Қоғам • 07 Қаңтар, 2026

Кембағал жандарға қамқорлықты күшейту қажет

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, бүгінде адамзат саны 8,3 млрд-қа дейін көбейген. Соның ішінде мүгедектігі бар адамдар қатары 1,3 млрд-қа дейін өсіп, әлем халқы құрамындағы үлесі 15,79%-ға жеткен. Олардың 80%-ы дамушы мемлекеттерде өмір сүреді. Еліміздің Ұлттық статистика бюросының ақпарына сүйенсек, 2025 жылы халық саны 20,38 млн-ға дейін өсіп, мүгедектігі бар отандастарымыз 743,9 мың немесе үлес салмағы 3,7% болған.

Кембағал жандарға қамқорлықты күшейту қажет

Салыстырмалы статистика­лық көр­сеткіштер мемлекетіміз халық денсау­лығын нығайтуға, азаматтардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндігін­ше көңіл бөліп келе жатқанды­ғын айғақ­тайды. Әртүрлі себеппен мүгедектікке ұшыраған адамдардың мүдделерін қор­ғау, оларға әлеуметтік қолдау көр­сету мәсе­лесі – ұдайы назарда. Еліміз 2015 жылы Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция­сын ратификациялаған. Жыл са­йын қазан айының екінші жексенбісінде Мүгедектігі бар адамдар күні атап өтіле­ді.

Барлық өңірде кембағал жандарға қолжетімді орта құру, жұмыспен қамту, арнаулы әлеуметтік қызметтер көр­сету, техникалық көмекші құрал­дармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қам­тамасыз ету шаралары іске асырылып жатыр. Бүгінде мүгедектігі бар адамдардың арасында бел­гі­лі суретшілер, табысты кәсіп­керлер, қоғам қайраткерлері де бар. Олар еліміздің дамуы­на елеулі үлес қосып жүр. Ал­дың­ғы жылы Париж қала­сын­да өткен Паралимпиада ойын­­дарында мүгедектігі бар спорт­­шы­ларымыз 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медальға ие бол­ды. Олар­ға қазынадан төл­е­не­тін сый­ақы мөлшері Олимпиада жеңім­паздарымен, жүлдегерлерімен теңестірілген.

Дегенмен мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсетуде ойланар­лық мәселелер әлі де аз емес. Мысалы, «Med365» компаниясы жүргізген талдау көрсеткендей, елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдар саны жыл сайын орта есеппен 2,39%-ға көбейіп бара жат­қаны алаңдатпай қоймайды. Осы­ған орай Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрі Светлана Жақыповаға депутаттық сауал жолдады. Депу­таттың пікірінше, мүмкіндігі шек­теулі отандас­тарымыздың саны көбеюіне халықтың тұрмыстық жағдайы мен экологиялық ахуал­дың теріс әсері тиіп тұр. Бұған қоса адамдардың мүгедектігін әділ анықтауда да түйткілдер туын­дап жатады. Мәжіліс депу­тат­тарының атына келіп түскен арыз-шағымдар кейбір жеңіл-желпі сырқаты бар адамдар жал­ған мүгедектікті рәсімдеп алып жүргенін, ал кейде шын мәнін­де мүгедектігі бар адамдар әді­леттілікке жете алмай, арыз­дануға мәжбүр екенін көрсеткен.

Қолданыстағы заңнамада мүгедектікті анықтауға қатысты кемшілік те бар. Мәселен, қолы немесе аяғы жоқ адам мен қолының бір саусағы не аяғының бір башпайы жоқ адам теңестіріліп, екеуі де мүгедектігі бар адамдардың үшінші тобына жатқызылады. Қолы немесе аяғы мүлде жоқ, тіпті туғанынан ақыл-есі кем адам­дар мүгедектігін рас­тау жолын­да толып жатқан тексерістен өтуге мәжбүр. Мұндай мүсәпір жандардың кейбіреулері аяқ астынан мүгедектігі бар адам мәртебесінен айрылып, не жұ­мысқа орналасып, нәпақа таба алмай, не мемлекеттік жәрдем­ақыны ала алмай, қиын жағдайға тап болған. Мы­салы, Маңғыстау облысының тұрғы­ны Жеткізген Жақсылықұлы туабітті мү­гедектігі барлығы ресми түрде дәлел­денген туысын үшінші топтан бірінші топқа ауыстыру мақсатында талай табал­дырықты тоздырса да, еш нәтиже шыға­ра алмапты. Ол ауылдан қалаға келіп, медициналық-әлеуметтік сарап­тама талап еткен анықтамаларды жи­нау­­дың өзі оңайға соқпайтынын айтқан. Себебі ақыл-есінде кемшілік бар қарын­дасы тіпті қарапайым фотосуретке де дұрыс түсе алмайды екен. Сәби кезінен тағдыр тауқыметіне ұшыраған жандарға мүгедектік тобы жеңілдетілген тәртіппен берілуі керек деп санайды халық қалаулысы.

