Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жаңадан тағайындалған АҚШ елшісі Джордж Кролмен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы түрлі салалардағы, оның ішінде экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы пікір алмасулар болды.
Б.Сағынтаев өз кезегінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан 5 институттық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысы туралы әңгімеледі. Сөйтіп, аталған реформалардың Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестікке қосымша серпін беретінін баса айтты.
Екі тарап Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуы республикаға жаңа экономикалық көкжиек ашатындығына сенім білдірді. Отандық кәсіпорындар үшін шетелдік нарықтарға шығуға жол ашылады, ал тұтынушылар тауарлар мен қызметтерді таңдауда кең мүмкіндіктерге ие болады.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары АҚШ елшісін жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, өзара тиімді қазақстандық-америкалық ынтымақтастықтың одан әрі жалғасатындығына үміт артатынын жеткізді.