12 Тамыз, 2015

Остап Бендердің шөберелері Шымкентте жүр

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Үстіне бір шелек су құйсаң да құрғақ шығатын атақты Остап Бендердің ағайындары Шымкентте бой көрсете бастады. Олар әлдебір тұтынушылар одағының атын жамылған қоғамдық бірлестіктердің куәлігін жан қалталарына салып алған. Аңдитындары – шағын кәсібі бар кәсіпкерлер. Баспалап келеді. Өктем сөйлейді. Келісімшартқа тұрып ақша төлеуді талап етеді. Басынан бастайықшы. Оң­түстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасына Шым­кенттің тұрғыны, шағын кәсіпкер Айнұр Бесбаева өз басынан өт­кен ахуалды айтып шағынады. Ша­ғын дүкені бар. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп, тағды­рына шүкіршілік айтып жүрген. Бір күні дүкеніне сып етіп алты бірдей әйел, еркегі аралас топ кіріп келеді. Тұтынушылардың құқығын қорғау орнынанбыз деп сендіреді. Куәліктерін көр­сетеді. «Құқығыңды қорғай­мыз, мемлекеттік органдар ара­сындағы туындаған проблемалар­ды ың-шыңсыз шешіп береміз», дейді. Былай айтқанда, төбесінен су өтпейтін берік шатыр. Айнұр сенеді. Келісімшартқа отырады. Сұраған ақшасының жартысын сол жерде қолма-қол санап береді. Кейінірек тексе­рушілер келе бастағанда әлгі «крышаларына» телефон шалмай ма?! Телефондары өшірулі, жұмыс орнының телефоны да үнсіз. Арада біраз уақыт өткен соң ерлі-зайыпты құқық қорғау­шылар келген. Келісімшартқа отырып, ақшасын төлесе санитар­лық-эпидемиологиялық станса, салық органдары сияқты қазыналық органдарда туындаған мәселені шешіп береді екен. Алғашқыдан аузы күйген Айнұр Бесбаева үміттендірмей шығарып салады. Үшіншісі бұл жоқта дүкенге келіпті. Сатушы қыздар абыржып әлгіні телефонға қосады. Шаңқылдап тұрып ұрысыпты Айнұрға. «Егер менімен жұ­мыс жасамайтын болсаң, тұқы­мыңды тұздай құртамын, мемлекеттік органдардан тексеру ұйымдастырып, дүкеніңді жаптырамын». Айнұр қулыққа басып: «Тұра тұрыңыз, қазір сізбен сөйлесетін жауапты органның адамы барады», деген екен, әлгі жер тепсініп тұрған дереу тайып тұрыпты. Облыстың кәсіпкерлер палатасында өткізілген баспасөз мәслихатында департаменттің әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің жетекшісі Ти­мур Нақыпбеков Айнұр айт­қан проблеманың жалғыз оқиға еместігін жеткізді. Мысық­табандаған құқық қорғаушылар заңгерлері бар үлкен бизнес орталықтарына бармайды екен. Олардың аңдығаны бейнекамерасы жоқ шағын дүкен, шағын дәріхана, жол бойындағы будка-дүкен. Суыт кіреді, бұйырғанын алып тайып тұрады. Кәсіпкерлер палатасына Кен­тау қаласынан оншақты ша­ғын кәсіпкерлер қол қойған арыз түскен. Тұтынушылар ода­ғынанбыз деп күшеніп келгендер дүкен сөрелерін аралап, тауарлардың сақтау мерзімін тексерген. Соңы: «Біз тұрғанда ешкім бетіңе жел болып тимейді, ке­лі­сімшартқа отырып ақша төлеп тұрсаң болғаны», деген уәж. Осындай оқиғалар Сайрам, Бәйдібек аудандарының шағын кәсіпкерлерінде де кездесіпті. Тимур Нақыпбеков журналист ағайындардан көмек сұрады. Әр аудан, қалада прокуратураның жанында кәсіпкерлік палатасымен бірлескен жедел топ бар. Қоңырау түскен мезетте алаяқтарды тұяқ серпуге мұр­шасын келтірмей ұстайды. Әзірге олар аман жүр. Оңтүстікте біреудің бизнесі үстінен жонып жеу оқиғалары осылайша көбейіп тұр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.