Саясат • 01 Қаңтар, 2026

Сындарлы саясат: Биыл мемлекетімізді қандай өзгеріс күтеді?

60 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемдегі геосаяси ахуал күн санап өзгеріп жатыр. Әр жерде тұтанған соғыс өрті мен кикілжіңдер, санкциялар мен экономикалық байланыстардың үзілуі түрлі сын-қатерге жедел ден қойып, келешек бағыт-бағдарды дер кезінде айқындап отыруды талап етеді. Бұл сында жан-жағындағы көршілерімен әрі әлемдік алып державалармен тең дәрежеде қатынас орнатқан Қазақ елінің ұпайы түгел. Дегенмен бұл қол қусырып отыру дегенді білдірмейді. Осы орайда биыл еліміздің ішкі-сыртқы саясаты қалай өзгеруі мүмкін? Заман алдымыздан қандай тосынсый ұсынады? Біз саяси сарапшыларды сөзге тартып, жақын болашақ жайын жобалап көрген едік.

Сындарлы саясат: Биыл мемлекетімізді қандай өзгеріс күтеді?

Халықаралық сарапшы Жанат Момынқұловтың айтуынша, бұл жыл еліміз үшін сыртқы саясатта жаңа сын-қатерлер мен мүм­кіндіктер тоғысатын кезең бол­мақ. Ол геосаяси тұрақсыздық күшейген, ірі державалар ара­сындағы бәсеке ушығып тұрған қазіргі жағдайда еліміздің көп­векторлы, прагматикалық ба­ғы­ты бұрынғыдан да өзекті бола түсетінін айтады. Яғни халық­аралық қатынастарда теңгерімді сақтай отырып, ұлттық мүд­дені қорғауға әрі аймақтық тұрақ­тылықты нығайтуға басымдық берілмек.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы өзгермейтін ұстанымы – көп­векторлы тепе-теңдік пен өзара тиімді әріптестік. 2026 жылы да еліміз Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа одағы және түркі-ислам әлемі елдерімен қатынасты бір бағытқа тәуелді болмай, тең түр­де дамытуға ұмтылады. Бұл – елдің егемендігін нығайтудың әрі халықаралық аренадағы маневр жасау қабілетін сақтаудың басты шарты», дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы Орта­лық Азияның экономика­лық дамуы кемінде 5%-ға өсіп, әлемдегі ең жылдам көрсеткішке жетуі мүмкін екенін, демек аймақтың C5+ форматы аясын­дағы ортақ мүдделерінің маңызы артатынын айтады.

«Кейінгі кезде Орталық Азия елдерінің өзара сенімі мен ық­палдастығы жаңа деңгейге кө­терілді. Қазақстан мен Өзбек­станның стратегиялық серіктестігі мен бәсекелі ықпалдастығы осы үрдістің өзегі болмақ. Аймақ ел­дерінің ортақ ұстаным қалып­тастыруы сыртқы күштердің ық­палын теңгерудің де маңызды тетігі болмақ. Осы тұрғыда Орта­лық Азияның халықаралық мәселелерде бір дауыспен сөйлеу қабілеті мен бірлігінің маңызы арта түседі», дейді ол.

Ж.Момынқұлов еліміздің тран­зиттік өткел мен логистика­лық орталық болуы үшін Транс-Каспий халықаралық көлік дәлі­зінің стратегиялық мәні артатынын, биыл бұл бағыт «Орта дәліз» аясында одан әрі дамып, Әзербайжан арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыратын балама маршруттың практикалық әлеуеті нығая түсуі мүмкін екенін жеткізді. Бұл еліміздің тек шикі­зат жеткізуші емес, толыққан­ды транзиттік хабқа айналуына жол ашпақ. Оның айтуынша, көлік-логистика саласындағы бұл бетбұрыс елдің геоэкономика­лық салмағын арттырып, сырт­қы саясаттағы дербестігін күшей­ту мүмкіндігін ұсынады. Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаев жыл басын­да Пәкістанға сапар жасауы мүм­кін екенін айтқан сарапшылар сөзіне сүйене отырып, Ауғанстан бойынша дипломатиямыз жаңа деңгейге шығатынын, осыған орай шығыстанушы ретінде дипломаттарды биыл Оңтүстік Азия аймағына көбірек көңіл аударуға шақырды.

«Астана келесі жылы да Қытай, Ресей және Батыс арасын­дағы нәзік балансты сақтауға күш салады. Қытай еліміздің ірі эко­номикалық серіктесі ре­тінде инфрақұрылым, өнер­кә­сіп және логистика салаларын­да маңызды рөл атқара бере­ді. Сонымен қатар еліміз Қытай­мен ынтымақтастықта ұлттық мүдде мен экологиялық, әлеу­меттік факторларға ерекше мән беруге тырысады. Ресей­мен қарым-қатынас одақтастық және экономикалық әріптестік деңгейінде сақталады. Еуразия­лық экономикалық одақ аясын­дағы байланыстар жалғасқа­ны­мен, еліміз өз дербес экономи­калық саясатын қорғауға, тәуекел­дерді азайтуға басымдық береді. Ал Батыспен, әсіресе АҚШ, Еуропа одағымен байланыс инвестиция, технология, жасыл энергетика мен цифрландыру бағыттарындағы келісімдер аясында дамуы жалғасуы мүмкін. Қ.Тоқаевтың G20 саммитіне ша­қырылуы еліміздің АҚШ экономикасы үшін ресурстық әрі дипломатиялық маңызын, ал Орталық Азияның әлемдік сая­саттағы орнын арттыра түскенін көрсетеді», деді халықаралық сарапшы.

