Әскер • Кеше

Әскер беделі – ел беделі

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында ел қауіпсіздігі­нің тірегі саналатын әскери саланың өзекті мәселелеріне арнайы тоқталып, қоғам назарын алаңдатқан түйткілдерге ашық әрі салмақты баға берді. Президент ең алдымен кейін­гі жылдары жұртшылықты толғандырған сарбаздардың қаза табуы мен түрлі жарақат алу оқиғаларына айрықша назар аударып, әскери қызметтің беделін көтеру тек ұранмен емес, нақты іспен жүзеге асуға тиіс екенін, сарбаздың әлеуметтік жағдайы, құқықтық қорғалуы мен адами қадір-қасиеті толық сақталғанда ғана әскерге деген сенім нығаятынын жеткізді.

Әскер беделі – ел беделі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бейбіт заманда әлімжеттік секілді теріс үрдіс болмауға тиіс екенін тілге тиек еткен Президент қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алғанын жеткізді. Әскерде бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ екенін, ондай жайттарға жол берілмейтінін айтты. Сонымен қатар тексеру жұмыстары әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсеткенін, танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүргенін де жасырмады. Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келетінін сынға алды.

«Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын «Әскери қызмет­тің ауыртпалықтары мен қиын­шылықтарын табандылықпен көтеремін» деген сөзден әскери өмірдің қатаңдығын айқын аңғаруға болады. Әскери қызмет­тің абырой-беделін көтеру және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басым­дығының бірі» деген Мем­лекет басшысы Қарулы күш­тері­мізді технологиялық тұрғы­дан жаңғырту жұмысы қарқын­ды жүргізіле бастағанына да тоқталып өтті. Былтырғы әскери шеру армиямыздың заманауи қару-жарақпен және техникамен, соның ішінде өз елімізде жасал­ған өнімдермен толық жабдық­талғанын, сондай-ақ әскери қызметшілеріміздің дайындығы жоғары деңгейде екенін айқын көрсеткенін жеткізді.

«Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхбаты армияның мемлекеттің қорғанысын қамта­масыз ететін институт қана емес, маңызды әлеуметтік әрі тәрбие тетігі екенін тағы бір мәрте айқындап берді. Әскери қыз­мет­шілер үшін бұл жай ғана абст­рак­тілі сөздер емес, бұл – олардың күнделікті қызметі», дейді Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева.

п

Әскери саланың беделін көтеру туралы пікірге ой қос­қан ол 2025 жылы әскери қызмет­ші­лерді әлеуметтік қолдау жүйе­сінде орын алған өзгерістер шын мәнінде айқын көрініс тапқа­нын айтады. Офицерлердің де, қатар­дағы жауынгерлер мен сер­жанттық құрамның да лауазым­дық жалақыларын көтеру – жай ғана санның артуы емес, олардың мойнына артылған жауапкершіліктің мемлекет тарапынан мойындалуы екенін жеткізді. Сондай-ақ ол далалық қызмет үшін төлемдердің қалпына келтірілуі де айрықша маңызды болғанын, өйткені далалық жағдайда, оқу-жаттығуда және теңіз жорықтарында қызмет өткеру әскери еңбектің ең күрделі формасы екенін еске салды.

«Дегенмен армия дегеніміз – тек материалдық ынталандырудан тұрмайтыны белгілі. Ол ең біріншіден сарбазды тәр­биелейді. Мінезді, тәртіпті, парыз бен жауапкершілік сезім­дерін қалыптастырады. Бұл жерде коман­дирдің орны ерекше. Ол сөзбен тәрбиелеп қана қой­май, іспен де үлгі болуға тиіс. Сарбаз ко­ман­дирдің өз қызметі­не, қара­­мағындағы ұжымға, қиын­дық­тарға қалай қарайты­нын көре­ді. Сол себепті де Президент­тің армия­дағы адам капиталының ма­ңызы туралы сөзі әскери ортада қызу қолдау тапты», дейді ол.

Сонымен қатар А.Төлембаева әскери қызметшілер үшін жасалып жатқан жеңілдіктер, атап айтқанда, тұрғын-үй бағдар­лама­сының дамуы, мерзім­ді әске­ри қызмет сарбаздарын қолдау жайында пікірін білдірді. Оның айтуынша, «Отбасы банк» арқылы арнайы ипотекалық өнімдердің іске қосылуы әскери қызметшілер үшін шынайы әлеуметтік өсудің тетігіне айналған.

«Баспана алу мүмкіндігі – отбасы тұрақтылығының негізі әрі әскери қызметшіге көрсетілген анық қолдау. Сарбаздар мен офицерлер өз жақындарының ертеңі жарқын екеніне сенімді болғанда ғана армияның күш-қуаты артады. Ал мерзімді әскери қызмет өткеретін жастарға арналған «Мерзім 2.0» жобасына келсек, ол армияда Отан алдындағы борышыңды өтеу – жоғары білім алу мен болашақ кәсіби өрлеу жолының бастауындағы алғашқы баспалдақ бола алатынын көрсетті. Гранттардың ашық іріктелуі сарбаздар үшін әскердегі тәртіп, физикалық және жауынгерлік дайындық олардың болашағына тікелей ықпал ететіні туралы түсінік қалыптастырды. Бұл – қуатты тәрбие құралы», дейді ол.