Қазірде үшінші топтағы мүге­дектігі бар адамның жәрдемақысы – 55 474 теңге. Осындай мардымсыз қаржыға күн көру оңай емес. Өйткені азық-түлік, дәрі-дәрмек бағасы аспанға шарықтап, инфляция деңгейі 12,9%-ға жетті. Сондықтан депутат Н.Әуесбаев мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын ең төменгі жалақы деңгейіне дейін көбейту қажет деп есептейді. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органнан медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері мен дә­рігерлік-консультациялық комиссия­лардың қызметін тексеріп, жалған мүге­дек­тік беру мәселесін қолға алуды, мүге­дектікті анықтау кезінде түрлі анықта­малар жинау тәртібін барынша оңтай­лан­дыруды, мүгедектігі бар адам­дардың өмір сүру құқығын бас­қа азаматтармен тең дәрежеде қамтамасыз ету барысында әлеу­меттік жәрдемақыларды есеп­теудің жаңа әдіснамасын әзір­леуді  ұсынды.

Алайда депутаттық сауалға ми­нистр қол қойған ресми жауапта Мәжіліс депутаты келтір­ген нақты фактілер туралы бір ауыз сөз жоқ болып шықты. Сон­дай-ақ онда қойылған талап­тар­дың ешқай­сысы қанағат­тан­дырылмаған. Депутат қолданыс­тағы заңнамадан бейхабардай, оған мүгедектікті белгілеу Премьер-министрдің орынбаса­ры – Ең­бек және халықты әлеу­мет­тік қор­ғау министрінің 2023 жылғы 29 маусым­дағы №260 бұйрығымен бекітілген «Ме­дициналық-әлеуметтік сараптама жүр­­гізу қағидалары» негі­зін­де жүзе­ге асы­рылатыны, оны оңай­лату мақсатында 2022 жыл­дан бас­тап сырттай про­ак­тивті формат енгізілгені, сондай-ақ мүгедек­тігі бар адамдар жәрдемақыларының мөл­шері мүгедек­тік тобына, ең төмен­гі күнкөріс деңгейі­не байланыс­ты ай­қындалып, жыл сайынғы инфля­ция деңгейіне сәйкес өсі­рілуіне кепіл­­дік беріле­тіндігі түсінді­ріліп­ті. Бұл ретте мемлекеттік әлеу­мет­тік жәр­демақылардың мөлше­рі 6,5%-ға арт­тырылғандығы, әлеумет­тік жәр­дем­ақыларды есептеу­дің жаңа әдіснамасын әзірлеу жос­парлан­баған­дығы мәлім­деліпті. Бірақ бұрна­ғы жылғы инфляция деңгейі 8,6% болғандығы неге ескерілмегендігі
айтылмапты.

Шынтуайтында, мүгедектікті белгі­леу аталған қағидаларға, проактивті форматқа сәйкес жүр­гізіліп жатса да, бұл сала­да те­мірдей тәртіп орнады деу қиын. 2023 жылы Сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы қыз­мет Еңбек және халықты әлеу­мет­­тік қорғау министрлігі Ең­бек және әлеуметтік қорғау коми­­тетінің Ақтөбе облысы бойын­ша департаментінің №4 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы мүгедектік мерзімін белгілеу және ұзарту үшін мүгедектігі бар адамдардан жалпы сомасы 1,2 млн теңге пара алғанын әшкерелеген еді. Ал өткен жылдың соңында Антикор Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің  Шымкент қаласы бойынша департаменті бөлімінің басшысы міндетін атқарушыға мүгедектік топтарын келіскені үшін мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан жалпы сомасы 850 мың теңге пара алды деген айып тағып, ісін сотқа берген. Бұл фактілер шенеуніктер тарапынан жарымжан кісілердің құқық­та­рын қорғаудың орнына, оларды қорлау әрекеті әлі тыйылмағанын аңғартады.

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі Жол­дауында өңір­лердегі әлеу­мет­тік тұрғыдан осал топ­тағы аза­маттарға бөлінетін әлеуметтік төлем­дерді біріздендіру қажет­тігіне тоқтала келіп: «Мемлекеттің көз алдын­дағыдан басқаны көр­мей, бәріне көне беретін әлеу­меттік саясаты жүзден астам түрлі жеңіл­діктің пайда болуына әкеп соқ­тырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпос­тар да көбейді», деген еді. Мемлекет бас­шысының сынынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тиісті қорытынды шығаруға міндетті.

Соңғы жаңалықтар

Бүгін – Ұлттық ұлан күні

Әскер • Бүгін, 10:43

Жасанды интеллект құрылысқа жат емес

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:55

Әскер беделі – ел беделі

Әскер • Бүгін, 09:45

Қайырымды азаматтардың демеуі

Аймақтар • Бүгін, 09:40

Егінді «AgroSky» бақылайды

Технология • Бүгін, 09:35

Сингулярлық кезең

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

ЖИ-ді қолдану қауіпсіз бе?

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:20

«Шыны мақтадан» табыс тапқан

Өндіріс • Бүгін, 09:15