Пікір • Кеше

Біз таңдаған жол

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі заманда жаңалық көп, бірақ ой аз. Әлеуметтік желілер санаға жылдам әсер етеді, алайда терең пайымға жетелей алмайды. Осындай кезеңде баспасөздің, әсіресе сапалы газет-журналдардың миссиясы бұрынғыдан да айқындала түсті.

Біз таңдаған жол

Мемлекет басшысының жаңа жылды еліміздің белді басылымына арнайы сұхбат беруімен бас­тауы жақсы дәстүрге айналды. Жұртшылық ерекше күтетін бұл дәстүр ел Президентінің баспасөздің ағартушылық, талдамалық рөлін ерекше бағалауын айшықтайды. Ойлануға үйрететін, асықпай оқы­латын мәтіндер – қоғамның зият­кер­лік иммунитеті. Оқитын ұлт қана алдыңғы қатарда болады.

Президент айтқандай, 2025 жыл еліміз үшін экономикалық көрсет­кіштер тұрғысынан табысты болды. Экономика өсімі 6 пайыздан асты, ішкі жалпы өнім 300 млрд долларға жетті. Алайда бұл жетістіктерге масаттануға болмайды. Мемлекет басшысы екпін түсірген ой – өсімнің өзі мақсат емес, ол азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етуге тиіс. Инфляция – көзге көрінбейтін, бірақ ең қауіпті жау. Сондықтан Үкімет пен әкімдерге қойылатын талап – бір сәтке де босаңсымау, әлеуметтік-экономикалық қаңқаны нығайту.

Өткен жылдың басты қорытын­дысы – реформалардың қайтымсыз­дығы. Бұл сөз саяси ұран емес, тарихи межені білдіреді. Қазақ елі бұрынғы инерциямен өмір сүрмейді. Алға жылжу бар, ол күрделі, кейде ауыр, кейде қоғамға ұнамайтын шешімдер арқылы жүзеге асуда. Бірақ Мемлекет басшысы үшін басты өлшем – популизм емес, нәтиже. «Бізде басқа жол жоқ» деген сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр.

Сол жауапкершіліктің айқын көрінісі – салық реформасы. Жаңа Салық кодексі фискалдық науқан емес, эко­номикалық ойлаудың өзгеруі ретінде ұсынылды. Бұл – мемлекет, бизнес және азамат арасындағы жаңа қоғамдық келісім. Мұнда салық жазалау құралы емес, ортақ жауапкершіліктің тетігі. Мемлекет басшысы атап өткендей, әділетті салық жүйесі әлсізді қолдап, экономиканың тірегін нығайтуға тиіс. Салық төлеу – мәжбүрлік емес, заманға сай патриотизмге айналуы қажет.

Экономикадағы теңгерімсіз­діктерді түземейінше, ұзақмерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін емес. Энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымдағы мәселелер – ондаған жыл бойы қордаланған шындық. Оларды жасырып, бюджет қаржысымен уақытша жамау нәтижесіз екенін өмірдің өзі көрсетті. Қазір бұл салада нақты модернизация басталды: апаттық тәуекел азайды, «қызыл аймақтағы» нысандар саны қысқарды. Мұнда да Мемлекет басшысы үшін бастысы – көзбояушылық емес, нақты нәтиже.

Тариф мәселесі – ең сезімтал тақырыптың бірі. Алайда шын­дықты айналып өту мүмкін емес. Арзан тарифтер байларға жасырын субсидия болды. «Көп тұ­тынсаң – көп төлейсің» қағидаты әділетті экономиканың негізі. Ал әлеуметтік осал топтар міндетті түрде адресаттық қолдауға ие болуға тиіс. Әділет дегеніміз – барлығына бірдей емес, әркімге қажеттісін беру.

Еліміздің транзиттік әлеуеті – стра­тегиялық артықшылық. Мем­­лекет аумағы арқылы өтетін халық­аралық дәліздер, жаңа темір­жол желілері, порттар мен логис­тикалық хабтар – мұның бәрі елді Еуразияның көлік қақпасына айналдыруға бағыт­талған. Мұнда да жүйелілік пен ұзақ­мерзімді көзқарас қажет.

Аграрлық секторға көрсетіліп отырған қолдау ауқымды. Бірақ Мем­лекет басшысы атап өткендей, субси­дияның өзі тәуелділікке айнал­мауға тиіс. Кооперация, өнімділік, экспортқа бағытталған өндіріс – ауыл шаруашылығының болашағы осында. Еліміз тек астықпен емес, ет экспортымен де әлемдік нарыққа шығуға қабілетті.

Туризм, цифрландыру, жасанды интеллект, атом энергетикасы, сирек кездесетін металдар – бұлардың барлығы біз үшін жаңа мүмкіндіктер терезесі. Бірақ кез келген технологияның өзегінде адам капиталы тұрады. Сондықтан білім, кадр даярлау, еңбек мәдениеті – мемлекеттің басты инвестициясы.

Заңсыз активтерді қайтару, сыбай­лас жемқорлықпен күрес – мұның бәрі әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған. Бұл – науқан емес, қағидат. Мемлекет заң аясында әрекет етіп, әлемге өзінің ұстанымын ашық көрсетіп отыр.

Патриотизм туралы айтқанда да Мемлекет басшысы нақты өлшем ұсынады. Патриотизм – ұран емес, еңбек. Елге адал қызмет етіп жүрген инженер, дәрігер, мұғалім, фермер – нағыз отаншыл тұлғалар.

Мемлекет басшысының «Turkistan» басылымына берген сұхба­тында айқын айтылған ой алда тұрған 2026 жыл – тағдырлы кезең. Саяси және экономикалық реформалардың жаңа кезеңі басталады. Бұл жол жеңіл емес. Бірақ тарих көрсеткендей, қиындықтардан қашпай, шындыққа тура қараған қоғам ғана өседі. Әр оқырманның санасында қалыптасуы қажет парасатты пайым. Қазақстан дәл осы жолды таңдады.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты

Соңғы жаңалықтар