Қорғаныс министрінің көмек­шісі әскери қызметтің өзі қиындықтардан тұратынын, жас жігіттер соның бәрін жеңе біл­генде ғана нағыз жауынгерге айналатынын жасырмады. Бүгін­де мемлекет тарапынан жаса­лып жатқан жан-жақты жағдайдың арқасында бұл қиындықтар жөн-жосықсыз ауыртпашылық емес, жеке тұлға ретінде өсіп-дамудың мүмкіндігі екенін көрсетіп отырғанын жеткізді.

«Президент сұхбатынан бай­қаға­нымыздай, біз қуатты, кәсіби әрі әлеуметтік жағынан қорғалған армия құруға бағыт алдық. Бұл бізге бір нәрсені ұқтырады: армия мемлекеттің тәуелсіздігі мен қорғаныс қабілетінің кепілі, сондай-ақ маңызды әлеуметтік өсім тетігі әрі азамат ретінде кемелдену мектебі екенін түсіне отырып, адал қызмет етуге, өзімізге де, өзгелерге де талапшыл болуға серт етуіміз керек», деп сөзін түйіндеді.

Біз Президент көтерген мәсе­ле­лер төңірегінде «ҚР Қарулы күш­терінің ардагерлері» РҚБ төр­ағасы, Халық қаһарманы, ар­мия генералы Мұхтар Алтын­баев­тың да пікірін білген едік. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы сұхбатында еліміздің Қарулы күштеріндегі жағдайға әділ баға берген. Әсіресе әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиындықтарын көтере білу туралы жастарға құлаққағыс етуі көпшілікке ой салғанын жеткізді.

«Әрбір облыс орталығынан еліміздің болашақ патриоттарын дайындайтын мамандандырылған арнайы әскери мектептер ашу туралы Президент тапсырмасын біз ерекше қуанышпен қарсы алдық. Онда негізінен әлеуметтік жағынан осал топтағы отбасылардан шыққан балалар оқымақ. Бұл – сөз жоқ, жақсы бастама. Осынау игілікті іске Қарулы күштердің ардагерлері де белсене араласып, өскелең ұрпаққа оң бағыт-бағдар береді», деген Халық қаһарманы ардагерлер әскери бөлімдерге барғанда өздерінің өмірлік бай, кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, жас командирлерге іс жүзінде де көмек көрсетіп тұратынына тоқталды.

М.Алтынбаевтың айтуынша, құрыл­ғанына 15 жылдан асқан республикалық қоғамдық бір­лестіктің филиалдары елі­міздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, 17 аймақ­тық және Астана, Алматы және Шымкент қалалық филиалдары бар.

«Қазіргі таңда әскери зей­не­ткер­лердің көбі әлі де – мем­лекеттік қызметте. Сонымен қатар бірқатары – аудандардың, облыстардың құрметті азаматтары. Аймақтық филиалдардың төрағалары ел дамуын айқындай­тын стратегиялық құжаттар мен Мемлекет басшысының Жолдау­лары бойынша әскери қызмет­шілер мен әскерге шақырылушы жастар арасында әскери-пат­риоттық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Өңірдегі өкілдер облыстық, қалалық, аудандық әскерге шақыру комиссияларының жұмысына тікелей қатысып, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлестерін қосып жатыр», деді ол.

Халық қаһарманы сондай-ақ Қарулы күштердің ардагерлері осы саладағы қордаланған мәсе­лелерді шешуге қолдау көр­сетіп, патриоттық тәрбиенің пәр­мен­ділігін арттыруға, еліміз­дің қорғаныс қабілетін нығайту ба­ғытында жұмыс істеуге әрқа­шан дайын екенін еске салды.

Мемлекет тарапынан әскер саласының дамуы мен Қарулы күштеріміздің нығаюына айрық­ша көңіл бөлініп отырғанын қазір­гі күндері депутаттардың өңір­­лерге жасап жатқан сапарларынан да айқын байқауға болады. Мәселен, өткен жылдың соңғы күні сенатор Қарағанды облысына жасаған сапары барысында елдің қорғаныс қабілетін нығайту бағытында жұмыс істеп жатқан «Steel Manufacturing» ЖШС патрон зауытының қызметімен танысып, кәсіпорынның өндіріс­тік технологиялық циклі мен экс­порт­тық әлеуетін зерделеген еді. Өз өндірісіміздегі жоғары тех­нологиялық оқ-дәрі шығару ұлттық қауіпсіздікті қамтама­сыз етудің және қорғаныс саласы­ның орнықтылығын арттыру­дың маңызды элементі екенін атап өтті. «Заң шығарушылардың міндеті – мемлекеттік қорғаныс тапсырысының тұрақты орындалуына қажетті жағдай жасау және отандық өндірушілерді қолдау. Бұл өнеркәсіптік әлеуетті нығайтып, ұлттық мүдделерді сенімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деп атап өтті депутат зауыт ұжымымен кездесуде.

Сапар қорытындысы бойынша әуе базасының ұлттық қауіп­сіздік жүйесі үшін стратегиялық маңызын атап өтіп, Парламенттің авиациялық паркті жаңартуға және әскери даярлық саласында цифрлық шешімдерді дамыту­ға бағытталған бастамаларды заңнамалық тұрғыда қолдауды жалғастыратынын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар