12 Тамыз, 2015

«Құлжаға» қол ұшын берер кім бар?

423 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
kinopoisk.ru20 жылға жуық уақытқа созылған дау неге бітпейді? Жетпістен асқан шағында жеті атқа жүк болатын арызын арқалап келген «Құлжа» өндірістік бірлестігінің директоры Аманқұл Нысанбаев құқық қорғау органдарының дәрменсіз әрі пәрменсіз іс-әрекетінен әбден шаршағанын ашына жеткізді. Расында, жұрт осылайша құқық қорғау органдарына ашына берсе, билікке наразы емес адам қалмайтындай көрінеді. Өйткені, Аманқұл ағамыз өзінің кәсіп еткен ісін кері сүйреген кісілер әрекетін қанша тәптіштеп жазса да еш нәтижеге қол жеткізе алмаған. Тіпті, қазіргі күні тиісті орындар оның арызын қараудан да жалыққандай бас тартыпты. «Апыр-ай, бұл қалай?!» деп естіген жан таңғалады. «Олай болуы мүмкін емес қой!» дейміз біз де. Сонан, бұл сараптаманы жазуда екіұшты күйге түстік. Бірақ, құқық қорғау органдарының ісіне таң қалмасқа амал бар ма? Талайды таңғалдырып келе жатқан осы құқық қорғау органдары. Оның үстіне бұл мәселе қазір ғана ашылып, жазылып жатса бір сәрі ғой. Жоқ, бұдан бұрын да, яғни осы келеңсіздік енді басталған кезде облыстық, тіпті республикалық басылымдарда да жазылған болатын. Демек, білуге тиісті адамдар бұл мәселе бойынша жақсы хабардар. Бірақ, «баяғы жартас – бір жартас» дегендей, сең қозғалмайтын көрінеді. Сондықтан, бұл мәселені жылы жауып қойған жандардың жадын жаңадан жаңғырту үшін жағдайды жан-жақты жеткізіп отырмыз. Сергелдең Кәсіпкер болған, әлі де сол кәсібінен жаңылмаған А.Нысанбаев Жамбыл облысы ауыл шаруашылығының бас инс­пекторы болып табаны күректей 21 жыл жұмыс істегенін айтады. Кеңес Ода­ғы ыдырап, тәуелсіздік қолға тиген­де кәсібін дөңгелетпек болып Қы­тай фирмасымен бірігіп, «Құлжа» атты өндірістік бірлестік құра­ды. Оның міндетіне Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін шетелге шығару, шетелден асыл тұқымды малдарды, ауыл шаруашылығына қажетті құралдарды әкелу секілді шаруалар кірді. Қытайдан, Моңғолиядан мыңдаған мал әкелінеді. Олар ауыл-ауылдарға таратылады. Осындай жұмыстар ретімен жүріп жатқан. 1996 жылдың жазы да келіп жетті. Қытайдың «Сиюй» фирмасы жағы бұл жолы «Құлжадан» ақшасына мақта жеткізіп беруді сұрайды. Бұл іске А.Нысанбаев білек сыбана кіріседі. Дәл сол кезде Аманқұл алдында не күтіп тұрғанын білмесе керек. Әрине, кәсібі талан-таражға салынуы түгіл, өзі де қармаққа ілігіп қаларын қайдан ғана болжап білсін. Болжамақ түгіл күдіктенбейтін де еді. Өйткені, өз ісінің заңдылығына сенетін. Заң мен құқыққа ғана үміт артатын. Білгенде ғой... Сөйтіп, не керек, содан сонау, яғни 1996 жылы Өзбекстан Республикасының Чиракчи РПП-сына ауыл шаруашылығы техникаларын өткізіп, соның есебінен 760 тонна мақта линтін алады. Сосын ол 17 вагон мақтаны сол жерден тікелей Қытайдың «Сиюй» фирмасына жібереді. Бірақ, «Сиюй» фирмасы жүктің ақшасын толық төлемейді. Сондықтан, бұл соңғы екі вагонды шекарадағы Достық станциясына кідіртеді. Одан әрі аталған жүкті Қытайдың «Синь-Дянь» компаниясына сататын болып, «Достық» бекетінің