Байқау жеңімпаздарын Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов марапаттады.
«Жұмысшы мамандықтары жылы «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында өңірдің жаңа кәсіптері мен құзыреттерінің атласы әзірленді. Бұл құжат аймақ экономикасының нақты сұранысына сай кадр даярлау жүйесін жаңаша бейімдеуге берік негіз қалап отыр. Бүгінде өңірдің техникалық, кәсіптік білім жүйесінде 15 колледж жұмыс істейді. Онда жеті мыңға жуық студент білім алып жатыр. Жұмысшы мамандығына кадр дайындаудың қоғамдық, стратегиялық маңызы зор», деді облыс әкімі.
Байқау қорытындысында «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы», «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталып, қаржылай сыйақылармен марапатталды.
«Үздік еңбек әулеті» аталымында бірінші орынды Мұсабековтер әулеті, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында бірінші орынды Дулат Құрманбеков, «Өндірістің үздік жас маманы» аталымында бірінші орынды Ерлан Төлегенов иеленді. Барлығына 500 мың теңге сыйақы берілді. ІІ, ІІІ орын алған жүлдегерлерге де ақшалай сыйлық табысталды.
«Парыз» байқауында «Қазақмыс» корпорациясы ірі, «Самға» ЖШС орта, «Мамаrаdа» орталығы кіші үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын деп танылды. Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын аталымында «Маker», «Қазтехфильтр» ЖШС жеңімпаз атанды. Үздік ұжымдық шарт аталымында «Жәйрем Марганец» кәсіпорны, Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі алға шықты. Сонымен қатар жұмысшы мамандар даярлайтын техникалық-кәсіптік білім беру колледждері мен олардың басшылары марапатталды.
Ұлытау облысы