Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жұртшылықты толғандырып жүрген ең өзекті сұрақтарға өзіне тән парасатпен әрі байыпты мәнермен боямасыз, бүкпесіз жауап берді. Бұл оның халықпен тікелей диалогке ашықтығын, дайын екенін тағы да көрсетеді.
Өткен жылдың басты қорытындысы ретінде Президент ұлттық экономиканың орнықты әрі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Жан басына шаққанда елдің ішкі жалпы өнімі ұзақ жылдан бері алғаш рет 15 мың доллардан асты. Осыдан екі жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген бастапқы сұхбатында Мемлекет басшысы Халықаралық валюта қорының болжауынша, аталған көрсеткіш 2028 жылға қарай 16,8 мың долларға дейін өсетінін айтқан еді. Қазіргі уақытта мұның қолдан келетін шаруа және жете ойластырылған, жүйелі саясаттың тікелей жемісі екенін анық көріп отырмыз. Президенттің алдыңғы сұхбаттарында көтерілген барлық мәселе мен бастама тек сөз жүзінде қалмай, дәйекті түрде іске асып, ел болашағына біртұтас негіз болып қаланып жатқанын атап өткен жөн.
Жақсы нәтижелермен және зор жетістіктермен қатар Президент халық арасында кеңінен талқыланып отырған ең түйткілді тақырыптарға да тоқталып өтті. Әсіресе жуырда қабылданған Салық кодексі қоғам мен іскерлік топтардың ерекше назарында болды. Бұл былтыр ең көп пікірталас тудырған мәселенің бірі десек, артық емес. Осы құжатты әзірлеу барысында шын мәнінде ауқымды жұмыс атқарылды. Мәжілістегі жұмыс тобы мүшелерінің саны 300 адамға дейін жетті. 5 мыңнан аса түзету енгізілді. Талқылаулар орталықтағы және өңірлердегі түрлі диалог алаңдарында өтті. Атап айтқанда, қосылған құн салығының мөлшері мен шегі төңірегінде көп пікір айтылды. Жоғарғы шекті 4 сатыға төмендетіп, бұл өзекті мәселенің нүктесін Мемлекет басшысының өзі қойды.
Президент салық реформасының идеологиясын түсіндіріп, ендігі жерде басты басымдық серіктестікке берілетінін айтты. Негізгі мәселе – мемлекеттің де, азаматтардың да, бизнестің де өз міндеттемелерін адал және саналы түрде орындауы. Осы қарапайым әрі түсінікті формула азаматтық жауапкершіліктің негізін қалап, қоғамдық сананы біртіндеп өзгертеді.
Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының көңіл көншітпейтін жағдайы, тарифтердің көтерілуі сынды түйткілді мәселелер бойынша да мемлекет мүддесі тұрғысынан тұшымды жауап берді. Көп жыл бойы арзан жанармай, электр қуаты мен төмен тарифтерден түскен пайда жекелеген олигополия мен жосықсыз делдалдардың қалтасына түсіп келді. Оның үстіне, бұл жайт экономиканы тұралатып, өзекті мәселелердің шешілуін кешеуілдетті. Бүгінде сол саясаттың салдары ерекше сезіліп отыр. Президент ондай теріс тәжірибені тоқтатып, барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, қордаланған мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет тарапынан, соның ішінде заңнамалық деңгейде де жаңа ережелер енгізіліп жатыр. Негізгі ұстаным – ашықтық және бірінші басшылардың тікелей жауапкершілігі. Енді қаражат жылу электр орталықтары мен коммуналдық желілерді жаңғыртуға жұмсалады. «Тарифті инвестицияға айырбастау» тәсілі де тиімділігін көрсетуде. Алғашында халыққа тосындау көрінген тарифтерді өсіру шаралары да өз нәтижелілігін, белгіленген бағыттың дұрыстығын көрсете бастады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған конституциялық реформа Мәжіліске Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдау құқығын берді. Бастапқы есептің тақырыбы дәл осы жылумен қамту саласының аудиті болды. Бүгінде осы шаралардың бәрі өз жемісін беріп жатқанын көріп отырмыз. 2025 жыл тұрақтылық жылы болып, айтарлықтай коммуналдық ақауларсыз өтті. Бұл – жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігінің айқын дәлелі.
Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттік қызметіне кіріскен күннен бастап ауылды дамытуға баса көңіл бөліп келеді. Ауылдың инфрақұрылымдық және институционалдық дамуына оның сайлау алдындағы бағдарламасында айтылған бастамалар тың серпін берді. Президент сайлауынан кейін бірден қол қойылған жарлықтың бірі «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы» болуы кездейсоқ емес. Екі жыл қатарынан диқандарымыз рекордтық өнім алуы – осындай жүйелі қолдаудың тікелей нәтижесі. Бүгінде 70 елге экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы сомасы 5 млрд доллардан асады.
Мемлекет басшысының табандылығы негізсіз әлеуметтік жеңілдіктердің тым көбеюі мәселесінен де көрінді. Бұл тақырып оның Жолдауында да қозғалған еді. Осы тұста Президенттің түпкі ойының астарына үңілген жөн. Ол қазақстандықтарды еңбекқор ұлт ретінде көргісі келетінін бірнеше рет айтқан болатын. Алайда өткен жылдар тәжірибесі, керісінше, қоғамдағы масылдықтың күшеюіне түрткі болды. Соның салдарынан елімізде жүзден аса түрлі жеңілдік енгізілді. Оны миллиондаған азамат пайдалануда. Бұл елдің дамуын тежейтін, мемлекеттің қыруар ресурсын басқа жаққа бұрып әкететін ауыртпалыққа айналды. Кейбір отбасылар азды малданып, әлеуметтік төлемдермен ғана күн көруге көшкен тұтас бір тұтынушылық мәдениет қалыптасты. Мемлекет басшысының реформалары осы бұрмаланған түсінікті өзгертуге және азаматтарды табанды еңбек етіп, лайықты жалақы алуға ынталандырады.
Өткен жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып, барлық деңгейде еңбек адамына, еңбек династияларына құрмет көрсетілуі бекер емес. Олар өз заманының ерен ерлеріне айналды. Президентіміздің «Таза Қазақстан» идеясын алайық. Бірінші кезекте, бұл бастама жастардың арқасында жай ғана экоация емес, санаға серпіліс берген өмір салтына айналды. Бүгінде мемлекет тарапынан қазақстандықтардың өзін-өзі толыққанды танытуы үшін барлық жағдай жасалуда, оларға кез келген мүмкіндіктер ашық және олар – өз болашағының иелері. Біздің жастар қиындықтан қашпайды. Оған су тасқыны, алапат өрттің кезінде көз жеткіздік. Президент пен жастар алдыңғы шепте жүрді. «Amanat» партиясының жастар қанаты да осы істердің бел ортасынан табылды. Бұл ретте жаһандық цифрлық трансформация дәуірінде жастарды назардан тыс қалдырмай, оларға жол көрсетіп, дұрыс тәрбие беріп, жігерлендіру – маңызды міндет. Атом электр стансасын салу, жасанды интеллектіні енгізу, жаппай цифрландыру – жастардың алға қарай нық қадам басып, дамуына жасалған жаңа мүмкіндіктер.