басшылығымен келісіледі. Өзі уақыт өткізбей бұл істің құжатын одан әрі ресімдеу үшін Алматы қаласына жүріп кетеді. Ол жақта тиісті органдармен іс қағаздарын реттеп, жүкті екінші фирмаға аудартқызып, олардан түскен қаржыны ауыл шаруашылығы техникаларын алған Жамбыл зауытына жіберіп, Алматы қаласынан қайтып оралса... О, ғажап, әлгі екі вагон жүк жоқ! Ұшты-күйлі жоқ. Ешкім білмейді дейді. Сөйтсе, станция басшылары екі вагон мақтаны өз беттерінше «Сиюй» фирмасына беріп жіберіпті. Аманқұл ақсақал бұл мәселені Қытайға, яғни Үрімжіге екі вагон мақтаның ақшасын іздеп келгенде бір-ақ біледі. Қытай елінде тәртіп күшті. Заң қашан да жоғары тұрады. Өтірік айтуға, жасандылықпен айналысуға болмайды. Сондықтан, екі вагон мақтаға жасанды құжат жасалғандықтан, Қытай тарабы жалғандықпен алынған ақшаны қайтаруды талап етіп, А.Нысанбаевтың паспортын алып қояды. Қалай болғанын түсіндірейін десе, қолынан еш дәрмен келмейді. Паспортынан айырылған соң елге қайта алмайды. Содан 24.03.1998 - 29.09.1998 ж. дейін Қытайда болып, небір ауыртпалықты басынан өткеруіне тура келді. Алты ай бойына Үрімжіден аяқ аттап баса алмай, ақшасы таусылып, жатар жер, ішер ас таба алмай әбден тығырыққа тірелді. Абырой болғанда Үрімжідегі қазақтар қолұшын созады. Солардың үйлеріне түнеп, күн өткізіп, жүрек жалғап жүрді. Ақыры Қытайдың соты Аманқұл ақсақалдың ісін қарайды. Қарайды да құжаттарын сараптамадан өткізіп, А.Нысанбаевтың жалғандыққа еш қатысы жоқтығын шығарып береді. Бірақ, «Сиюй» фирмасы ақшаны «Достық» бекетіне төлегендігін айтып, оның іздеп барған қаржысын төлеуден бас тартқан. Содан А.Нысанбаев «Сиюй» фирмасы алған екі вагон мақтаның ақшасын «Достық» бекеті төлеуге тиіс екендігін түсінеді. Екі вагон мақта дегеніңіз қыруар ақша ғой. Ал оның ақшасын Аманқұл ақсақалға төлеу қажет. Сонан оның арты дауға айналды. Құқық қорғау органдарына сенім артқан ақсақал еңбегін ешкім иеленіп кете қоймас деп үміттенеді. Сол бойынша мақтаға айырбастауға арналған ауылшаруашылық техникаларына деп банктен алынған 100 миллион сом ақшаны жан қалтасынан құяды. Күріштің ақшасын және қайтарады. Қандай қиындық туындаса да, алдымен өзі адал және қолының таза болғанын қалайды. Өйткені, заң әділдікті ғана жақтайды. Бұл сенім оны тура жолдан таймауға жетеледі. Алғашқыда сол сеніміне кәдімгідей иланды. Өйткені, обалы не керек, Бас прокуратураның араласуымен 16.04.1998 ж. Алматы көлік прокуратурасы келтірілген залалдарды Алматы теміржол басқармасынан өндірту үшін, Алматы қалалық сотына талап-арыз түсірген. Оған қоса, бұл істе «Құлжаның» кінәсіз екендігін көрсетіп, талап қою мерзімін қалпына келтіруін сұрап, арнайы хат қосып береді. Осымен бар мәселе шешіле салуы керек еді дейсіз ғой. Алайда ол Аманқұл ақсақал үшін арманға айналып сала берді. