Кәсіпқой бокс • 09 Қаңтар, 2026

Жәнібек Әлімханұлының допинг-тестінің В сынамасы ашылды

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 КО) допинг-тест нәтижелерінен кейін В сынамасының ашылғанын жариялады, деп жазады Egemen.kz.

Жәнібек Әлімханұлының допинг-тестінің В сынамасы ашылды

Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly

«В сынамасы ашылды. Дұғада болайық. Нәтижесін күтеміз», деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Сондай-ақ Қазақстан кәсіби бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша B сынамасын ашу заңды тұрғыдан шешуші кезең екенін және бұл тек спортшының мансабына емес, іске қатысушы барлық тараптың әрекетіне құқықтық баға беруге тікелей әсер ететінін мәлімдеді. Федерация халықаралық спорт құқығының негізгі қағидаттары мен процес барысында адалдықты және регламенттің қатаң сақталуын талап етіп отыр.

«B сынамасының ресми нәтижелері алынғанға дейін спортшы заңды түрде кінәсіз болып саналады. Айыптаушы сипаттағы кез келген жария мәлімдемелерді біз процестің әділдігіне қысым көрсету және спортшының құқықын бұзу деп есептейміз. Федерация B сынамасының ашылуы мен талдануы бекітілген рәсімдерге толық сәйкес жүргізілуін, спортшы мен оның өкілдерінің процестің барлық кезеңіне және нәтижелеріне қол жеткізуін талап етеді. Регламенттен ауытқыған кез келген нәтиже жарамсыз деп танылуы мүмкін», делінген федерация хабарламасында. 

Рақымжан Ерденбеков бастаған ұйым B сынамасы таза деп танылған жағдайда барлық айыптауды ресми түрде алып тастауды, спортшының беделін жария түрде қалпына келтіруді және іс барысындағы әрекеттерге құқықтық баға беруді сұрауды жоспарлап отыр. 

Ал бұзушылықтар заңды және дәлелді түрде анықталса, федерация регламент аясында шешім қабылдамақ.

Еске салайық, The Ring басылымы Жәнібек Әлімханұлы Эрисланди Лараға қарсы орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулері үшін біріккен титулдық жекпе-жек алдындағы допинг-тесттен өтпей қалғанын хабарлаған. 

Десе де отандасымыз осы ақпарат тарағаннан кейін бірнеше рет жекпе-жек алдында барша талапты сақтағанын мәлімдеді. Сондай-ақ VADA ұйымы алған алғашқы допинг-тест нәтижесінде қарсы көрсеткіштер анықталмағанын айтты. 

Еліміздің Спорт және туризм министрлігі мәселеге араласып, қажетті шараларды орындау үшін отандасымызға қолдау көрсететінін хабарлаған.

Ал белгілі бапкер Жұмабек Өмірзақов Жәнібек Әлімханұлы енді ірі жекпе-жектер өткізбеуі ықтимал екенін айтты. 

Соңғы жаңалықтар