Сонымен қатар ол Түркі мем­лекеттері ұйымы аясындағы ықпалдастық биыл да сыртқы саясаттағы негізгі бағыттардың бірі болатынын, экономика­лық, мәдени және көлік жобала­ры арқылы түркі кеңістігіндегі ­байланыстар нығая түсуі ықти­мал екенін жеткізіп, Түркияда өтетін Түркі мемлекеттері ұйы­мы саммитінде бұл бағыт праг­матикалық мазмұнға ие бола бас­тайды деген болжамын айтты.

«Бұған қоса еліміздің халық­аралық белсенділігі артқан сайын сырттан бәсеке мен ақпараттық қысым да күшеюі мүмкін. Әр­түрлі геосаяси орталықтар елдің ішкі және сыртқы саясатын өз мүддесіне сай түсіндіруге тырысады. Мұндай жағдайда мемле­кет үшін басты міндет – ақпарат­тық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғам ішіндегі тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік жағдайды ба­қылау. Биыл еліміз сыртқы сая­сатта күрделі, мүмкіндігі мол ке­зеңге қадам басады деп сене­мін. Елдің басты мақсаты – өзге­лердің геосаяси дау-дама­йына араласпай, бейбітшіліктің жаршысы, келісім мен диалогтің субъектісі болу. Көпвекторлы саясат, Орталық Азия бірлігі, Әзербайжан мен Түрікменстан арқылы Орта дәліз бен Оңтүстік транзит дәліздерді дамыту және көршілермен прагматикалық серіктестік пен сенімді арттыру біздің егемендігімізді нығайтып, халықаралық беделіміздің артуына ықпал етпек. Былтырғы дипломатиялық белсенділік­тің жемісін ел көретін жыл бола­тын шығар деп үміт етеміз», деді сарапшы.

Ал саясаттанушы Аман Мәмбетәлі биыл еліміздің ішкі саясатында орын алуы мүмкін өзгерістерге көбірек тоқталды. Оның айтуынша, ел ішінде болатын жалпы елеулі өзгерістерді екі блокқа бөліп қарастыруға бола­ды. Оның бірі – саяси, екіншісі – ­экономика саласындағы өзге­рістер. Соның ішінде саясаттанушы өз саласына қатысты мәселелер жайында кеңінен мәлімет берді.

«Бұл жыл Президентіміз Жолдауда айтқан парламенттік реформа бойынша референ­дум өткізуге дайындық жұмыс­тарымен ерекшеленеді деп ойлаймын. Расында, аталған реформа – еліміздің саяси моделінің, жүйелі трансформациясының жалғасы. Алдағы уақытта ол Парламенттің күшеюіне алып келетіні айтпаса да түсінікті. Ал мұндай өзгеріс, яғни Парламент құрылымының өзгеруі жалпыұлттық референдум арқылы шешімін табуға тиіс. Бұл – біздің саяси мәдениеті­міз­дің өскендігінің көрінісі. Сон­дықтан тағдыршешті істің бәрі бір адамның емес, қоғамдағы барлық адамның қатысуымен, дауыс беруімен жүзеге асуы – уақыт талабы», дейді ол.

Саясаттанушы 2019 жылдан басталған ел ішіндегі саяси реформалар, оның қатарында Парламент пен демократиялық институттардың рөлін арттыру­ға бағытталған жұмыс қоғам­ның уақыт талабына сай жаңғыруы­на септігін тигізетінін айтады. Оның пікірінше, бір палаталы Парламенттің құрылуы әділ ше­шім, өйткені бұл – унитарлы мем­лекеттердің бәріне тән нәрсе.

«Менің ойымша, осы реформа аясында Сенат таратылып, Мәжіліс депутаттарының саны артуы, оның құрамына қоғамдағы түрлі саланың белсенділері енуі мүмкін. Сәйкесінше парла­мент­тік реформа Мәжілістің рөлін күшейтіп, оның заң шы­ғару­шылық белсенділігін де жоғ­а­ры­­латады деген сеніміміз мол», дейді ол.

Сонымен қатар А.Мәмбетәлі биыл мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік субъек­тілердің электронды үкі­мет плат­формасынан тыс ақпарат­тан­дыру нысандарын құруға мора­торий енгізілетінін жет­кізді. Бұл жақсы жаңалық еке­нін, өйткені ол жұмыстың ашық­тығын қамтамасыз ететінін айтты. Сондай-ақ электоралды жүйе­нің дамуы да жалғасын таба­ды. Референдумның өзі әрбір аза­маттың дауыс беру мүмкіндігін қарастыратын тетік екенін алға тартты.

«Тағы бір маңызды жаңалық – 18 қаңтарда «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енеді. Бұл құжат осы қызметті пайда­ланатын барлық институттар мен үдерістерге заңды алаң қа­лыптастырады. Сол арқылы елі­міздің заңды векторын, сала­дағы даму бағытын бекітеді. Бұған қоса осы жылы екінші дең­гейлі банктерге бақылау күшейе түседі деп ойлаймын. Өйт­кені Президент бұл туралы да айтқаны белгілі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының өзі талай рет сынға алған Салық кодексі де ретке келтіріліп, саладағы мем­лекеттің рөлін бекітеді, салық ведомствосының жұмысын жүйе­лейді деп есептейміз. Білім мен медицина саласындағы мекеме­лер үшін салық жеңілдіктері сақ­­талады. Ең бастысы, бұған де­йін салықтан жалтарып келген көптеген қаржылық және өзге де компанияларды көлеңкеден шығаруға өз септігін тигізеді деп үміттенеміз. Біз – құқықтық мем­лекетпіз. Сондықтан барлық ведомство, соның ішінде қаржы­лық ұйымдардың жұмысын айқын көрсететін ортақ кодекс болғаны жөн», деп сөзін түйіндеді. 

Соңғы жаңалықтар