Әр тасына ұлттық рухтың исі сіңген Ұлытауда алғадай жастардың «Отаншыл-2015» білім беру лагері осымен бесінші рет қазық қағып, жалау көтерді. Соңғы жылдары ауқымды жобаға айналған бұл шараға облыстың Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск, Саран, Приозерск қалалары мен Ұлытау, Абай, Шет, Осакаров, Бұқар жырау, Жаңаарқа аудандарынан делегат жастар келіп бас қосты.
Жалпы, «Отаншыл» жобасының аясында жастар қоғамдық қызметтің тәжірибесін зерттеп, бұқаралық шараларды ұйымдастыру мен өткізуді, сонымен қатар, әр саладағы өзіндік жобаларын қорғап және оларды ұсына білуді оқып-үйренеді. Бұдан бөлек, елдің ертеңі санатындағы ұрпақтың өкілдері лагерь негізіндегі алаңқайда өздерінің дарыны мен қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, пікірлес жаңа достармен танысып, соны бастамаларына қажетті қолдау табуға мол мүмкіндік алады.
«Отаншыл-2015» жастар лагерінің салтанатты ашылуында Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Буканова және Қарағанды облыстық жастар бастамашылдығы орталығының директоры Ақжол Құрмансейітов сөз сөйлеп, қоғамдық өмірдің жуан ортасында жүрген жалынды жастарға сәттілік тіледі.
Делегаттар атынан сөз алған Теміртау қаласындағы жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың директоры Айнагүл Әбдірахманова жастарға көрсетілген қолдау – елдің болашақ дамуына салынған инвестиция екенін атап өтті. «Отаншыл-2015» лагерінің ашылуына келген қонақтар «Сәтбаев-2020: жастарға жақын қала» деп аталған ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Жиын қорытындысы бойынша Сәтбаев қалалық әкімдігі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, Қазақстан Жастар конгресі және Қарағанды облыстық жастар бастамашылдығы орталығы арасында төртжақты меморандумға қол қойылды.
«Отаншыл-2015» лагерінің екінші жұмыс күнінде «Өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының дамуы» тақырыбында сынақ алаңқайының отырысы өтті. Бұл шараға Сәтбаев әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері қатысты. Өз кезегінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері форум делегаттары үшін әр тақырыпты қаузаған шеберлік сыныптарын ұйымдастырды. Лагерьдің үшінші күні жас делегаттар қасиетті Ұлытау тауларына экскурсия жасап, киелі мекеннің тамылжыған табиғатымен танысты. Сонымен қатар, білім беру лагері қызметінің аясында ғылым, техника, білім, мәдениет және өнерге қатысты көрмелер мен жәрмеңкелер, жобалар тұсаукесерлері ұйымдастырылды.
Бұл басқосуға қатысқан жастардың бәрі де бірауыздан мұндай жүздесулердің тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелер төңірегіндегі алуан түрлі пікірлерді тыңдауға, көкейкесті тақырыптарды талқылап, ой-пікір жарыстыруға тамаша мүмкіндіктер беретінін ерекше атады. Ұлытауда ұйымдастырылған «Отаншыл-2015» жастар лагерінің балауса буынды келешектегі өнімді жұмыстарға ынталандырып қана қоймай, облыстағы жастар ұйымдарының арасындағы байланыстың нығаюына да игі ықпалын тигізері анық.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы.