ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Венадағы Қысқы сессиясы аясында Қазақстан делегациясының басшысы Икрам Адырбеков ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Илкка Канервамен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан мен Парламенттік Ассамблея арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды, сондай-ақ, осы сессияның күн тәртібіндегі кейбір тақырыптар бойынша пікір алмасылды.
Тараптар ЕҚЫҰ-ның ауқымды қызмет кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ЕҚЫҰ-ның рөлін күшейту жөніндегі парламентшілер арасындағы сындарлы үнқатысуды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Сол күні сенатор И.Адырбеков Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар (АҰІЖК) Астрид Торспен де кездесті. А.Торс Қазақстанның ұлтаралық қатынастар саласындағы белсенді мемлекеттік саясатын жоғары бағалады және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аталып өтетін биылғы жылдың біздің еліміз үшін аса маңызды екенін атап өтті.
А.Торс сенаторды кеңсенің алуан қауымдастықтарды ықпалдастыру жөніндегі бағдарламасын іске асыру барысы туралы хабардар етті. Жеткіншек ұрпақты мультилингвистикалық тұрғыда тәрбиелеуде мемлекеттің маңызды рөлі туралы да айтылды.
Қазақстан делегациясының басшысы АҰІЖК қызметіне, оның ішінде Қазақстандағы кеңсесі жүзеге асырған бағдарламаларына жоғары баға берді. Ол елдегі қоғам тұрақтылығын қолдаудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды рөліне тоқталды. Сондай-ақ, аз ұлттарды қолдау жөніндегі саясатты нығайтуда парламентаралық дипломатияны дамытуға белсенді қатысуға әзірлігін білдірді.
Қазақстандық делегацияның басшысы И.Адырбеков Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікте (АЭХА) кездесу өткізді. Кездесуге АЭХА тарапынан Үйлестіру жөніндегі бас директор кеңсесінің басшысы К.Феруто, заң кеңсесінің басшысы П.Джонсон, жобаның атқарушы директоры Т.Вуд қатысты.
Жүздесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері талқыланды. Агенттік басшылығы бейбіт атом энергиясын дамыту бойынша Қазақстан АЭХА-ның маңызды әріптесі екенін атап өтті. Ядролық қарусыздану мен оны таратпаудың жаһандық үдерістеріне, оның ішінде Семей ядролық полигонын жабуға, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимылдың күнін жариялауда және басқа да шараларға Қазақстанның үлесін АЭХА жақсы біледі. АЭХА үшін басымдыққа ие және ерекше мәні бар төмен деңгейде байытылған уран банкін жасау жөніндегі жобаны іске асыру барысы туралы Қазақстан Парламентінің депутаттары хабардар етілді