Президент жаһандық үрдістерді жақсы түсініп, қажетті бағыт-бағдарды дер кезінде айқындап беріп отыр. Ал бұл әлемнің дамыған елдерімен батыл бәсекелесуге мүмкіндік береді. Біз алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект туралы заңды, Цифрлық кодексті қабылдадық. Осы салаға қажетті кадр даярлап, ақпараттық технологиялар инфрақұрылымын дамытып, ақпараттық технологиялар индустриясы көшбасшыларының келуіне жағдай жасап жатырмыз. «Oxford Insights» британдық консалтингтік компаниясының елдердің жасанды интеллектіні енгізуге даярлық рейтингісі бойынша, Қазақстан 188 мемлекет арасында 76-орында тұр. Бұл – біздің қазіргі ұстанымымыз бен әлеуетіміздің көрінісі. Мемлекеттік дерекқорлар, «Smart Data Ukimet» цифрлық платформасы, жаңа суперкомпьютердің іске қосылуы және дамыған инфрақұрылым еліміздің мықты тұсы ретінде аталды. Мұның бәрі Қазақстанның Орталық Азиядағы «озық» ел қатарынан өңірдің цифрлық көшбасшысына айналу кезеңінде тұрғанын айғақтайды. Сонымен қатар Президент тапсырмасымен «Digital Qazaqstan» бірыңғай тұжырымдамалық құжаты әзірленіп жатыр. Жасанды интеллектіні дамыту дербес міндет ретінде емес, технологиялық прогрестің ұлттық стратегиясының ажырамас бөлігі, азаматтарымыздың тұрмысын жақсарту құралы ретінде қаралатынын атап өткен абзал.
Президенттің сыртқы саясат саласындағы қызметі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Баршамыз алмағайып өзгерістердің куәсіміз. Мұндай жағдайда барлық елмен теңгерімді қарым-қатынас сақтай білу аса маңызды. Мемлекет басшысының шетелдік әріптестермен тұрақты байланысы, өзара сапарлары, жоғары деңгейдегі кездесулері еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуға және ұлттық мүддені қорғауға бағытталған.
Біз Президенттің шетелдік көшбасшылармен бейресми қарым-қатынасын үнемі көріп жүрміз. Халықаралық күн тәртібіне терең үңілуі, дипломатиялық протоколды білуі, әңгімені екінші тарап тілінде жүргізе алуы басқа мемлекеттер тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық пен сенім туғызады. Дәл осындай «галстуксыз» жүздесулер елдің тұрақты дамуына, шетелдік инвестициялардың келуіне кепіл болып отыр.
Халықаралық белсенділікпен бірге мемлекетіміз жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл сұхбаттың атауының өзі соны меңзейді. Мемлекет басшысы жариялаған парламенттік реформа қоғамда талқыланып жатқан басты тақырыптың бірі болып отыр. Конституциялық реформаның жаңа кезеңіне дайындық жұмысы қызу жүріп жатыр. Алдымызда референдум, Ата заңға кешенді түзетулердің тұтас жиынтығын енгізу ісі күтіп тұр. Жаңа Парламент тек партиялық тізім бойынша жасақталатыны белгілі. Қазіргі Мәжіліс – ел тарихындағы ең көппартиялы Парламент. Бүгінді бізде қоғамның әртүрлі жігін қамтитын алты партия жұмыс істейді. Осы жылдары фракцияаралық диалог мәдениеті қалыптасты. Ол ел дамуының ең маңызды мәселелері бойынша дұрыс шешім қабылдауға септеседі. Біздің жиған тәжірибеміз болашақ бір палаталы Парламентке жақсы негіз болады деп сенемін.
Сұхбатты оқып шыққанда Президент еліміздің дамуына бағытталған және кезең-кезеңімен халық тұрмысын жақсартатын біртұтас саясатты дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанына тағы да көз жеткіземіз. Мемлекет басшысы алған бағыттан таймай, тұтас халық үшін тең мүмкіндіктер елін құру жолында межелі мақсатқа қарай беттеп келеді. Жалпы, Президенттің жаңа жылды халықпен емен-жарқын сұхбаттан бастауы азаматтардың ел тағдырынан өздерінің тысқары еместігін сезінуіне, тарихи үдерістердің тереңдігін ұғынуына, қабылданған маңызды шешімдерді ел басшысымен бірге байыптауына мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Кемелұлының осындай ашық әңгімесі оның адалдығы мен парасатын, кәсібилігі мен жауапкершілігін айқындайды.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Мәжіліс төрағасы