12 Тамыз, 2015

«Жиынтық» сөзі шаруаны шаршататын секілді

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бірден әңгіменің ашығын айтсақ, 2015 жылдың 1 қаңта­рынан заңнамалық күшіне енген Салық кодексінің 439-бабы 1-1 тармағының 1-ші тармақ­шасы «ауылшаруашылық мақ­са­тында пайдаланылатын жер­дің жиынтық көлемі»... (әрі қарай мәтін бойынша) деген редакциясындағы «жиын­тық» сөз тіркесінің дұрыс қолда­нылмауы салдарынан ауыл шаруашылығы саласындағы шаруа қожалықтары мен фер­мерлердің үлкен наразылығын тудырып отыр. Мәселен, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер: егістік, шабындық және жайылым болып бөлінетіндігі және әрқайсысынан алынатын өнім мөлшері әр қилы болатындығы баршамызға аян. Кейбір өңірлерде, мысалы, суармалы егістік жердің гектарынан орта есеппен 1,5 млн.теңгенің және одан да жоғары өнім (көкөніс, бау-бақша және жеміс-жидек, т.б.) алатын болса, шабындық жерлердің гектарынан 15,0-20,0 мың теңгенің, жайылымдық жерлер болса небәрі 1,0-1,5 теңгенің өнімін беретінін ескерсек, сонда суармалы егістік жердің әрбір гектары шабындық жердің 70-80 гектарына, жайылымдық жердің 900-1000 гектары беретін өніміне пара-пар, яғни егістік жердің құндылығы шабындық және жайылымға қарағанда сәй­кесінше осыншама есеге артық. Осындай айырмашылыққа қарамастан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы үш категорияға (егіс­тік, шабындық және жай­ы­­­­­­­­­лым) бөлінетін жерлер­ді фи­зикалық шамада арифме­ти­ка­лық жолмен қосып, жаңа өз­герістегі «жиынтық» жер кө­ле­мін шығару деген іс жүзінде де, ғылыми тұрғыда да бұрын-соңды болмаған «жаңалық». Дұры­сы – әр категориядағы жер­ді шартты егістік жерге коэффи­циент қолданып айналдыру. Мәселен, оңтүстік өңірлерде 501 га жайылымдық жері бар шаруа бірдемнен (мөлшердегі 500 га-дан жоғары) салық төлеудің жаңа тәртібіне енеді, ал осы жер көлемі шартты суармалы егістік жердің шамамен 0,5 гектарына тең. Осы екі түрлі категориядағы жер телімінен алынатын өнім екіншісінікі (0,5 га) біріншісіне (501 га) қарағанда шамамен 7-8 есе артық болса, төленетін салық мөлшері, керісінше, 5-6 есе кем. Яғни, шабындық және жайылым жерлерін шартты суармалы егістікке айналдырған жағдайда жоғарыдағы шаруа өзгеріске дейінгі салық төлеу тәртібімен жұмыс істеп, саны бар сапасы жоқ «көп» жері бар шаруа қожалықтары жылына 4 мәрте салық төлеп, есеп бермей, мардымсыз кіріс-шығысын есептейтін кассалық аппаратты сатып алып, әуре-сарсаңға түспеген болар еді. Қалыптасқан жағдайдан хабардар болсын деп, ҚР Пар­ламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Р.Мадиновке, Рес­пуб­ликалық Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының төрағасы А.Мырзахметовке жазған хаты­­мызға ешқандай жауап ала алмадық. Осы мәселеде Ұлт­тық кәсіпкерлер палата­сы ұйым­дастырған (Ауыл шаруа­шылығы, Қаржы және Экономика және даму министрліктерінің жауап­ты қызметкерлері қатысқан) республикалық бейне конференцияда Салық кодексіндегі орын алған келеңсіз, шынайы жағдайға қарама-қайшы өзгерістер әр облыстан қатысқан кәсіпкерлердің наразылығын тудырды. Аталмыш Салық кодексіне енген өзгертулер республикада ауылшаруашылық өнді­рісін кешенді түрде дамы­туға кері әсерін тигізіп, кей­бір шаруалардың жерін қай­тарып беруіне немесе шаруа­шылықтарын бөлшектеуге мәжбүрлейді. Мұның қалайда бір шешімін табу керек деген мақсатпен, дала жұмыстарының күйіп тұрғанына қарамастан қолымызға қалам алдық... Барлығы 25 шаруа қожалығы иелері атынан: Жұмаділ БИЖАНОВ, шаруа қожалығының басшысы. Алматы облысы, Панфилов ауданы,