Спорт • Бүгін, 08:53

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов өз еркімен қызметінен кетті. Оның орнына Нұржан Насанов тағайындалды. 50 жастағы маман бұған дейін республикамыздың бас командасының бапкерлер штабында болды. Сондай-ақ жан­күйерлер Насановты 48, 50 кг салмақ дәрежелерінде жұды­рық­тасып, әлемнің екі дүркін чемпионы, Азия біріншілігінің жеңім­пазы атанған Санжар Тәшкенбайдың жеке жаттықтырушысы ретін­де біледі. Ал жастар құрамасына жетекшілік еткен Мақсат Бақты­­базаровтың орнына атақты боксшы, Бейжің Олимпиадасы мен Азия ойындарының жеңімпазы Бақыт Сәрсекбаев келді.

Жарыс күнделігі

Коллаж: Kazpravda.kz / Адильбек Тауекелов

  • Жақында белгілі альпинист Анар Бурашева Антарктидадағы Винсон тауына шықты. Сөйтіп, оның есімі Орталық Азия бо­йынша әр құрлықтағы ең биік жеті шыңды бағындырған тұңғыш әйел ретінде тарихта қалды. Бұған дейін Анар Эверест (8818 метр, Азия), Аконкагуа (6962 метр, Оңтүстік Америка), Денали (6194 метр, Солтүстік Америка), Килиманджаро (5895 метр, Африка), Эльбрус (5642 метр, Еуропа), Карстенс Пирамидасы (4884 метр, Аустралия) тауларының ұшар биігінен шыққан. Осы жоспарды жүзеге асыруға қазақтың қайсар қызына екі жыл уақыт қажет болды.
  • Үш жылдан кейін елімізде тағы бір заманауи футбол стадионы бой көтереді. Нақтылап айтсақ, биыл Атырауда 12 мың көрерменге есептелген спорт нысанының құрылысы басталады. Оны 2029 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар сол қалада орналасқан «Мұнайшы» стадионы жаңғыртудан өтіп, мүмкіндігі 8 мың адамды қабылдауға дейін жеткізіледі.
  • Жеңіл атлетика федерациясының президенті Ольга Рыпакова қызметінен кетті. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Оның қоржынында Олимпиаданың толық жүлде жиынтығы – алтын да, күміс те, қола да бар. Әлем чемпионатында үш рет жүлдегерлер қатарынан көрініп, жабық ғимараттағы әлемдік додада дара шықты. Жазғы Азия ойындарында төрт мәрте мерейі үстем болып, Дүниежүзілік Универсиада, басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Міне, сол атақты спортшы өз орнын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ниясы» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновке босатты. Өзі аталған федерацияның құрметті президенті болып қалады.
Соңғы жаңалықтар