Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 08:50

Еңбек адамы – қоғамның қуаты

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүкіл ел көлеміндегі қайнаған тірлік – кең қанат жайған құрылыс, қойнаудағы ен байлық, жайлау­дағы төрт түлік мал, қамба толы астық, қойма толы өнім, қысқасы, барша бұқараның қалыпты тыныс-тіршілігіне қажет барша игілік – ең алдымен құрыш қолды шаруақор қауымның жылдың төрт мезгілінде бір толас таппайтын тынымсыз еңбегінің, қапысыз қажыр-қайратының жемісі.

Еңбек адамы –  қоғамның қуаты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Еңбек адамы қандай сы­й-­құрметке болсын ла­­йық. Сол тұр­ғыда Мем­ле­кет бас­­­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмыс­шы мамандықтар жылы еліміз­­дің еңбек нарығы мен білім беру жүйесін­дегі бет­бұрыс кезеңі болды, мемлекеттік саясат сала­сын­дағы іргелі инс­титу­ционалдық рефо­рма­ларға жол ашты.

Биыл еліміз үшін табысты жыл болды. Экономика саласы 6,4% өсім көр­сетті. Отандық зауыттарда 147 мың авто­көлік құрастырылды. 17 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Денсаулық сақтау саласында 219 жаңа нысан бой көтерді. 130 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан 173 өндіріс іске қосылып, 22 мың жұмыс орны ашылды. Диқандарымыз екінші жыл қатарынан рекордтық көлемде – 27 млн тонна астық жинады. 13 мың шақырым жол реконструкцияланып, жөндеуден өтті. Міне, осы тола­йым табыстардың артында мыңдаған адамның маңдай тері, ерік-жігері, есепсіз еңбегі тұр. Олар – қатардағы қарапайым жұмысшылар, мамандар, құрылысшылар, механизаторлар, технологтер, диқандар, бақытын адал кәсіптен тапқан басқа да қайың қаптал азаматтар.

Атаулы жыл аясында жұмысшы ма­мандықтардың беделін көтеру тек ұранмен емес, нақты қаржылық қолдаумен жүзеге асты. Коммуналдық шаруашылық, су, жылу энергетикасы сала­сындағы жұмысшылардың жала­қысы жыл басынан бері орта есеппен 25-30%-ға өсті. Бұл бұрын кадр­лардың келім-кетімі өте жоғары бол­ған салаларда тұрақтылықты қам­та­масыз етті.

Өңірлерде «Еңбек жастары», арнайы ипотекалық бағдарламалар аясында өндірісте жүрген жас мамандарға жеңілдетілген несиемен баспана алуға квоталар бөлінді.

Еңбек адамын құрметтеу – елдің рухани кемелдігін көрсететін ұлы қасиет. Адал еңбек – адамзаттың ар­қа сүйер тірегі, қоғамның қуат күші. Қай заманда да ел дамуының негізі маңдай терімен, қол күшімен, ақыл-парасатымен еселеп еңбек еткен ақжүрек адамдардың қажырлы қыз­меті арқылы қалыптасқан. Осы орай­да биыл еңбек адамының мәрте­бе­сіне, қоғамдағы орнына ерекше назар аударылды. Жыл барысындағы марапаттау шараларында қарапайым еңбек адамдары – кеншілер, механизаторлар, құрылысшылар, малшылар, өндіріс озаттары «Қазақстанның Еңбек Ері», басқа да жоғары наградаларға көптеп ие болды. Бұл қоғамдық санаға қатты әсер етті.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында негізінен қол күшімен атқа­ры­латын ауыл шаруашылығы мен өндіріс секторлары кең ауқымды мемлекеттік қолдауға ие болды. Соның арқасында саладағы кадр тапшылығын жою, еңбек өнімділігін арттыруға қатысты нақты нәтижелерге қол жеткізілді.

д

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Агроөнеркәсіп кешеніндегі басты мақсат ауыл еңбегін цифрландыру, жастарды ауылға тарту болды. «Ауыл аманаты», басқа да бағдарламалар аясында ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа шағын кәсіпкерлік субъектісі ашылды. Нәтижесінде, ауыл­да 45 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл маусымдық жұмыссыздықты 12%-ға қысқартты.

