24 Ақпан, 2015

Іскер әйелдер ішкі тұрақтылық жағында

398 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Құрылғанына биыл 20 жыл болған Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы баспасөз мәслихатын өткізді. Қыз Құртқа мен Назымның, Нүрила мен Ұлпанның сайын далада сар желіске салып, шірей тартып садағын, атойлап ұран салғанда тік көтерген алашын есіл ерлердің еңсесін биіктетуде үр қызындай үріп алған көркімен, салқында  өскен өлеңдей майда жібек жанымен, ұлтының ертеңі үшін  әрін де, ақылын да, барын да салған апалардың жалғасы, бүгінгі ғасырдағы еркін тыныс­ты қазақ қызы. Қалыбында ерін сыйлап, ертеңін ойлап, болашақ ұрпағының қамын жеген сол аналар мен апаларының жалғасы – Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы елді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырды. Біздер, әйелдер үшін отбасы­мыздың амандығы, берекелі тіршілігі, еліміздің тыныштығы мен өркендеп дамуы – ең маңызды мәселе. Тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы қиын кезеңдерде белімізді тас түйін етіп буып, саудаға шығып, тәуекел еткеніміз де сондықтан. Елбасы бірде әйелдер сол кез­дері отбасыларын ғана емес, мемлекетті де сақтап қалды дегені бар еді, ендеше біздер, іскер әйелдер қазіргідей әлемді дағдарыс желі тұрып, шайқалтып жатқан тұста да қарап отыра алмаймыз. Өзіміздің азаматтық позицияларымызды айқындап, ҚХА көтерген бастаманы қол­даймыз, деген Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының Президенттік сайлауды Раушан Сәрсембаева президент сайлауын өткізу идеясының  дер кезінде көтеріліп отырғанын айтты. «Сайлау біздің қоғамымызды тұтастыра түседі, жас үшін де,  жасамыс үшін де, ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер үшін де ырысы мол берекелі тіршілікті, тыныштықты сақтап, елімізді алға қарай өркендету маңызды. Өйткені, ол – болашақ, ертеңгі жарқын күндеріміздің кепілі. Ал әйелдер осындай маңызды істен тыс қалмайды», деді. «Қазіргі уақытта істің басында, үлкен ұжымның тізгінін ұстап, басшылық атқарып жүргенімізбен, біздің жүрегіміз – әйел жүрегі. Елде болып жатқан әрбір жақсы-жаманды оқиғалардың барлығын жүрек арқылы өткізу – әйелдердің жаратылыс берген сыйы. Біздің ойымызша, президенттік сайлауды биыл өткізу жайында бастама көтерілуі де осындай іс. Және өте бір уақтылы көтерілген идея. Ол бәрімізді біріктіріп, барлығымызды бір санаға жинап, жұмылдырып, елдің жарқын ертеңіне бастайды, сайлау өзінің асыл миссиясын орындайды деп сенемін», деді «Атлант инжиниринг» ЖСС бас директоры Гүлзада Өмірбай. Ал «Аврора NS» ЖСС директоры және «Тифлис» мейрамханасының қожайыны Надежда Сейітова «Әйел – отбасының ұйытқысы. Әсіресе, күрделі кезеңде әйел­дің осындай қасиеттері ай­қын көрінеді. Сондықтан да әйел­дер қауымы Отанымызда көте­ріліп жатқан сайлауға қатысты ұсыныстарды қолдап, өз үндерін жеткізуді парыздары санайды», деп іскер әйелдердің көшбасшылары жиналған журналистерден осы пікірлерін халыққа жеткізуді сұрады. Иә, ежелден қазақ қызын еркелетіп, бетін өзгелердей тұм­шалап бүркемелемей, ретті жерінде ойына да тұсау салмай еркін өсірген. Бәлкім, ғасырлардың ұзын-сонар, салқар көшінде кейде бәсең, кейде асқақтаған осы рух тәуелсіз елдегі қыздарымыздың бойынан тебіндеп сыртқа шығып тұрғандай көрінеді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.