12 Тамыз, 2015

«Құрметті азамат» атағына деген құрметсіздік

610 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Академик Төрегелді Шар­мановтың 12 наурыз күні «Егемен Қазақстан» газе­тін­де жарық көрген «Құнды­лық­тардың құлдырауы» атты мақаласы шыққаннан бері осы тақырып төңірегінде қаншама ойлы үнқатулар жарық көрді десеңізші. Бұл қоғамда ұлт, ел-жұрт мүддесіне деген жауапкершіліктің бар екендігін көрсетеді. Көпті көрген зиялы, ғалым ағамыз адамға тән құндылықтардың құлдырауын ашына жеткізсе, оған үн қосып жатқан белгілі азаматтардың шынайы толғаныстары көте­ріліп отырған мәселенің маңыздылығының дәлелі. Оқыр көз, түсінер сана болса, аз айтылып жатқан жоқ. Осылардың ішінде менің айтайын дегенім мына мәселе еді. Еліміз егемендігін алып, одан бергі ес жию кезеңінен өткеннен бері жергілікті жерлерде азаматтарға мәсли­хаттардың шешімімен аудан­ның, облыстың «құрметті азаматы» деген атақ берілуде. Өзінің мәні бойынша ол туып-өскен өлкесіне, еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбегі сіңген, мемлекеттік орден, медальдары бар, ең бастысы – халық өте құрметтейтін тұлғаларға берілуі керек. Басқа жерді қайдам бізде осы атақтың абыройы әбден түсіп болды. Оның құнын кетіріп жатқан ешкім емес, өзіміз. Осыдан 5-6 жыл бұрын бір мезетте 30-ға жуық адамға «ауданның құрметті азаматы» атағы беріліп кетіп, арты үлкен дау-дамайға ұласты. Сол «құрметтілердің» ішінде жұмыс істеп жүрген мектеп директорлары, ауданның полиция бастығы секілді шенділер де болған. Өкінішке қарай, әлгі атақты иеленген жекелеген азаматтар кейіннен істі болып сотталып, алған атақтарынан айырылып жатты. Осы жағдай сабақ болса, кәнекей. Бұдан бір-екі жыл бұрын тағы да өзіміз танитын жап-жас кәсіпкер жігіттер жанталасып осы атаққа таласқанда көп адам жағасын ұстады. Міне, бұл жағымсыз жағдайдың өзі де ар-ұятты сақтау, қоғам, халық алдындағы орнымызды білу, қарапайымдылық деген қасиеттердің құлдырағанын көрсетеді. Алдағы уақытта ауданның, облыстың «құрметті азаматтары» атағын беруде жасқа, қызметке байланысты шектеулер қою қажет. Ерен, жанқиярлық ерлігі болмаса, 30-40-тағы даңққұмарларға оны алуға мүлдем тыйым салу керек деген пікір көп айтылуда. Сонымен қатар, жергілікті жерлердегі бас ауруға айналған оны бе­кітуді қоғамдық ұйымдар мү­шелерімен кеңейтілген бір ғана органның, не әкімдіктің, не мәслихаттың құзыретіне бе­ру қажет деп ойлаймын. Сон­да ғана бұрынғысынан да кө­бейгелі тұрған атаққұмарлық де­ген дерттің алдын ала аламыз. Мақтаншақтық дертін Абай бабамыз әжуалағаннан бері қан­ша уақыт өтсе де осы бір жағым­сыз қасиеттің қазақтан әлі де болса қалмай келе жат­қандығы бәрімізді ойландыруы тиіс. Мұратбек ДӘКЕНҰЛЫ,  ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылы.