Құрылыс • Бүгін, 08:35

Құрылыс кодексі: ең алдымен – халық мүддесі

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Президент 9 қаңтар күні Құрылыс кодексіне қол қойды. Бұл – қоғам ара­сында өте белсенді талқы­ланған құжат болды: заң жобасына – 2 мың­­нан астам, ал оған ілес­пе заңдарға 260-тан аса түзету енгізіліпті. Осы түзетудің бәрі жұмыс тобының екі жыл ішін­де өткен 80 отырысын­да жан-жақты са­ралан­ған. Сан мәрте сүзгі­ден өткен құжатта лоб­бистік мүддеден гөрі аза­мат­тардың қауіп­сізді­гі мен құқы көбірек еске­рілген, дейді сарапшы­лар. Кодекстегі жаңашыл­дықтар шын мәнінде жүзеге асса, онда ол халықтың өмір сүру сапасына оңынан әсер ететін бірден-бір маңызды құжат болмақ.

Құрылыс кодексі: ең алдымен – халық мүддесі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл – қоғамның сұранысы

Құрылыс – экономиканың ең қарқынды дамып келе жат­қан салаларының бірі. Оның тиім­ді жүзеге асырылуы тек мате­риал­дық-техникалық базаға ғана емес, нормативтік-құқықтық тетік­тердің тиімді жетілдірілуіне де тікелей байланысты.

Бүгінде елімізде сәулет-құ­ры­лыс қызметін реттейтін 2,5 мың­­нан астам құжат бар. Са­рап­шылардың пікірінше, бұл заңнамалық құжаттарда бірізділік жоқ. Нормалары шашыраңқы. Әлсіз тұстары көп. Сапасыз құры­лыстың көбеюі, заңсыз нысан­дардың салынуы, нарыққа өз пай­дасын ғана көздейтін алаяқ ком­па­ниялардың емін-еркін кіруі – соның айқын дәлелі. Міне, осын­дай олқылықтардың орнын толты­рып, кем-кетікті түзеу үшін Мемлекет басшысы 2022 жылы Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Құрылыс кодексін қабылдауды тапсырған еді. «Бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілген. Жем­қорлық аз емес. Ескі құрылыс стан­дарттары мен нормалары әлі де қолданылады» дей келе Пре­зидент әрбір қаланың жер телім­дері мен коммуналдық желілер­дің схемасы көрсетілген функцио­налды интерактивті картасын қоса жасауды тапсырған болатын.

Сол сәттен бастап, Кодексті нарық пен қоғамның сұранысына сай жобалау, халықаралық талап­тарға сай келетіндей етіп қа­лыптас­тыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алына бастады. «Жоба Мәжіліске алғаш түс­кен кезде оның мазмұны әлі де пісіп-жетілмеген, толыққанды жүйе­лік құжат деңгейіне жетпеген еді. Құқықтық олқылықтар, қай­шылықты нормалар, шала тұжы­рымдар көп болды. Деген­мен Мәжіліс қабырғасында түйт­кілдермен бетпе-бет келгенде үл­кен жұмыс басталды. Жұмыс топ­тарында қоғам өкілдері нақты ұсы­ныстарын білдіріп, жобаға өмір­мен үндес мазмұн қоса түсті» дей­ді «Egemen Qazaqstan» газетіне жаз­ған мақаласында Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов.

Құрылыс кодексінің ноба­йын жасау барысында жұмыс тобына ел азаматтарынан, белгілі құ­ры­лыс, архитектура мамандарынан, қоғам қайраткерлері­нен мыңдаған ұсыныс-пікір келіп түскен. Соның бәрі заң жобасын жасарда ескерілген екен. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, жұмыс тобына келіп түскен бірде-бір ұсыныс назардан тыс қалмаған. Әлеуметтік желілердегі пікірлер де зерделеніп, Кодекстің нормаларын өзгертуге септігін ти­гізген. «Құрылыс кодексі – бүкіл қоғамға қатысты маңызды құ­жаттардың бірі. Себебі аза­мат­­тардың өмір сүру сапасы мен жай­лылығы, қауіпсіздігі құ­ры­лыс саласына, тұрғын үй ны­сан­­дарына тікелей байланыс­ты. Сон­дықтан біз заң жобасын­да құрылыс салушылардың емес, ел азаматтарының мүддесін ал­дың­ғы қатарға қойдық. Жалпы, Құ­рылыс кодексі – құрылыс бизнесін қорғау туралы құжат болмауы керек, ол ең алдымен азаматтардың құқықтарын қорғауға қызмет етуге тиіс» дейді депутат.

