Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz
Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаеваның және жұртшылықтың қатысуымен өткен салтанатты жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев саламатты өмір салтын ұстанудың маңызын атап өтіп, жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Біздің әр бастамамыз елдің бірлігінің арқасында жүзеге асып келеді. Соның дәлелі «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынған инклюзивті спорт орталығы. Жобаны іске асыруға 2,9 млрд теңге бөлінді. Мұнда спортшыларымызға арналған волейбол, күрес, жалпы дене дайындығы залдары бар. Бір мезетте 131 адамның спортпен жүйелі шұғылдануына мүмкіндік жасалған, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қосқан елеулі үлесі үшін Ләззат Шыңғысбаева басқаратын «Қазақстан халқына» қоры ұжымына Сыр жұртшылығының атынан алғыс айтты.
Жалпы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры өңірдегі маңызды әлеуметтік бастамаларға 12 млрд 851 млн теңге бағыттаған. Соның ішінде ауыл мектептерінің материалдық базасын нығайтуға 5 млрд теңгеден аса қаржы қаралса, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында 5 млрд теңгенің жобалары іске асырылып келеді.
Спорт инфрақұрылымын дамытуға бөлінген 2 млрд 728 млн теңгеге өткен жылы Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері салынып, пайдалануға берілді. Сырдария, Қармақшы аудандарындағы спорт нысандары жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Кәсіпкерлер, ұлттық компаниялар мен спорт федерациялары да облыс тұрғындарының бұқаралық, кәсіби спортпен айналысуына мүмкіндік жасап отыр. Осының арқасында 4 жылдан бері 23 спорт нысаны, 20 спорт кешені салынды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендерде тағы 4 спорт кешені ел игілігіне табысталады. Аймақта алғаш рет ерлер мен әйелдерге арналған «Қызылорда бокс клубы» жұмысын бастады. Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы мен Жалағаш ауданының орталық стадионы күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Жергілікті кәсіпкерлер демеушілігімен 1 млрд 600 млн теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды.
Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі аумағы 25 мың шаршы метрлік «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені болып отыр. Бұл нысанда олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн, Азия, әлем чемпионаттарын өткізуге арналған 2 500 орындық зал, олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары болады.
Қызылорда