Елдегі су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында «Су ресурстары және ирригация» мамандығына бөлінген грант­тар саны үш есе өсті. Биыл су үнем­деу технологияларын енгізген фер­малардың үлесі 30%-ға жетті. Осы қондырғыларды күтіп ұстайтын гидротехниктер мен инженер-мелиораторлардың жалақысы орта есеппен 450-500 мың теңгеге дейін көтерілді.

Ветеринарлардың жалақысы бюджеттік сала қызметкерлерімен теңестіріліп, қосымша 50% үстемеақы төлене бастады. Цифрлық ветеринария жүйесі толық іске қосылып, мал дәрігерлерінің қағазбастылығы 70%-ға
азайды. Лизингтік бағдарламалар арқылы шаруалар 5 мыңнан астам озық үлгілі John Deere, Claas, сондай-ақ өзімізде құрастырылған жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Заманауи басқару тетігі, GPS-навигация, климат-бақылау сынды техника жетістіктері механизатор, ком­байншы мамандығының тартым­ды­лығын арттырды.

Өндіріс саласындағы шикізаттық экономикадан өңдеуші экономикаға көшу үдерісінде жұмысшы маман­дар­­дың рөлі күшейді. Жыл қорытын­ды­сын­да өңдеу өнеркәсібінің өсімі тау-кен өндірісінен де асып түсті (+6.5% өсім). Бұл зауыт-фабрикалардағы тұ­рақты жұмыс орындарының көбей­генін білдіреді. Қарағанды аймағын­дағы металлургиялық комбинат пен шахталарда еңбек қауіпсіздігін цифр­лан­дыруға қатысты ауқымды жоба аяқ­талды. Өндірістік жарақат алу көрсет­кіші 2024 жылмен салыстырғанда 25%-ға төмендеді. Шахталарда «ақылды датчик­терді» бақылайтын операторлар мен IT-инженерлердің жаңа буыны қалыптасты.

Қостанай мен Алматыдағы автозауыттарда дәнекерлеу, бояу цехтары то­лықтай автоматтандырылған желіге көшті. Осы саладағы білікті жұмыс­шылардың орташа жалақысы 600 мың теңгеден асты. Соған қарамас­тан, автомеханиктер, мехатрониктер, электр жабдықтарын жөндеушілерге сұраныс еселеп артып отыр.

Батыс өңірлерде полипропилен, полиэтилен шығаратын ірі кешендердің екінші кезегі іске қосылды. Жобаларға 3000-ға жуық жергілікті жас маман технологтер, аппаратшылар жұмысқа қабылданды. Шетелдік жұмыс күшін алмастыру көрсеткіші 90%-ға жетті.

Биылғы жылдың басты жетістігі ауыл шаруашылығы мен өндірістегі маман-кадрлардың «жасаруы» болды. Бұрын бұл салаларда орта буын өкіл­дері, зейнет алды жасындағы адам­дар басым болса, қазір дрондар, автоматтандырылған станоктар сынды жаңа технологиялардың көптеп іске қосылуымен 25-35 жас аралығындағы жастардың үлесі 20%-ға артты.

Атаулы жылдың стратегиялық мән-маңызы, мұрат-мақсаты қоғам­дағы қол еңбегіне қатысты кері түсінікті, қалыптасып қалған қасаң қағи­даларды жою, техникалық, кә­сіп­тік білім жүйесін нақты экономика сұранысына бейімдеу болды. Президент бастамасы ең алдымен еңбек нарығындағы теңгерімсіздікті реттеуге негізделді. Айталық, елімізде дипломды заңгерлер мен менеджерлер қаншалықты көп болса, өндіріске қажет дәнекерлеушілер мен энергетиктер соншалықты тапшы. Осындай олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған оралымды шаралар өз жемісін берді.

Ең басты нәтиже – жастар санасында қатардағы жұмысшы мамандық­та­рының кеңсе қызметкерлерінен кем емес, керісінше, табысты әрі құрметті екендігі туралы түсінік орныға бастады. Болашақта бұл қарқынды бәсеңдетпей, жұмысшылардың әлеуметтік пакетін одан әрі кеңейту, еңбек жағдайын барынша жақсарту басты назарда болуға тиіс.

