24 Наурыз, 2015

Франциядағы өңірлік сайлауда Саркози партиясы жеңді

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

24-03-15-sarkozi-1

АСТАНА. 24 наурыз. Францияда кеше қорытындысы шыққан өңірлік сайлауда елдің бұрынғы президенті Николя Саркозидің (суретте) партиясы жеңіске жетті. Осылайша ол жергілікті сайлаудың бірінші айналымында алдына жан салмады. Бұл туралы ВВС хабарлады. Бұдан бір күн бұры, жексенбі күні Ұлттық майданның жетекшісі Марин Ле Пен ханым сайлаудан өздерінің жеңіп шығатындарын мәлімдеген еді. Бірақ сайлау қорытындысы мұны жоққа шығарды. Дегенмен, бұл сайлау Францияда үшінші саяси ықпалды күштің де пайда болғанын анық аңғартып берді. Осының нәтижесінде қазіргі билік басындағы партия үшінші сатыға сырғып кетті. Сайлау алдында Ле Пен партиясы иммиграция мен еврейлерге қарсы саясат жүргізетінін мәлімдеген еді. Бұған қоса, ол Ресеймен жақсы достық қарым-қатынаста болатындарын да жасырмай айтып келеді. Алайда, мына сайлаудың нәтижесі оның енді 2017 жылғы президент сайлауындағы мүмкіндігін де әлсірете түседі. Сайлаудың алдын ала жарияланған ресми деректері мен экзит-полл нәтижелері сәйкес келді. Онда Саркози партиясы мен оның одақтастарының сайлаушылардың 30 пайыз, ал Ұлттық майданның 26 пайыз дауыс алғаны айтылған болатын. Сайлау алдындағы зерттеулер бойынша, оңшылдар мен әсіреоңшылдардың алдағы саяси бәсекеде таласқа түсетіні де анықталған еді. Францияның қазіргі президенті Франсуа Олландтың жақтастары - социалистер 21 пайыз дауыспен үшінші орын алды. Саркози Ұлттық майданмен қандай да бір альянс құрмайтынын мәлімдеп те үлгерді. Мұрат Айтқожа.