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де оқиға мүлде басқаша бағытта өрбіген. Қалай дейсіз ғой. Жәбірленушінің арызына назар аударайық. «Алматы қалалық соты 20.05.1998 жылы ол тарап-арызды бізден адам қатыстыр­май бір жақты қарап, талап қою мерзі­мінің өтіп кеткендігін алға тартып, арызды қанағаттандырмады. Сот мәжілісіне «Құлжа» бірлестігінен адам қатыстырмағандықтан, судья істің мән-жайын толық түсінбей, даулы істің ақиқатын толық ашпастан «Құлжаны», яғни біздің бірлестікті мақтаның иесі емес, делдал ретінде қарап шешім қабылдаған. Бірақ, осы іске қатысты және мақтаның иесі біз екенімізді дәлелдейтін барлық құжаттар тайға таңба басқандай ақиқатты ғана меңзеп тұрған. Ол құжаттар неге назарға алынбағаны белгісіз. «Құлжа» бірлестігі мұндай келеңсіз жағдайдан хабарсыз еді. Себебі, мен сол кезде қолды болған мақтаның артынан іздеу салып, Қытайға кеткен едім. Онда барғанда анықтағанымдай, «Достық» станциясының жауапты адамдары 2 вагон мақтаны Қытайға жібергенде «Сиюй» фирмасынан сол мақтаның ақшасын алып, «Құлжаның» атынан 150 000 және 387 000 АҚШ долларын алдық деп жасанды қолхат жазып беріп, қылмыстық әрекеттер жасаған. Ал Алматы көлік прокуратурасы өзінің 13.05.1998 ж. сотқа берген хатын естен шығарып, аталған сот шешіміне наразылық келтірмей қойды. Одан да сорақысы Алматы көлік прокуратурасы «Достық» бекетінің жауапты адамдарына «қылмыстық іс» қозғаудың орнына «Құлжа» мақтаның иесі емес, тек Өзбекстан мен Қытайдың арасындағы «делдал» болғандықтан, бұл іске араласуға қақысы жоқ деп, істі қысқартып тастады. Бұл ретте осы істе тіркелген Өзбекстанның Чиракчи РПП-ның №274 хаты, Узхлопкопромның №0000199 бұйрығы, 0083444500690 лицензиясы, №2023 телеграммасы, Өзбекстан Министрлер кабинетінің №11/1-475 қаулысы, Қашқадария облыс хокимінің №137566, 1760, 58 хаттары, т.б құжаттардың барлығы ескерусіз қалды. Осы Алматы көлік прокуратурасының қаулысына сай кейін ҚР Бас прокуратурасы бізбен хат алмасуды тоқтатып, одан кейін ісіміз мүлдем шешілмей қалды», дейді А.Нысанбаев. «Үш айлық мерзім» – қаралмайтын құрдым Бірақ, Ата Заңымыздың талаптарын бір кісідей білетін, әділдік бар дегенге сенетін А.Нысанбаев құқық қорғау органдары осылай деді деп қалайша ақ адал асынан айырылып қалмақ. Не шындыққа көздерін жеткізейін, не бұл өмірден әділдік таппай өтейін деп белді бекем буынады. Жаны шырқырап шындықты айтып, әр есікті қағады. Нәтижесінде 16.07.2012 ж. Бас көлік прокурорының орынбасары А.Тұрсынбековтің тексеруі бойынша, бұрынғы қабылданған шешімдерден шикілік шығып, «Құлжаның» жоғалған мақтаның иесі екендігі анықталғандығы дәлелденеді. Енді бұдан әрі қарайғы оқиға қалай өрбігенін Аманқұл Нысанбаевтың өз аузынан естиік. «Алайда, біз Алматы көлік прокуратурасы дер кезінде хабарламағандықтан АІЖК 406-бабына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайға байланысты 3 айдың ішінде қайта қарау турасында арыз беру құқығынан ажырап қалыппыз. Кассациялық сот алқасының ұйғарымы шығып кетіпті. Сөйтіп, әлгі үш ай уақыт өтіп кеткен. Бірақ, ол кезде мен екі вагон мақтаның жырын жырлап Қытайда жүрген едім. Жоғарыда айтылған себептермен келе алмадым. Жібермеді. Демек, бәрі себепті. Ендеше, біздің құқымыз бұзылған. Бірақ, Бас прокуратурада жаңадан ашылған мән-жайға байланысты 3 айлық мерзімді қалпына келтіру турасында берген арызымызды қараған кассациялық сот алқасының ұйғаруынша осы іс бойынша аталған ұйғарым заң талаптарына сай қабылданған, сондықтан оны бұзуға негіз жоқ деп, нүкте қойды. Ал шындығында аталған сот жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша істі қайта қарау туралы арыз берудің мерзімін қалпына келтіру жөнінде біздің өтінішімізді тіпті ескермеген. Тек бар болғаны бізді мақтаның иесі емес, ортадағы «делдал» ғана деп істі қысқарта береді. Алайда, біз өзімізді жоғалған мақтаның иесі екенімізді қанша жерден дәлелдесек те, сол дәлелдерді қайта сот қарауына тапсырсақ та, ол толық тексеріліп қаралмайды. Сол бұрынғы жауыр болған бір ізбен жабыла салады. Баяғы бір шешім қайта шығарылады. Осыдан барып, сот біздің құқығымызды неге қорғағысы келмейді деген сұрақ туындайды. Осы істі алғаш қарағанда Алматы қаласының соты 20.05.1998 ж. сот мәжілісіне бізден өкіл қатыстырмай, біржақты қарап, істің мән-жайын түсінбегендіктен әділетсіз шешім шығарғанын жоғарыда айттым. Сонда, яғни 20.05.1998 ж. сот ұйғарымында талапкер талап қою мерзімін өткізіп алған, темір жол басқармасына наразылық талапты тек 29.05.1997 ж. ғана берген, ал сотқа талап арызды тек 16.04.1998 ж. тапсырған, деп көрсетілген. Бірақ, шындығында олай емес. Біз 8.01.1997 ж. «Достық» бекетінің басшылығына арыз бергенбіз (тіркелген хаттар мен жауаптар бар). Ұйғарымда көрсетілген 29.05.1998 ж. №48 хат ол екінші рет берілген наразылық талап. Осы құжаттар сол кезде іс қағазында тіркеулі тұрған болатын, бірақ оларды судья белгісіз себептермен ескермей отыр. Оның үстіне Алматы көлік прокуроры Н.Нұрдәулетов өзінің сол сотқа 15.05.1998 ж. №7/24-07 берген хатында «Құлжаның» бұл істе еш кінәсі жоқ, ол дер кезінде шағымданған және оның өз арызында көрсетілген айғақтары прокуратура тарапынан ұзақ тексеріліп, өз дәлелін тапқандарын ескеріп, талап қою мерзімін қалпына келтіруін сұраймыз», деп көрсетілген. Прокуратураның осындай хаты бола тұра, қалайша талап қою мерзімінің өтіп кеткендігіне байланысты арыз қанағаттандырылмады? Егер ол шешім әділетсіз болса, ендеше прокуратура қабылданған шешімге неге наразылық келтірмейді? Әлде бұл хат сот мәжілісіне берілмейді ме? Егер берілсе, іс қағазынан алып тасталды ма деп күдіктенеміз. Әрине сотты да түсінуге болады. Өйткені, сот мәжілісіне «Құлжадан» өкіл қатыспағандықтан судья даулы істің мән-жайын толық түсінбей, «Құлжаны» мақтаның егесі емес өзбек пен қытай тарапының ортасындағы «делдал» ретінде көрсетіп отыр. Ол түсініспеушілік салдарынан туындаған көзқарас. Негізінде «Құлжа» Өзбекстанға ауыл шаруашылығы құрал-жабдығын өткізіп, ақысына 760 тонна мақта линтін алып, сол жақтан тікелей Қытайдың «Сиюй» фирмасына жіберген болатын. Ол жағдай осы істе тіркелген Өзбекстанның барлық құжаттарында көрсетіліп, тіпті Өзбекстанның «Пахта-Банкісінде» де тіркелген. Бұған да толық құжаттар бар. Бізден ауыл шаруашылығы техникасын алған Чиракчи ауданы ол мақтаны Қашқадария облысының 4 мақта зауытынан арнайы нарядпен жіберген болатын (құжаттары бар). Ол зауыттардың бұл мақтаға ешбір қатысы жоқ. Сондықтан, ұйғарымда көрсетілгендей, Каспий зауытының жеделхат беруге еш қақысы жоқ. Бұл уәждер «Достық» бекетінің тура жолдан тайдыру үшін берген жалған ақпараты. Ақиқаты Чиракчи РПП-сының 24.11.2000 жылғы №274 хатында толық баяндалған. Темір жол қағазында мақта қабылдап алушы иесі «ПКО Құлжа» деп көрсетілген. Түсінікті болу үшін «Узхлопкопромсбыттың» 27.08.1996 жылғы №2023 телеграммасы менің қолымда тұр. Міне, осындай жағдайды нақты да тура көрсетіп беретін шынайы толық құжаттарым болғандықтан да, бірақ сот оларды назарға алып тексеріп қарамағандықтан да аталған сот актісі іс толық зерттелмес­тен әділетсіз қабылданған деп санаймын. Әйтпесе сот не үшін керек? Осы құжаттарды қарап, барды бар, жоқты жоқ деп, қара қылды қақ жарып беруге тиіс қой. Менің бар сұрайтыным осы айтылған дәлелді құжаттарды дұрыстап, анықтап қарап көрсін. Кімнің болса да ақиқатқа көзі бірден жетеді. Ал мұндай ақиқатқа сот қол жеткізбегендіктен дау бітпейді. Демек 20.05.1998 ж. сот қабылдаған ұйғарым бойынша баяндалған қорытындылардың істің мән-жайымен сәйкес келмеуі менің сөзімнің растығын толық дәлелдеп тұрған жоқ па? Бұл айтқаныма қоса, ол кезде сот мәжілісінде белгісіз болған көп мән-жайлар кейін ашылып отырғанын ескерсек, бұл істі түбегейлі қайта қарау қажет. Бірақ, ол кезде де осы мән-жайлар белгілі болатын, тек оны біреулерге бұрмалап, істе тігулі тұрған құжаттарға мән бермей солай істеу керек болған сияқты, міне сол үшін «Құлжа» зардап шегіп отыр. Сондықтан, «Құлжаның» жаңадан анықталған мән-жайға байланысты қайта қарау туралы арыз беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызын Алматы қалалық сотының кассациялық сот алқасында конституциялық тұрғыда қаралмаған деп есептеймін. Осы даулы істе орын алып отырған заң бұзушылық істерге назар аударылмаған. Өйткені, 20.05.1998 жылы қабылданған сот ұй­ғарымында баяндалған қорытын­дылар­дың негізгі істің мән-жайымен сәйкес кел­мейтіндігін, құқықтық норма­лардың бұзылуы мен дұрыс қолданыл­мағандығын мен атаған маңызы бар мән-жайлар дәлелдеп тұр емес пе», дейді. Кеңес берер хаттар орнына, көмек болар іс керек Осылайша көп жылдан бері бітпей келе жатқан даулы ісін толықтай баяндаған кәсіпкер А.Нысанбаев өзінің 16 жылдан бері шағымданып келе жатқан талаптары заң жүзінде жетік қаралмағандықтан деп есептеуі салдарынан жүрек ауруына шалдығып, ақыры ота жасалғандығын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, «Кәсібім түгіл, денсаулығымды құртып тындым. Сондықтан да өле-өлгенше әділдіктен күдер үзбей, алдында айтылғандай, Бас прокуратураның (11.04.2013 ж. №2-012881 санды) хатында көрсетілген, яғни Бас көлік прокуратурасында жаңадан анықталған мән-жайға байланысты бұл істі қайта қарау турасында арыз беру мүмкіндігін қалпына келтіріп бере алатын тиісті орындардан көмек күтемін» дейді. Бұған біз де қосыламыз. Бірақ, әуелі оның үнін естір құлақ болса екен дейміз. Оның үстіне болары болып, бояуы сіңген істің түпкілікті шешімі әлдеқашан шығып кеткен деп алақан жаймайтын және жүрегі даулап даулы іске нүкте қоя алар біреулер табылар ма екен. Табылар, табылмас енді ол басқа әңгіме. Бірақ, жәбірленгенге қолұшын беру біздің қоғамның міндеті ғой. Ал жәбірленуші ретінде оның орасан зардап шеккені ақиқат. Мәселен, адвокат Н.Айдарханованың жазғанына назар аударсақ былай дейді: «Бас прокуратураның өкілі А.Жданованың 11.04.2013 ж. №2/18-402 хаты бойынша 3 айлық мерзімді қалпына келтіру турасында берген арыздарымыз, расы керек, бірде-бір сотта шешімін таппады. Бұлар А.Нысанбаевтың шығынының қайтарылмауына негіз болды. Себебі, «Достық» бекетінде «Құлжаның» екі вагон мақтасының ақшасын «Сиюй» фирмасы төлемегендіктен, А.Нысанбаев оны 65 тонна күрішке «Синь-Дянь» компаниясына өткізді. Ал 65 тонна күрішті Тараз қаласындағы үш мекемеге таратып берді. Кезінде өткізген ауыл шаруашылығының лемех, сегмент секілді кейбір бөлшектері ақшасын кейін төлемекші болып, сенімхатпен алып, АҚ «Керуен» автобазасының жүк көліктерімен тасыған болатын. Ал «Достық» бекеті ол мақтаны өз бетінше «Сиюй» фирмасына беріп жібергендіктен «Синь-Дянь» компаниясының арасында мүлік дауы туындағаны белгілі. Сонан аталған күріш пен «Құлжаның» бұрын мемлекеттік банктен алған несие қарыздарын төлеу үшін А.Нысанбаев өзінің бар малын, жиған-терген дүние-мүлкін, көлігін, үш бөлмелі пәтерін сатып және таныстарынан қарыз алған. Бұл зардап емей немене?». Бұған Аманқұл ақсақалдың Үрімжіде алты ай жазықсыз жатқаны, құқы тапталып қор болғаны, құқық қорғау органдарына үні өтпей, билікке сөзі жетпей айтарлықтай моральдық зиян шеккенін қосыңыз. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де ол ұзақ жылдар бойы Жамбыл облысының ауылшаруашылық саласында жауапты қызметтер атқарған еңбек ардагері. Құқық қорғау органдарына ісі түскенше тап осылай жабырқаймын, қайғырамын деп ойламапты. Шағымданған жиырма жылға уақыт ішінде құзырлы құқық қорғау органдарынан 121 рет кеңес беріп, ақыл айтқан хаттар алыпты. Бірақ, оның бірде-бірінің құқығын қорғауға септігі тимеген. Тіпті, баспасөзде бес мәрте жарияланған мақалалары да биліктің назарына түспеген көрінеді. Шырылдап шындықты айтып тұрсаң да шыбын шаққандай көрмейтін бұл неғылған қоғам деп қайғыра күрсінеді. Жазған арыздарының бәрі де билік орындарының бір-біріне сілтеуімен ғана аяқталатын көрінеді. Міне, осылайша: «Айта, айта Алтай­ды, Жамал апай қартайды», дегендей, кәсіпкерлікпен айналысам деп басы дауға қалып, ісі шырғалаңға айналған Аманқұл ақсақал да арызын айта-айта қартайды. Жабулы қазан жабулы күйін­де қалмаса игі. Өйткені, кінәлілері бел­гілі болған бұл оқиғаның сырын жасыр­ғысы келгендерді айыпқа тарта алу тек кәсіпкер А.Нысанбаев үшін ғана керек емес, ол заңның үстемдігін білдіріп, биліктің дәрмендігін танытса, екіншіден, құқық қорғау органдарының беделін арттыра түсер еді. Сөйтіп, енді о кісінің жанайқайын ұғатын, яғни қанша жерден немқұрайлылық орын алғанымен түптің-түбінде әділдік бар екенін және қи­налғанда қолұшын беретін тиісті құқық орындары бар екенін дәлел­дейтін, бір құзырлы органдар табылар деген үмітпен бұл мақа­ланы да аяқтаймыз. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».