24 Ақпан, 2015

Қазақстанның стратегиялық басымдығы

282 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
экономикалық серпіліс жасауға жол ашады Мемлекеттің дағдарысқа қарсы саясатын жүзеге асыру барысын талқылау сенбі күнгі өткен Орталық коммуникациялар қызметінде жалғасын тапты. Бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин мен осы комитет мүшесі Елеусін Сағындықов шықты. Отырыс негізінен «Бюджетке түзету енгізу тұрғысында жобаларды іске асыру туралы» деген тақырыпқа арналды. Алдымен сөз алған Е.Сағындықов «Нұрлы Жол» бағдарламасы ел экономикасы үшін мультипликативті тиімді болатын инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын ашуға бағытталғандығын ерекше атады. Олар мыналар: көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту; индустриялық инфрақұрылымды дамыту; энергетикалық инфрақұ­рылымды дамыту; тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық инфра­құры­лымдарын және су мен жылу жүйелерін жаңғырту; тұрғын үй инфра­құрылымдарын нығайту; әлеумет­тік инфрақұрылымдарды дамыту, сон­дай-ақ, шағын және орта бизнес­ті, іскер адамдарды қолдау. Әсіресе, жол құрылысына ерекше екпін берілері де алға тартылды. Атап айтқанда, Астанадан «шұғыл қағидаты» бойынша көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін 2015-2017 жылдары Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көзделген. Соның 180 миллиарды биыл игеріледі. Тек автожол салу есебінен 200 мың жұмыс орны ашылары да алға тартылды. Депутат сөз реті келгенде Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Ақтөбе – Атырау, Алматы – Өскемен және Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда бағыттарындағы жолдардың жөнге келтірілерін тілге тиек ете кетті. Бұдан басқа, теміржол желісін салуға республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге көзделсе, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы да қарап қалмайтындығы белгілі болып отыр. Ең аз дегенде 20 мыңдай жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Индустриялық инфрақұрылымды дамыту жайын сөз еткенде сенатор биыл 600 миллиард теңге болатын 75 жоба іске қосыларын жеткізді. Сондай-ақ, 100 жобаны іске асыру одан әрі жалғастырыларын және де осы жылы 500 миллиард теңгенің игерілерін де атап кетті. Оның сөзіне қарағанда, бұл салада 45 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Бұдан басқа, Еркін экономикалық аймақтарды құруды аяқтау үшін 68,5 миллиард теңге және жеке инвестициялардан 150 миллиард теңге тартылмақ. Ал құрылатын жұмыс орны – 20 мыңнан астам. Энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға қатысты сөзінде сенатор «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» бағытында 500 квт электр желісі транзитін жүзеге асыру үшін 119 миллиард теңге бөлінерін де жеткізді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын және су мен жылу жүйелерін жаңғыртуға 2015-2017 жылдары 210 миллиард теңге жоспарланғанын да ортаға сала кетті. Сонымен қатар, 2020 жылға дейін 1,4 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынуы тиіс болса, оған 198 миллиард теңге қарастырылған. Осы жылдар аралығында үш ауысыммен оқытуды жоюға 70 миллиард теңге, ал балабақшалар салуға 20 миллиард теңге жұмсалатын болады. 2015-2016 жылдары шағын және орта бизнесті қолдауға 200 миллиард теңге көзделсе, шағын және орта бизнес пен ірі кәсіпкерлікті жеңілдіктермен қаржыландыру пулы 555 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. 2020 жылға дейін 30 мың жұмыс орны ашылары да аталмай қалмады. Тұтастай алғанда, 2015-2019 жылдары 402 мың адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілетін болса, соның ішінде 94 мыңы тұрақты жұмыс орындарымен қамтылады. Ал 308,6 мың адам уақытша жұмыспен айналысады. Сөзінің соңында сенатор Қазақстанның стратегиялық басымдығы – жаһандық экономикадағы ауыр жағдайға қара­мастан, экономикалық серпіліс жасау­ға жол ашады дегенді ерекше атады. Бұдан кейін сөз алған Т.Абайділдин былтыр еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 100-ге тарта заңның қабылданғанын, биыл аталған бағдарламаға енгізілетін өзгерістерге сәйкес тиісті заңдарға өзгерістер қажет екендігін атап өтті. Мемлекет басшысы, әсіресе, шағын және орта бизнестің инновациялық экономикадағы өз орнын табуына үлкен маңыз беріп келеді, деген депутат осы тұрғыдан келгенде мемлекет кәсіпкерлік ортаның бастамаларын жүзеге асыру үшін ыңғайлы жағдайлар жасауы тиістігіне ерекше ден қойды. Комитет төрағасының айтуынша, бизнес жүргізу үшін әкімшіліктік кедергілерді жою және іскерлік ортаны құру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Парламент Сенаты өз тарапынан бұл мәселелерді заңнамалық қамтамасыз ету жағына үлкен маңыз беруде. Соның жарқын бір дәлелі өткен жылы қабылданған «Рұқсат берулер және хабарландырулар туралы» заңдық құжат. Президент бюджет шығындарын оңтайландыру дағдарысқа қарсы шаралардың негізгі элементі екендігін атап кеткендігіне назар аудартқан комитет төрағасы Парламент пен Үкімет мемлекеттік шығындардың тиімділігін арттыру және теңгерімді бюджет саясатын қалыптастыру жөніндегі жаңа қадамдарды әзірлеу бойынша көптеген шараларды, соның ішінде заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді қолға аларын алға тартты. Сенатор әлемнің ең дамыған елдерінің өзінде жаһандық экономикалық дағдарыс салдарынан еңбекақы, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы көлемі және жұмыс орындары қасқарып жатқандығына ерекше назар аудартты. Ал Қазақстан жылдан жылға еңбекақыны және барлық әлеуметтік төлемдерді өсіріп, жаңа жұмыс орындарын құруда. Сондықтан да республикалық бюджет параметрлері әлеуметтік сипат алып отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».