«Халық бухгалтерінің» мақсаты – жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне бухгалтерлік және салықтық есепті дайындау, оны тапсыру жөнінде консультациялық көмек көрсету. Бизнес өкілдері салық заңнамасына қатысты түсінбей жүрген сауалдарын мамандарға қойып, тегін кеңес ала алады.
Кәсіп иелеріне кеңес беретін «Халық бухгалтері» құрамына тәжірибелі бухгалтерлер, кәсіби аудиторлар, белгілі бухгалтерлік бірлестіктердің өкілдері, аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының мамандары еніп отыр. Қаржы министрлігі таратқан хабарламада мамандар әртүрлі ресми ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы кеңес береді деп көрсетілген. Соның ішінде осы акцияға арналған арнайы Telegram арнасы іске қосылыпты.
«Халық бухгалтері» акциясы аясында онлайн-консультациялар, вебинарлар, есепті кезеңдердегі тақырыптық консультациялық сессиялар өткізіледі. Кәсіпкерлермен бетпе-бет кездесулер ұйымдастырылып, оларды толғандырған сұрақтарға жауап беріледі, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Негізгі формат – қалалар мен облыс орталықтарындағы мемлекеттік кірістер басқармалары базасында офлайн қабылдау.
Министрлік өкілдерінің сөзінше, кеңес беру 2026 жылғы қаңтар-ақпанда аптасына 3 рет, наурыздан бастап 2 рет өтеді.
Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында консультациялар өткізу үшін жеке орындарды белгілеу жоспарланып отыр. Ал өңірлерде аудандық деңгейде, қажет болған жағдайда мамандар өздері барып, кеңес береді. Қабылдау кезінде қалалық, аудандық басқармалар арасында бейнебайланыс пен телефон арқылы кеңес беру мүмкіндігі де қарастырылған. «Халық бухгалтері» акциясы кезінде Қаржы министрлігіне қарасты Call-орталықтар да қызу жұмыс істеп, арнайы материалдар базасын жаңартады, SalykBot Telegram-арнасы ақпаратпен толықтырылады.
«Алғаш рет өткізіліп отырған бұл акция салық төлеушілермен жұмыс істейтін мекемелердің ақпараттық жүйелерін жетілдіріп, ондағы мәліметтерді жұртшылыққа қолжетімді етуді көздейді. Алдағы уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алуға және консультациялық қолдаудың сапасын арттыруға бағытталған басқа да қосымша іс-шараларды қолға алуды жоспарлап отырмыз», дейді ведомство өкілдері.
Акция 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.