Білім • 09 Қаңтар, 2026

Қаңтарда ҰБТ-ны 187 мың адам тапсырмақ

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа жылдағы алғашқы ұлттық бірыңғай тестілеу қаңтар айында өтетіні белгілі. Осы тестілеуге қатысу үшін өтінім беру аяқталды. Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, республика бойынша қаңтардағы ҰБТ-ға қатысуға ниеттілердің қатары былтырғыдан көп.

Қаңтарда ҰБТ-ны 187 мың адам тапсырмақ

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

ҰБТ-ның өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Биылғы қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтінім берген үміткерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға артып отыр.

Ұлттық тестілеу орталығы хабарлағандай, 2026 жылы ұлт­тық бірыңғай тестілеудің фор­маты өзгеріссіз қалады. Талап­керлер үш міндетті пәнді және таңдауы бо­йынша екі бейін­ді пәнді тапсырады. ҰБТ тапсыр­маларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Ма­те­матикалық сауаттылық» пәнде­рінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейінді пәннің әрқайсынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді, 140 балды құрайды.

Тестілеу уақыты 4 сағаттан, яғни 240 минуттан тұрады. Бұл ретте ерекше білім беру қажет­тіліктері бар балалар үшін ұсы­ны­латын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. Осыған қоса талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады.

ҰБТ тапсыру кезінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесін тестілеу компьютерінде ашық қолдана алады. Осы аталған кестелер мен есептеу құралы алдын ала жүктелген.

Ескеруге тиіс бір нәрсе бар, тест тапсырушылар тестілеу аяқ­тал­­ғаннан кейін 30 минут ішін­де апел­ляцияға өтініш беруге құқылы. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.

Үміткерлердің құқын қорғау­ға қоса оларға қойылатын талап та қа­таң. Мәселен, ҰБТ аяқ­тал­ған­нан кейін күнтізбелік жыл­дың 31 қаза­нына дейін тесті­леудің бейнежазбала­рына талдау жүргізіледі. Тыйым салын­ған заттарды пайдалану немесе ере­желерді бұзу фактілері анықтал­ған жағдайда ҰБТ нәти­желері жойылады. Дәл осы та­лапқа байланысты ұтып алған грантынан айырылған жағдай­лар да кездескен. Сол себепті тестіленушілерге бұл ережені естен шығармаған абзал.

Еске сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы не­гіз­де күндізгі оқу нысаны бойын­ша жоғары оқу орындары­на қа­былданғандар, шығар­машы­лық ББТ-дан ақылы негізде басқа дайын­дық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, еліміздің азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.

Айтпақшы, былтырғы нәти­жені еске түсірсек, 2025 жылдың қаңтарындағы ҰБТ-да шекті балды 70,35%-ға жуық талапкер жинаған еді. Орташа балл 65-ті, ең жоғары балл 139-ды құраған болатын. Соны­мен қатар ол кезде талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен сұрақтардың 75,43%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талап­керлердің тек 32,32% тапсырма­ны дұрыс орындаған, олар үшін «Электромагниттік индукция» тақырыбы қиын болған. Ал биыл­ғы көрсеткіштердің қандай болатынын уақыт көрсетеді, нақтырақ айтсақ, 10 ақпаннан кейін белгілі болады.

Соңғы жаңалықтар