Алматы облысы, Қаратал ауданының Айту ауылдық округінің орталығы Көкпекті ауылында еліміздегі 2190-шы мешіт бой көтерді. Алла үйінің тұсаукесер рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дәрбісәлі қатысып, бүгінде Қазақстанда мешіттер санының артып, елдің имандылыққа бет бұрып келе жатқанын жеткізді.Салтанатты жиын ҚМДБ-ның Талдықорған өңіріндегі өкіл имамы, қари Жұманәлі Амановтың мешіттің ашылуына орай Құран оқып, сауабын жаманатқа бағыштауымен басталды.
– Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде бар-жоғы 68 ғана мешіт болды, – деді жиылған қауымды қуаныштарымен құттықтаған Бас мүфти. – Олардың өзі бұрынғы дүкен, мәдениет үйі сияқты ескі ғимараттар еді. Ол кезде мынандай зәулім мешіттер салу жұрттың үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Бүгінгі таңда әуелі бір Алланың, сосын тәуелсіздіктің, мемлекетті басқарып отырған Елбасының салиқалы саясатының арқасында 19 жылдың ішінде 2190 мешіттің тұсауын кесуді нәсіп етіп отыр.
Жаңа мешітке қасиетті “Құран Кәрім” кітабын тарту еткен Бас мүфти, одан әрі кәсіпкердің де кәсіпкері болатынын, қанағаты жоқ, бір тиынды екі тиын етсем деп жүргендердің де, елдің игілігі үшін жол, көпір, мешіт салып берсем деп жүрген азаматтардың да бар екенін айта келіп, Көкпектідегі Алла үйін салған кәсіпкер Нұрбол Болатұлын солардың қатарына жатқызып, өз ризашылығын білдірді.
Бүгінде Көкпекті ауылында 300-дей түтін бар. 50 сотық жерді алып жатқан, шамамен жүз орындық мешіт үйі 10 айдың ішінде салынып, жан-жағы түгел қоршалып, айналасына шырша, емен ағаштары отырғызылды. Ауылдың ажарына ажар, көркіне көрік қосқан мешіттің өзге салынған мешіттерден ерекшелігі – мұнда ауыл имамына екі қабатты үй салып, барлық жаһаздарымен қоса берілген. Егер дін қызметкерлерінің мемлекеттік қызметке жатпайтынын, оларға кесімді жалақының берілмейтінін ескерсек, бұл бір сауапты іс болып тұр. Соңғы кездері діни оқу орындарын бітірген білімді, сауатты түлектер өз жүрек қалауларымен еліміздің түкпір-түкпіріне жолдамамен барғанмен, тұратын баспананың жоқтығынан, ондағы билік өкілдері тарапынан ешқандай қолдау көрмегендіктен бір жылдың айналасында қайтып кетіп жататыны белгілі жайт. Мәселен, биыл 100-ге жуық түлектер бітіріп отыр. Сондықтан, мүмкіндігі келіп жатса, осындай сауапты істі қолға алған азаматтар өздері салған мешіттерінде оқыған, білімді имам болсын десе, осы мәселеге де ден қойып, істің шешілуіне ұйытқы болса дейміз.
Облыстық әкімдіктің атынан құтты болсын айтуға келген облыстық мәслихаттың хатшысы Ардақ Сыдық, ел ағалары Болат Әбішұлы, Қайрат Сатыбалды және де өзге азаматтар сөйлеп, “жаңадан ашылған мешіт іші жамағатқа толсын” деген игі тілектерін білдірді.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Кімде-кім жерде құрқылтайдың ұясындай болса да мешіт тұрғызса, Алла тағала ол үшін жәннатта бір үй салады” десе, хадисте: “Көптеген жария садақалардың ішінде Алла тағаланың разылығы үшін ғибадат жасайтын мешіт салса, иншалла оның сауабы ақыретте соңынан барып тұрады” делінген.
“Жасы кіші демеңіз, ақылы асса, аға тұт” деген, жасы кіші болса да үлкен ағаларының жолын қуып, көкпектіктерге осындай зәулім мешіт салып берген Нұрбол балаларына тағылымы мол ауыл ақсақалдары – Алтынбек пен Төлеген аталары батасын берді. Келген қонағына астындағы атын түсіп беретін қазекең емеспіз бе, ауыл тұрғындарының атынан Нұрболға тұлпар мінгізіп, сыйлы қонақтардың иығына шапан жапты.
– Мешіт – масжит деген сөзден шыққан. Яғни, бас қоятын, Алла тағалаға құлшылық, ғибадат ететін орын деген мағынаны білдіреді. Сондықтан да мешітімізде Алла тағалаға ғибадат етіп, дүниелік және ақыреттік жақсылығын тілеуге жиналатын жандарымыз көбейсін. “Күмбезді ел – көрікті, берекелі, иманды ел” дейді. Бірлікке шақыратын осындай мешіттеріміз саны арта берсін, – деді Көкпектідегі Төлеген мешітінің имамы, Нұр-Мүбәрак ислам-мәдениет университетінің түлегі Ерік Бөлекбаев.
Көгілдір жіп қиылған соң жиналған жамағат ішке еніп, намаз оқыды. Соңында ас беріліп, салтанатты жиынға жиналған жұрт дәмнен ауыз тиді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.