Аймақтар • 09 Қаңтар, 2026

Өңірге дем берген өндіріс: Түркістан қалай түлеп жатыр?

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапарға «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев, Нұрсұлтан Байтілесов және Ерлан Әбдиев қатысты. Олар Ордабасы ауданына қарасты Бадам және Шұбарсу елді мекендеріндегі бірқатар маңызды нысандарды аралады, деп жазады Egemen.kz.

Өңірге дем берген өндіріс: Түркістан қалай түлеп жатыр?

Алдымен депутаттар Бадам ауылдық округіндегі индустриалды аймақта орналасқан Central Asia Aluminium Company серіктестігінің жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын алюминий профильдерін өндіреді. Мұнда 200 адам тұрақты еңбек етіп жүр. Жобаның алғашқы кезеңінде 4 млрд 400 млн теңге инвестиция салынған. Зауытта шығарылатын өнімнің басым бөлігі экспортқа жөнелтіледі.

Депутаттар бұл өндірісті Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық өнім көлемін арттыру және экспортқа бағытталған кәсіпорындарды қолдау жөніндегі тапсырмаларының нақты көрінісі деп бағалады. Өндірістің өңір экономикасына серпін беріп отырғаны айтылды.

түркістан

Сапар барысында аграрлық саланың мүмкіндіктері де назардан тыс қалған жоқ. Ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін қатар дамыту, аграрлық өнімді терең өңдеп, ішкі және сыртқы нарыққа шығару мәселелері сөз болды. Бұл бағыт Президент белгілеген негізгі басымдықтардың бірі екені атап өтілді. Осы мақсаттағы заңнамалық және институционалдық шаралар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қамтылған.

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев өндіріс пен ауыл шаруашылығы жобаларының ел үшін маңызын атап өтті. 

«Өңірлерде ірі өндіріс орындарының ашылуы экономиканы әртараптандыру саясатының нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Өндіріс пен ауыл шаруашылығын бірге дамыту өте маңызды. Парламент инвесторлар үшін қолайлы заңнамалық орта қалыптастыруға және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілетін арттыруға бағытталған жұмысты жалғастыра береді», деді ол.

Депутаттар Шұбарсу ауылында жуырда пайдалануға берілген 600 орындық Парасат жалпы білім беру мектебіне де барды. Бұл нысан «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында және Президенттің білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылған.

Өткен жылдың желтоқсан айында ашылған үш қабатты мектепте асхана, кітапхана, оқу залы, спорт және акт залдары, медициналық пункт және заманауи пәндік кабинеттер бар. Мұнда 70 жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Шұбарсу ауылы тұрғындары ең көп шоғырланған елді мекендердің бірі саналады. Ауылда 50000 астам адам тұрады. Қазіргі таңда 15 мектепте 12000 астам бала білім алып жүр. Жаңа мектеп осы жүктемені азайтып, білім сапасын арттыруға ықпал етіп отыр.

депутат

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев бұл жобаның стратегиялық мәніне тоқталды. 

«Білім беру инфрақұрылымын дамыту елдің болашағына салынған инвестиция. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан бұл жобалар ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын азайтуға бағытталған. Бұл партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі», деді Қ. Балабиев.

Жалпы өткен жылы Түркістан облысында 20 жуық жаңа мектеп пайдалануға берілген. Соның бесеуі Ордабасы ауданында орналасқан. Бұл өңірде әлеуметтік инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді.

Жұмыс сапарының соңында депутаттар жергілікті кәсіпкерлермен, аграрлық сала өкілдерімен және білім беру ұйымдарының басшыларымен пікір алмасты. Инвестициялық ахуалды жақсарту, ауыл шаруашылығы мен өндіріс кешендерін дамыту және өңірлерге жүйелі қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Айтылған ұсыныстар алдағы уақытта Мәжіліс қабырғасында жан жақты қаралатын болды.

Соңғы жаңалықтар