 

Жосықсыз құрылысты жөнге келтіреді

Қоғам белсенділерінің құры­лыс мәселесінде қарапайым тұр­ғын­дарды қорғайтын нормаларды бірінші кезекке шығаруы бекер емес. Бүгінге дейін осы салада жылдар бойы жинақталып қалған жүйелі проблемалар аз болған жоқ. Әсіресе құрылыс сапасы – жиі сынға ұшырайтын мәселенің бірі. Мұның себебін сарапшылар құрылыс сапасына берілетін кепілдік мерзімінің қысқаруынан көреді. «Осыдан біраз жыл бұ­рын белгілі бір топтардың ықпа­лымен құрылысқа кепілдік беру мерзімі 10 жылдан 2 жылға дейін қыс­қартылды. Бұл өзгеріс құры­лыс нарығында түбегейлі бетбұ­рыс жасады. Соның салдары­нан құрылысшының ұзақмерзімді жауапкершілігі жойылды, сапа­ға деген талап төмендеді, тір­нек­теп жинаған ақшасын баспа­наға құйған азаматтардың қауіп­сіздігі. Осын­дай келеңсіз мәселелер жайына қалды нарық­тың заңы емес, жүйедегі қате ше­шімнің нәтижесі екені айқын. Сапа кепілдігі қысқарған сайын, құрылыс сапасы да құлды­райтыны анық», дейді М.Әбенов.

Құрылыс сапасының төмен­деуіне әсер еткен тағы бір жүйелі себеп – мемлекеттік бақылаудың күрт қысқаруы. «Бизнесті қолдау» деген уәжбен бұрын 100 па­йыз мемлекеттік сараптамадан өте­­тін жобалардың үлесі 14 па­йызға дейін төмендеген. Құ­ры­лысы аяқталған нысандар­ды пай­далануға берудегі мемлекеттің қабылдау рәсімі де іс жүзінде жойылған, яғни мемлекет құры­лыс үдерісінің ең маңызды кезең­дерінен шеттетілді. Ал ба­қылау болмаған жерде жауап­кершілік те әлсірейді. «Құрылыс – сынақ алаңы емес. Мұнда әрбір қателік­тің артында адам тағдыры, оның денсаулығы мен қауіпсіздігі тұр. Сондықтан бізге құрылыс саласындағы теңсіздіктерді реттеп, сапаны қайтаратын, елдің үмітін ақтайтын заң керек. Осы тұрғыдан Құрылыс кодексі салада қордаланып қалған түйткілді мәселелердің басты шешімі болды», дейді депутат.

 

Құжаттың қабылдануы – жаңа кезеңнің басталуы

Мәжіліс депутаты Бақытжан Ба­зарбек Құрылыс кодексінің қа­был­дануымен жүйеде жаңа ке­зең басталғанын айтады. Кодек­с­тегі жаңа­шылдықтарға тоқталған де­пу­тат алдымен адамның мұң-мұқ­­та­жын назарға алғанын жет­кізді.

Бүгінге дейінгі заңдық нормаларда құрылыс салушыларға едәуір жеңілдіктер жасалып келгені мәлім. Мысалы, кез келген құрылысқа, ғимаратқа кепілдік мерзімі беріледі. Құрылысы аяқталған тұрғын үйге небәрі 2 жыл кепілдік беріліп келді. Осы мерзім біткеннен кейін құры­лыстағы кемшіліктерді тұрғын­дар өз есебінен жөндеуі керек. Ал Құрылыс кодексінде бұл мерзім 10 жылға ұзартылды. Нақтырақ айтсақ, үйдің тірек конструкцияларына, шатыр, қасбет пен іргетасқа – 10 жылға, құрылыс нысанына кепілдік беру уақыты 5 жылға ұзарды.

Құрылыс кодексі аясында қоғам үшін айрықша маңызды бірқатар шешімнің бірі – сейс­микалық қауіпті аумақтарға құрылыс жүргізуге тыйым са­лы­нуы. «Осы тұрғыда көп жыл­­дан бері алматылықтарды алаң­­датып келе жатқан, талай мәр­­те ай­тылған, бірақ нақты шеші­мін таппаған мәселе заң дең­гейінде бекітілді. Тау бөк­тер­лерінде, сел және лай көшкіні қаупі бар аумақтарда құрылыс салуға тыйым салынды. Бұл – жай ғана шектеу емес, халықтың жылдар бойы жиналған мұң-мұқ­та­­жына берілген нақты жауап. Қала қауіпсіздігі бірінші орынға шықты. Бұдан былай сел, көшкін қаупі бар таулы аймақтарда көпқа­батты тұрғын үйлердің салынуы­на жол берілмейді», дейді депутат.

Сейсмикалық қауіпті аумақ­тар мен көшкін қаупі бар жерлер арнайы картаға да енгізілетін болды. Бұл карталар енді формалды құжат емес, құрылыс шешімдерін қабылдауда негізге алатын басты құжатқа айналмақ.

