12 Мамыр, 2015

Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментіне тексеру жүргізілуде

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
12-05-2015-ak zhaiyk 01ОРАЛ. 12 мамыр. Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің қызметіне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тарапынан тексеру жүргізілмек. Оған Орал қаласында шығатын апталық газеттер редакцияларының біріне жолданған домалақ арыз себеп болған. Аты-жөндері көрсетілмеген шағым хаттың аяғына бір ауыз сөзбен «Ішкі істер департаменті ұжымы» деп көрсетілген. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Арызда департамент басшысы Махамбет Абисатовтың шектен шығатын қатаң тәртіп стилін талап ететіні айтылған. Соның ішінде ол кез келген жолмен қылмыстың ашылу деңгейін көтеру жөнінде қарауындағыларды қыспаққа алатын көрінеді. Домалақ арыз иелері бұған келіспейтінін айта келіп, көптеген полицейлер қажетті көрсеткішке қол жеткізе алмаған соң жасалған қылмысты амалсыздан жасыруға мәжбүр екенін мәлімдеген. Мұндай ісі үшін оларды прокуратура тағы «таяқтайтыны» белгілі. Соның салдарынан сақшылар өз еріктерімен қызметтерінен кетіп жатқанға ұқсайды. Сонымен бірге шағым хат иелері Абисатов қызметтік қарым-қатынастарда қарауындағыларды әдеп нормасымен сай келмейтін сөздермен сыбайтынын жазған. Ең соңында ішкі істер департаментіндегі арызданушылар Ішкі істер министрлігі Қалмұхамбет Қасымовтан департаментке тиісті тексеру жүргізіп, оның басшысына қажетті шара қолдануды өтінген. Өз кезегінде өткен аптада «Қазақстан Орал» телеарнасынан берілген брифинг барысында Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Сағат Мәдиев елді шулатқан домалақ шағым хатқа қатысты: «Ішкі істер министрлігі департамент қызметіне кешенді тексеру ісін бастап та кетті. Біздің жұмысымызда қандай да бір теріс іс-әрекеттің бар жоғын осы тексеру анықтайтын болады», – деді. Темір Құсайын. Дерек: egemen.kz. Сурет: azh.kz.
Соңғы жаңалықтар