Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев палата бюросының отырысын өткізді, онда Мәжілістен түскен заң жобалары қаралды, деп хабарлады Сенатының баспасөз қызметі.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы»; «Халықаралық әуе тасымалдарының кейбір қағидаларын біріздендіруге арналған конвенцияны ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын одан әрі пысықтау және қорытынды әзірлеу үшін жауапты болып белгіленді.
Бюрода, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын босату және сайлау, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотының судьясын босату туралы мәселе де қаралды. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Қазақстан Республикасының Президенті ұсынған кандидатураларды талқылап, олар бойынша қорытындылар әзірлеу тапсырылды.
Бюро отырысы барысында палатаның алдағы 26 ақпанда өтетін отырысының күн тәртібіне ұсыныс енгізілді.