Депутаттардың айтуынша, бұл талаптар тек Алматы қаласымен шектелмейді. Сейсмикалық және табиғи қаупі жоғары алты өңірде – Жамбыл облысында, Түркістан облысында, Алматы, Шымкент қалаларында, Жетісу облысында – құрылыс жүргізуге қатаң шектеулер енгізіледі.

Сонымен қатар заңнама­ға алғаш рет «тектоникалық бұзы­лыс» деген ұғым енгізіліп отыр. Бұл – құрылыс қауіпсіздігін баға­ла­уда жаңа, маңызды ғылыми өлшем.

Кодексте белгіленген екінші маңызды бағыт – азаматтарды пай­да­күнем құрылыс компания­ларынан қорғау. Құрылыс саласында халықтың сенімін пайдаланып, қаржысын жинап алып, нысанды аяқтамай кететін жа­уапсыз компаниялар аз емес. Осы олқылықтың алдын алу үшін құрылыс компанияларының арнайы реестрі енгізіледі. Егер сот шешімімен компанияның заңбұзушылығы дәлелденіп, үкім заңды күшіне енсе, ол компания үш жыл бойы құрылыс жүргізу және азаматтардың қаражатын құрылысқа тарту құқынан айырылады.

Саябақтар мен рекреациялық аймақтарды қорғау мәселесі де Кодексте маңызды сала ретінде енгізіліп отыр. Депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, кейінгі жылдары көптеген саябақ, жасыл аймақ, демалысқа арналған жерлер түрлі компаниялардың ығында кетіп, олардың орнына тұрғын үй құрылыстары жүргізілген. Енді бұл тәжірибеге заңмен тыйым салынды. Рекреа­циялық аймақтарды тұрғын үй құрылысына ауыстыруға жол берілмейді.

Маңызды тағы бір жаңа­лық – бас жоспарлар мен егжей-тег­жей жоспарлау құжаттарының тағдыры. Бұдан былай бұл құжат­тарды құрылыс компаниялары өз мүддесіне қарай өзгерте алмайды. Қала құрылысы шешімдері міндетті түрде қоғамдық тыңдау­лардан өтеді, халықтың пікірін, мұң-мұқтажын ескере отырып қабылданады. Тек қағаз жүзінде емес, құрылыс барысының өзінде де қоғамдық бақылаулар болады. «Кез келген елді мекеннің бас жоспары болуға тиіс, қалған жобалар осыған сәйкес жүзеге асуы керек. Бүгінге дейін бас жоспарлар құрылыс компаниялардың пайдасына қарай өзгертіле бер­ген. Соның зардабын қазір қара­пайым халық тартып отыр. Қала­ларда қаптаған құрылыс нысан­дары бар, бірақ қасында балабақ­ша, мектеп жоқ. Жұрт балаларын алысқа тасуға мәжбүр. Енді ег­жей-тегжей жоспарлау жобасы бір­ден 5 жылға дайындалады. Бұ­рын бір жылда екі реттен өзгер­тіле берген. Енді екі жылда бір рет қана өзгертуге рұқсат етіледі, оның өзінде дәлелді себептері болуы керек», дейді депутат.

Құрылыс үдерісінің барлық кезеңін – бастапқы жоспардан бастап нысанды пайдалануға беру кезеңіне дейін қамтитын Бірыңғай құрылыс порталы іске қосылатыны да белгілі болды. Құрылыс саласындағы мамандарды міндетті сертификаттау және барлық үдерісті бірыңғай цифрлық реестр арқылы бақылау да құжатқа енгізіліп отыр.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың инфрақұ­рылым мен ғимараттарға кедергі­сіз кіруі үшін қойылатын талаптар да қатаңдатылды. Сараптамалық қызмет нарығын реттеу саласына да бақылау орнатылды. Енді адамдар көп жиналатын нысандарға қатысты сараптаманы жүргізу құқығы тек мемлекеттік органның құзырында болады.

Құрылыс кодексі құрылыс қоғам­дастығына да, кәсіпкерлерге де оңайға тимеген сыңайлы. «Құрылыс кодексінің жоба­сын талқылау мен әзірлеу кезінде бизнесте бірқатар норма құры­лыс сапасының артуына емес, үдерістердің күрделенуіне, әкім­шілік кедергілердің өсуіне әкеледі деген алаңдаушылық бол­ды. Сала үшін бақылау тетік­те­рінің саны емес, олардың тиім­ділігі мен болжамдылығы маңыз­ды», дейді «Атамекен» ҰКП бас­қар­ма төрағасының орынбасары Назира Үсенова.

Жаңа Құрылыс кодексі биыл­ғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Оның іс жүзінде қаншалықты тиімді жұмыс істей­тіні мемлекет пен қоғамға байланысты, дейді сарапшылар.

Соңғы жаңалықтар