемлекеттік мекемелер мен платформа өкілдері кеңес өткізді.

– Басты мақсат – «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында суық қарудың сатылуын болдырмау, олардың қоғамдағы, әсіресе жастар арасындағы айналымын азайту, сондай-ақ халық пен сауда субъектілеріне суық қаруды заңсыз алып жүру, өткізу немесе сату бойынша Қылмыстық кодекс­тің 287-бабы негізінде қыл­мыстық жауап­кершілік көздел­генін кеңінен түсін­діру. Екі жылда елде мұндай 1 600-ден аса қылмыстық іс тіркелді. Оның ішін­дегі 260 дерек көлік саласына қатыс­ты, – деді Бас көлік прокурорының аға көмекшісі Абзал Бақашбаев.

Жалпы Kaspi, Halyk Market, OLX, Satu.kz, Ozon.kz, Wildberries және басқа да сату платформаларында тыйым салын­ған заттар­дың еркін саудасы елдегі құ­қық­бұзу­шылықтың өсуіне тікелей не жанама әсер етеді. Оған дәлел, Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірім­нің кастетпен соққы алу салдарынан қаза табу фактісі, тіпті Астана қаласы­ның халықаралық әуежайында бір азаматтың суық қарудан жарақат алып, ауруханаға жеткізілуі сынды деректер жетерлік. Осы жылдың өзінде суық қаруды заңсыз сатып алу бойынша 52 дерек тіркелді. Оның 34-і маркетплейстер арқылы, 18-і өзге сауда арналары арқылы жүзеге асқан.

– Комитет тарапынан маркетплейс­терге тұрақты мониторинг жүргізіледі. Жыл ішінде тіркелген суық қару сатуға қатысты жарнама орналастырылғаны туралы дәлелдер бар. Яғни олар өз тарапынан тыйым салынған тауарларды өздігінен сүзгіден өткізу тетіктерін толық іске асырмай отыр, – деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Ілияс Есмағұл.

Бас көлік прокуратурасы суық қаруды сатқан және сатып алғандар жауапқа тартылатынын ескертеді. Нақтырақ айтқанда, 180 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмысқа тартылады, тіпті 50 тәулікке қамалуы мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар