Фото: Астана қаласының әкімдігі
Қала әкімдігінің мәліметінше, өткен түнде қаладан 3 146 ауыр жүк көлігінің рейсімен 42 мыңнан астам текше метр қар шығарылды.
9 қаңтар күні таңертеңгі ауысымда қар тазалау жұмыстарына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1 500-ден аса арнайы техника жұмылдырылды.
Жалпы қыс басталғалы бері қаладан қар полигондарына 155 982 рейспен екі миллион текше метрден астам қар шығарылған.
«Ең алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылып жатыр. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аулаларда, алаңдарда, жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамаларда қар тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға, жаяу жүргіншілер жолы мен көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыс та тәулік бойы атқарылады», делінген қала әкімдігі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, аула аумақтарының тазалығын қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің міндеті. Аталған ұйымдар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен мұздан уақытылы тазалауы тиіс.
Бұған дейін қала әкімдігі Астана тұрғындарынан аулаларын жаңартуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлаған.
Еске салайық, алдағы демалыс күндері Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.