Сурет: ecc.kz
Бұл ретте Электрондық қаржы орталығында жасанды зердені дамытуға ұдайы көңіл бөлініп келе жатқанын айта кетейін. Қолға алынған перспективалы шешімдердің бірі – ЖИ бизнес-көмекші жобасы. Аталған құрал барлық кезеңде кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге арналған. Мәселен, бизнестің идея сатысынан бастап оны нақты жүзеге асыруға дейін.
Озық жүйеде қарастырылатын негізгі функционалдардың бірі – болашақ кәсіпке арналған ұтымды орынды таңдау. Тиімді таңдалған жер – бизнестің табысты болуындағы маңызды фактор: бұл сату деңгейін, бәсекеге қабілетті ортаны және болашақ операциялық шығындарды анықтайды.
ЖИ-көмекшісі мемлекеттік ақпараттық ресурстармен интеграцияланған және сенімді деректердің ауқымды жиынтығын талдауға қауқарлы: аудандардың экономикалық белсенділігі, сұраныс құрылымы, жұмыспен қамту деңгейі, бәсекелестік орта, салалардың даму серпіні. Осы мәліметтерге сүйене отырып, тиісті алгоритмдер көзделген кіріс мөлшерін, рентабельдікті және тәуекелдерді болжап, әр локацияға дайын ұсыныстар жасай алады.
Аталған тетікті пайдалану қабылданатын шешімдердің сапасын едәуір жақсартып, бастапқы кезеңдегі қателіктерден сақтануға көмектеседі және ШОБ деректерге бағдарланған тәсілдің жаңа стандартын қалыптастырады.
Цифрлы жаңғыртудың келесі кезеңі проактивті қызметті жолға қоюмен байланысты. Мәліметтердің жинақталуына байланысты мемлекеттік жүйелер кәсіпкерлердің қажеттіліктерін автоматты түрде анықтап, оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын, жеңілдетілген бағдарламалар мен маңызды хабарламаларды ұсынады. Демек, іскер азамат қажетті қызметті іздеп әуре болмайды, керісінше «қызмет пайдаланушыны өзі табады» моделіне басымдық беріледі.
Мемлекеттік сервистерді интеграциялау, Бірыңғай жеке кабинетті құру мен ЖИ шешімдерін дамыту – озық цифрлы экожүйені қалыптастыруға жол ашады. Осы арқылы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тиімді, жылдам және технологиялық тұрғыдан алғанда, заманға сай болады. Өз кезегінде кәсіпкерлер сенімді және орнықты өсімге мүмкіндік беретін тың тетікке қол жеткізеді.
Дияс КРАМШЕЕВ,
Электрондық қаржы орталығының басқарма төрағасы