Биыл техникалық, кәсіптік білім саласындағы түбегейлі өзгерістер, рефор­малар сандық, сапалық көрсет­кіш­термен ерекшеленді. Ресми деректерге сүйенсек, техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны рекордтық деңгейге жетті. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы металлургия, IT, энергетика, құрылыс сынды жұмысшы мамандықтарына бағытталды. Кол­ледж студенттерінің шәкіртақысы 2024 жылмен салыстырғанда орта есеппен 50%-ға өсті. Бұл жастардың кәсіптік білімге деген қызығушылығын арттырды.

Елімізде 20-дан астам шетелдік жетекші оқу орындарының (Германия, Оңтүстік Корея, Қытай, т.б.) филиалдары мен бірлескен бағдарламалары іске қосылды. Мысалы, неміс дуалды оқыту стандарттары бірқатар техникалық колледжге енгізілді. Еліміздің құрама командасы халықаралық WorldSkills чемпионатында тарихи нәтиже көрсетіп, техникалық мамандықтардың беделін халықаралық деңгейде дәлелдеді.

Бұрынғы «теориялық оқытудан» «өн­діріс­тік практикаға» көшу үдерісі кең өріс алды. Ірі өндірістік кәсіп­орындар (Kazakhmys, ERG, Қазатом­өнер­кәсіп, т.б.) өздеріне қажетті кадр­ларды даярлайтын 400-ден астам кол­леджді қамқорлыққа алды. Дуал­ды оқыту жүйесімен білім алған түлектердің 95%-ы оқу бітірген бойда жұмысқа орналасты. Бұл кейінгі 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Биыл ел көлеміндегі 100-ге жуық колледждің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды. Олар за­ма­науи құрылғылармен, VR-трена­жер­лармен, зертханалармен жаб­дық­талды. Студенттерге арналған жаңа жатақхана ғимараттарын салу жоспары 100% орындалып, ірі қалалар­дағы тапшылық айтарлықтай азайды.

Қол жеткен табыстарға қарамастан, кәсіптік, техникалық білім саласында шешімін күткен мәселелер де бар. Айталық, ауылдық жерлердегі колледждердің деңгейі әлі де қалалық оқу орындарынан төмен. Арнайы пәндерден сабақ беретін, өндірістік тәжірибесі бар оқытушылардың тапшылығы сезіледі. Өндірістегі жалақы колледжден жоғары болғандықтан, мықты мамандар оқытушылыққа барғысы келмейді. Жасанды интел­лект пен роботтандырудың дамуы кейбір қарапайым жұмысшы ма­мандықтарының жойылу қаупін тудырып отыр, бұл қайта даярлау жүйесін ширатуды талап етеді.

Қорыта келгенде, Жұмысшы маман­­дық­тары жылы аясында көпте­ген игі іс, баталы бағдарлама қолға алынып, ойдағыдай орындалды. Тегінде, еңбектің қадірін біліп, жұмысшыны ұлықтау – тек бір күндік рәсім емес, ол ұлттық санада мықтап орныққан тұрақты ұстанымға айналуға тиіс. Бұл – жастарды адал жолға бағыттайтын тәрбие, ұлтты еңбекке баулитын үлгі. Халқымыз «Еңбек – ер санаты», «Еңбек түбі – береке», «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтпаған. Бүгінде бұл ұғым ел дамуы мен әлеуметтік әділеттіліктің тірегі. Еңбек адамының мәртебесін арттыру, әлеуметтік қолдау, қоғамда олардың рөлін насихаттау – елдің тұрақты дамуының кепілі, мемлекет пен қоғамның міндеті. Еңбек адамды тәрбиелейді, елді өркендетеді. Еңбек адамын құрметтеу – ұрпақ бойына ізеттілік пен жауапкершілік сіңіру. Еңбек адамына тағзым ету – елге қызмет етудің ең асыл жолы.

Соңғы жаңалықтар