*Елімізде нан және ұн өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шаралары қолға алынды. Осы мақсатта Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қабылданған меморандумдар негізінде өңірлерге 738 мың тонна астық жөнелтуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, 2015 жылдың қаңтарынан бері аймақтарға 18 мың тонна бидай жеткізілген.
* «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ биыл 17 активті жекешелендіреді. Қор басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «Алатау Жарық компаниясы» АҚ, «Алматы электр стансалары» АҚ, «Алматы Энерго Сбыт» ЖШС, және тағы басқа да ірі компаниялар сатылымға шығарылатынын мәлімдеді.
* Астанада дәстүрлі «Қамқорлық» республикалық акциясы қорытындыланды. Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өткізілген шара барысында табысы төмен және көп балалы отбасыларынан шыққан 2 307 балаға жалпы сомасы 21 млн. 717 мың теңгеге көмек көрсетілді. Мұның 16 млн. 528 мың теңгесі бюджет есебінен қаралса, демеушілер 5 млн. 189 мың теңге берген.
*Алматы облысындағы «Уыз май Industry» ЖШС бір маусымда 16,8 тонна соя өндіре алады. Серіктестік басшысы Ербол Тоқтағұловтың айтуынша, зауыт заманауи құрылғылармен жабдықталған. Көксу ауданы Теректі ауылында орналасқан кәсіпорын облыстың «Индустрияландыру картасына» енгізілді.
* Шымкенттегі K.AZ TEL кәсіпорны жылына ұзындығы 8 млн. шақырым сымтемір шығарады. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мұнда кабельдің 100-ден астам түрі, жез бен алюминий сымдары жасалынатынын жеткізді. Аталған өнімге нарықта сұраныс бар. Құрылым «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен 158 млн. теңге несие алған.
* Петропавлда ЖЭО-2 стансасының қуатын арттыру үшін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың сөзіне қарағанда, биыл №1 және №5 турбиналарды ауыстыру, №12 қазандық агрегатын қайта жөндеу ісі басталған. Бұл шаралар стансаның белгіленген қуатын 25 пайызға ұлғайтады.
* Ақтауда нан Германия технологиясымен пісіріледі. Қаладағы «Приозерный-3» кентінде бір жарым жылда салынып біткен MAGA BREAD наубайханасы жұмыс істеп жатыр. Оның қуаты тәулігіне 50 тонна өнім шығаруға жетеді. Кәсіпорын нан-тоқаш өнімдерімен бүкіл шаһарды қамтамасыз ете алады. Мұнда толық штатта 160 адам бар. Наубайхананың сметалық құны – 2 млрд. теңге.
Хабарлар Үкімет, облыстық әкімдіктер сайттары мен «ҚазАқпарат» агенттігінің деректері бойынша
дайындалды.